Ақсудағы жаз: аула клубтары мен құтқарушылар сыйлаған ерекше әсер
Жазғы демалыс – тек ойын мен серуен ғана емес, жаңа білім мен қызықты тәжірибенің де уақыты. Павлодар облысы, Ақсу қаласында аула клубтарының жұмысы қарқынды жалғасып, жүздеген бала бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуде.
Аула клубтарында балалар қолдың ұсақ моторикасын дамытып, түзету-дамыту сабақтарына қатысады, спортпен шұғылданып, театрландырылған ойындар арқылы шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. Сондай-ақ клубтар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жазғы кезеңде бұл жұмыстармен 360 бала қамтылған.
Ал «Эко-әлем» бейінді лагерінде өткен ерекше кездесу балаларға ұмытылмас әсер сыйлады. Төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндірушілер, Қызыл Жарты Ай қоғамы мен полиция қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін қызықты форматта түсіндіріп, арнайы техникалар мен жабдықтарды таныстырды.
Балалар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағына қатысып, өртті арнайы оқу макетінде өз қолдарымен сөндіріп көрді. Тіпті өрт сөндіру көлігіне отырып, өздерін нағыз құтқарушы ретінде сезінді. Ал кездесудің ең жарқын сәті қонақтар ұйымдастырған «Сиқырлы жаңбыр» болды.
Осындай тағылымды іс-шаралар балалардың жазғы демалысын қызықты етіп қана қоймай, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да үлкен үлес қосуда. Бақытты балалық шақ – жарқын болашақтың кепілі!
Загрузка...

