НЕГІЗГІ ҰБТ-2026 АЯҚТАЛДЫ: ТЕСТІЛЕУГЕ 233 МЫҢНАН АСТАМ ТАЛАПКЕР ҚАТЫСТЫ
16 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында 2026 жылғы негізгі ҰБТ қорытындыларына арналаған брифинг өтті. Брифинг барысында тестілеу нәтижелері жарияланып, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау науканының барысы туралы айтылды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Г.Жарасова, төраға орынбасары Ж.Есинбаева, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» ШЖҚ РМК директорының орынбасары Н.Дидарбекова қатысты.
Негізгі ҰБТ-2026 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндігін қоса есептегенде ҰБТ-ны 422 мың рет тапсырды. Қатысушылардың басым бөлігі тестілеуді қазақ тілінде таңдады (73,1%). ҰБТ-ны орыс тілінде талапкерлердің 26,8%-ы тапсырса, 383 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
Биыл да ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика – Физика» болды. Бұл комбинацияны талапкерлердің 18,2%-ы таңдады. Одан кейін «Биология – Химия» (14,4%) және «Шығармашылық емтихан» (12,4%) комбинациялары орналасқан.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары мемлекеттік білім беру гранттарының басым бөлігі инженерлік, техникалық бағыттарға бөлінеді. Сондықтан «Математика – Физика» комбинациясын көп талапкерлердің таңдауы – заңды құбылыс деп есептейміз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Жарасова.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырды. Тестілеу тапсырмаларының жалпы саны – 120, ең жоғары балл – 140, ал тестілеуге берілетін уақыт – 4 сағат (240 минут).
Ғылым және жоғары білім министрлігі барлық талапкерлер үшін жоғары білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800-ге жуық талапкер өтініш берді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылы мұндай талапкерлердің саны небәрі 90 болған. Көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт беріледі, сондай-ақ тестілеуден өтуге арналған арнайы жағдайлар қарастырылған.
Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің ҰБТ-ға сапалы дайындалуына бағытталған сервистерді жетілдіруді жалғастыруда. Тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір қатысушы өз нәтижелері бойынша тақырыптық талдауға қол жеткізе алады. Бұл талапкерлерге әр пән бойынша қай тақырыптарды жақсы меңгергенін және қай бағыттарда дайындықты күшейту қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында тест тапсырмалары әзірленген оқулықтардың тізімі, тарихи даталар, терминдер мен әдеби шығармалардың тізімі жарияланады.
Қазіргі таңда мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау жалғасуда. Құжаттарды 20 шілдені қоса алғанға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары (оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары) немесе eGov.kz порталы арқылы тапсыруға болады. Конкурсқа қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, білім туралы құжат, фотосурет және қажет болған жағдайда жеңілдік санаттарын растайтын құжаттар ұсынылады.
Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін жарияланады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Загрузка...