«Балдәуренге» ауылдағы дарынды оқушылар жолдама алды

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауылдық елді мекендерден, шағын және моноқалалардан шыққан дарынды оқушыларды Ақмола облысы Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жазғы демалысқа жіберді. Балалар дарынды оқушыларды қолдауға және олардың жан-жақты дамуына тең мүмкіндік жасауға бағытталған «QH Жаздық жолдама-2026» қайырымдылық жобасының қатысушылары атанды.

Ауысымға 10-14 жас аралығындағы бір жүз тоқсан екі оқушы қатысты. Олар – зияткерлік олимпиадалардың, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары және жүлдегерлері, сондай-ақ мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын оқушылар. Іріктеу объективтілік, ашықтық және меритократия қағидаттарына сәйкес жүргізілді. Ұйымдастырушылар еліміздің әрбір ауданы, шағын және моноқаласынан бір оқушыдан іріктеді. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы осы жобаны іске асыру алаңы ретінде айқындалды. Ол Бурабай курорттық аймағында орналасқан еліміздегі балалардың демалысы мен сауықтыруын ұйымдастыратын жетекші орталықтардың бірі саналады.

– Балаларды қолдау – Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі. 2023 жылдан бері «QH Жаздық жолдама» жобасы аясында Қазақстанның ауылдық елді мекендерінен 49 мың 465 бала сапалы демалып, денсаулығын нығайтып, дамыту бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жобаны одан әрі дамыта отырып, біз Мемлекет басшысы қойған балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау және олардың әлеуетін ашу жөніндегі міндеттерді жүзеге асырып келеміз, – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.

Биыл жоба жаңартылған форматта жүзеге асырылуда. Сауықтыру мен демалыстан бөлек қатысушылар үшін зияткерлік, көшбасшылық және коммуникативтік дағдыларды дамытуға, сондай-ақ қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен, тілімен және рухани құндылықтарымен таныстыру арқылы ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған білім беру, шығармашылық және мәдени-танымдық бағдарлама әзірленді. Ауысым бағдарламасына зияткерлік ойындар, шығармашылық және музыкалық байқаулар, «Таза Қазақстан: игі істер маршруты» экологиялық квесті, спорттық жарыстар, концерттер, тақырыптық кештер, білім беру және мәдени-танымдық іс-шаралар енгізілген.

«Қазақстан халқына» қоры балалардың «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 10 күндік демалысын толық қаржыландырады. Оған тұру, күніне алты мезгіл теңгерімді тамақтану, білім беру, мәдени және сауықтыру бағдарламалары, медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ әрбір қатысушыны брендтелген киім және аксессуарлар жиынтығымен қамтамасыз ету кіреді. «QH Жаздық жолдама-2026» жобасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыстық білім басқармалары және «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бірлескен серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.

«QH Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан соңғы үш жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында жоба бойынша 49 мың 465 бала жазғы демалыспен қамтылып, оны іске асыруға Қор 5,3 миллиард теңге бағыттады.

Анықтама үшін: «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы – Щучье көлінің жағасында, Бурабай курорттық аймағында орналасқан еліміздегі балалар демалысын ұйымдастыратын жетекші ғылыми-әдістемелік орталық. Орталық халықаралық стандарттарға сай бассейндермен, емдеу кабинеттерімен, әмбебап жабындысы бар спорт алаңдарымен және қоры 20 мыңнан астам кітапты құрайтын заманауи кітапханамен жабдықталған.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий