Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі ұлт тарихының академиялық басылымы

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын әзірлеу жөніндегі Редакциялық алқаның өткен аптаның бейсенбі күні ұйымдастырылған қорытынды отырысында отандық тарихшылардың ортақ жұмысын ұлттық жобаға теңдесетін үлкен еңбек деп бағалады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық тарих мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің жаңа бастамалары мен идеялары отандық тарих ғылымына түбегейлі бетбұрыс әкелді. Аз уақытта кем дегенде он жылдар бойы атқарылатын ауқымды жұмыстар бірден қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Рас, үш тілде қатар шығатын бұл академиялық басылым – қатардағы зерттеулердің жиынтығы емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық жобаға тең келетін іргелі еңбек. Ал халқымыздың жылнамасын жазу – ұлтқа, ұлт мүддесіне қызмет етудің жарқын бір көрінісі. Академиялық басылымды әзірлеу барысында ұлттық тарих ғылымы өзінің әлеуеті зор екенін анық көрсетті. Тарихшыларымыз ортақ мүдде жолында ынтымақтаса алатынын анық аңғартты. Сондай-ақ тарихшы ғалымдарымыздың бәрі кәсіби біліктіліктерінің жоғары екенін дәлелдеді, – деді ол осы он төртінші басқосудың барысында.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жедел қолға алынған осы көптомдықты жазуға үш жүз елуден астам ғалым атсалысқанын білдік. Олардың қатарында шетелдің жетекші мамандары да бар. Атап айтқанда, Ресей, АҚШ, Түркия, Жапония, Польша, Италия, Болгария, Украина, Аустралия, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан секілді он екі мемлекеттің елу алты авторы жеке ізденістері негізінде жаңаша жазылған зерттеу еңбектерін ұсыныпты және жобалық нұсқаны әзірлеу барысында 90 архивтің (шетелдік мұрағаттардың саны – 35) және музейдің материалдары пайдаланылған екен.

Бұқаралық ақпарат құралдарына хабарланған ресми мәліметке сүйенсек, жалпы тоғыз мемлекеттен бес мыңнан астам архивтік құжаттар әкелінген көрінеді. Бұрын-соңды беймәлім болған тың деректер ғылыми айналымға енгізілген. Қытай, Ватикан мұрағаттарынан жаңа деректер табылғаны да айрықша атап айтылды. Еске салсақ, егемен еліміздің жеті томдық академиялық басылымын әзірлейтін Редакциялық алқа былтырғы мамыр айының 15-інде құрылған болатын. Бұл ұйымшыл ұжым ғылыми, редакциялық және сараптамалық жұмыстарды үйлестірумен айналысқандықтан барлық отырыстарды ашық форматта жүргізген еді. Әрбір жиын фотоға, бейне таспаға, стенограммаға түсіріліп, аудиолары жазылып алынғаны белгілі болды. Сондай-ақ барлық сөйлеушілердің пайымды пікірлері мен ұтымды ұсыныстары арнайы хаттамалар бойынша рәсімделіпті.

– Бүгін шын мәнінде тарихи оқиға болды. «Қазақстанның ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеудің негізгі ғылыми-әдіснамалық кезеңі аяқталып, барлық жеті томның қорытынды қолжазбасы бекітілді. Бұл іргелі еңбекті әзірлеу жұмысы ҚР Президентінің бастамасымен қолға алынды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бес жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» (05.01.2021 ж.) тақырыбындағы академиялық мақаласында дербес мемлекетіміздің жаңа тұрпатта түсіндірілетін терең тарихын заманауи ғылыми тәсілдерге, тың дереккөздерге және өткенімізді объективті зерделеуге негіздей отырып дайындау міндетін қойған болатын, – деп жазды сол күні Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

– Жеті томдықтың артында ауқымды ұжымдық еңбек тұр. Жобаға бес жетекші ғылыми-зерттеу институты, археология, антропология, этнология, философия, әдебиеттану, тіл білімі және саясаттану салаларының мамандары қатысты. Отандық және шетелдік ондаған архив пен музейдің материалдары зерттеліп, ғылыми айналымға бұрын белгісіз болған көптеген құжаттар енгізілді. Олардың қатарында Қытай мен Ватикан архивтерінен алынған дереккөздер де бар. Әрбір том бірнеше кезеңнен тұратын ішкі және сыртқы ғылыми сараптамадан өтті, ал күрделі әрі даулы мәселелер ғылыми қауымдастық арасында қайта-қайта талқыланып, жан-жақты сараланды.

Бейіндік ведомствоның жетекшісі осы ретте Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерлан Тынымбайұлының еңбегі ерекше екендігіне тоқталған. Себебі оның төрағалығымен редакциялық алқа жұмысы жүйелі, дәйекті әрі принципті сипат алды. – Бір жылдан астам уақыт бойы ай сайын дерлік әрбір томды жеке қарап, ең күрделі тарихи мәселелерді талқылап, ғылыми негізделген шешімдер іздедік. Оның әрбір детальға мұқият қарауы, жоғары талап қоюы және іске тікелей атсалысуы осы ауқымды жобаның табысты аяқталуына шешуші ықпал етті. Бұл – жай ғана тарихи деректер жинағы емес. Қазақстан тарихы алғаш рет ежелгі дәуірден, түркі кезеңі мен Жошы Ұлысынан бастап, Қазақ хандығы, өткен жиырмасыншы ғасыр және қазіргі тәуелсіз жұртымызға дейінгі біртұтас әрі үздіксіз өркениеттік үдеріс ретінде ұсынылып отыр. Ең маңыздысы – өткенімізді жаңаша ғылыми тұрғыдан пайымдау мемлекеттік құжаттарда да көрініс табуда. Жаңа Конституцияның преамбуласында «Ұлы Даланың мыңжылдық мұрасын сақтай отырып» деген тұжырымның бекітілуі – мемлекетіміздің тарихи тамырының тереңдігін, өткен, бүгін және болашақ арасындағы сабақтастықты айқындайтын маңызды қағида. «Өз тарихын білмеген халықтың болашағы бұлыңғыр», – деген қанатты сөздің мәні бүгін бұрынғыдан да айқын сезіледі, – дейді министр осы жазбасында.

– Алда әлі де ауқымды редакциялық жұмыстар күтіп тұр: әдеби өңдеу, стильдік біріздендіру, карталар мен иллюстрацияларды әзірлеу, аудару және беттеу. Дегенмен бүгін біз ең бастысы – ғылыми кезеңнің толық аяқталғанын сеніммен айта аламыз. Осы іргелі еңбекке өз білімін, тәжірибесін және ұзақ жылғы еңбегін арнаған барлық ғалымдарға, авторларға, сарапшыларға, редакторларға және ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін. Әдетте біз тарихты зерттейміз. Ал бүгін өзіміз де үлкен тарихи оқиғаның бір бөлшегіне айналдық.

Өмірзақ Озғанбайұлы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде елімізге танымал тұлға. Сексен бес жастағы аға буын абыз ақсақалдың ғибратты ғұмыры тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері, Педагогика ғылымдары академиясының академигі әрі шетелдік және отандық қоғамдық ұйымдардың талай атақ пен сыйлықтарға қол жеткізген мәртебелі марапатымен кейінгі жастарға үздік үлгі, өмірлік өнеге. Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы – тарих», – деген екен. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы да бұлыңғыр. Тарихымызда бүгінгі өскелең ұрпаққа қажетті ұлттық құндылықтардың бәрі бар. Батырлық та, қаһармандық та, адамгершілік те, қайырымдылық секілді адами қасиет те қазақтың тұмса тарихында тұнып тұр.

– Өкінішке қарай соның көбі әлі күнге толықтай қағаз бетіне түскен жоқ. Ал қағазға түспеген нәрсені сан-саққа жүгіртіп, түрлі бағытта айта беруге болады. Салдарынан тарихымыздың да шындықтан алыстап, бұрмаланып кетіп жатқан тұстары аз емес. Осы кемшілікті жою мақсатында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынған ең маңызды істің бірі деп «Мәдени мұра» бағдарламасының жариялануын айтар едім. Оның аясында ғалымдарымыз ертеден жазба мәдениеті сақталған көрші мемлекеттерге арнайы барып, архив құжаттарының түпнұсқаларына қоса көшірмелерін әкелді, – дейді ол.

– Сондықтан бұл бағдарламаның шет тіліндегі құнды деректерді тәржімалаумен қатар бұрын-соңды беймәлім болған маңызды мәліметтерді айналымға енгізудегі қайталанбас қолтаңбасымен отандық тарих саласына қосқан үлесі мол. Президентіміздің қолдауымен қазақтың ежелден бастап бүгінге дейінгі тарихына жаңаша баға беру, шынайы көзқарасты қалыптастырудың ізгілікті ісі қолға алынды. Алтын Ордаға қатысты елордадағы халықаралық жиын соның нақты бір дәлелі және қазақ мемлекеттілігінің жеті томдық академиялық тарихын әзірлеу жұмысын отандық ғалымдарымыз шет елдік әріптестермен бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тиянақтағаны туралы жақсы да жағымды жаңалықа ерекше қуанып отырмыз.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың пайымынша, жеті томдық академиялық басылымның бір томы Алтын Ордаға арналғаны кездейсоқ емес. Бұл өркениет көшінің ең басты заңды мұрагерінің бірі – Қазақ хандығы. Осы ірі империя қазіргі біздің елде пайда болып, сосын іргелес аумақтарға тарады. Біздіңше, дәуірді танымалдандыруда осы факторды алға тарту маңызды. Жошы хан сол мемлекеттің негізін қалаушылардың бірі ретінде қазақ топырағында (Ұлытау) жерленген және бұл жер бүгінде қасиетті нысан саналады. Жошы ұрпақтарының ең ұзақ билігі біздің ұлан байтақ жерімізде жалғасты (Бөкей Ордасын Жәңгір хан 1845 жылға дейін, Кенесары хан тұтас елді 1847 жылға дейін биледі).

– Қазақ хандары, соның ішінде он төртінші ғасырдың басында билік құрып, қазақ шекарасын белгілеп берген Қасым Жошы хан тағының басты мұрагері екенін, әйгілі Шыңғыс ханнан тараған белді де беделді ұрпағына тән мықты мұрагерлігін сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. Қазақстан – Жошы хан дәуірінен бері келе жатқан мемлекеттің элементтерін сақтаған жалғыз егемен ел. Алтын Орда мен Қазақ хандығындағы тұрғындардың басым бөлігінің шаруашылық-мәдени түрі, тілі, діні, киімі, тағамы, салт-дәстүрі, әскери ісі, заңы, ақша жүйесі, тіпті антропологиясы іс жүзінде бірдей, – деді отандық және шет мемлекеттердегі тарихшы ғалымдар мен сарапшы мамандардың қатысуындағы арнайы басқосудың барысында Зиябек Ермұханұлы.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий