Негізгі сынаққа екі жүз отыз үш мыңнан астам талапкер қатысқан

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен аптаның бейсенбі күні биылғы жылдың негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындыларына арналған дәстүрлі брифинг ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арқылы жұртшылыққа сынақтың ресми нәтижелері жарияланды және мемлекеттік білім беру гранттары тағайындалатын байқауға құжат қабылдау науқанының барысы туралы айтылды.

Бұл басқосуға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіндегі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Жарасова Гүлжан, төраға орынбасары Есинбаева Жанна, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (ШЖҚ РМК) директорының орынбасары Дидарбекова Наужан қатысты.

Негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы биылғы мамыр айының 10-ы мен осы шілденің оны күндері аралығында екі ай бойы бірнеше мәрте ұйымдастырылған еді. Тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндігін қоса есептегенде сынақты төрт жүз жиырма екі рет тапсырғаны айтылды. Қатысушылардың басым бөлігі тестілеуде мемлекеттік тіліміз қазақшаны таңдаса (73,1%), талапкерлердің 26,8 пайызы орысша тапсырыпты. Үш жүз сексен үш шәкірт ағылшын тіліне жүгінген. Биыл да ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика – Физика» болғаны белгілі болды. Бұл комбинацияны талапкерлердің он сегізден сәл астам пайызы таңдаған.

– «Биология – Химия» 14,4 пайыз, «Шығармашылық емтихан» 12,4 пайыздық үлеспен алдыңғы үштіктің комбинациялары ретінде сәл төмен орналасқаны анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары мемлекеттік білім беру гранттарының басым бөлігі инженерлік, техникалық бағыттарға бөлінеді. Сондықтан «Математика – Физика» комбинациясын көп талапкерлердің таңдауы – заңды құбылыс деп есептейміз, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Сағидуллақызы.

Биылғы жылы, әрине, ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгеріссіз, бұрыннан бар қалпында сақталғандықтан талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырды. Тестілеу тапсырмаларының жалпы саны – 120, ең жоғары балл – 140, ал тестілеуге берілетін уақыт – төрт сағат (240 минут). Бейіндік ведомство барлық үміткерлер үшін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуге мүдделі. Осыған орай ерекше білім беру қажеттіліктері бар сегіз жүзге жуық талапкердің өтініш бергені айтылды.

Салыстырмалы түрде сараласақ, осыдан бес жыл бұрын осы әлеуметтік топтағы талапкерлердің саны небәрі тоқсан адам болған. Көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт беріледі, сондай-ақ тестілеуден өтуге арналған арнайы жағдайлар қарастырылған. Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлердің сынақтарға сапалы дайындалуына бағытталған сервистерді жетілдіруді жалғастыруда. Тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір қатысушы жеке нәтижелері бойынша тақырыптық талдауға қол жеткізе алады.

– Бұл талапкерлерге әр пән бойынша қай тақырыптарды жақсы меңгергенін және қай бағыттарда дайындықты күшейту қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында тест тапсырмалары әзірленген оқулықтардың тізімі, тарихи даталар, терминдер мен әдеби шығармалардың тізімі жарияланады. Қазіргі таңда мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау жалғасуда. Құжаттарды осы шілде айының жиырмасы күнін қоса алғанға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары (оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары) немесе eGov.kz порталы арқылы тапсыруға болады, – деді төрағаның орынбасары Жанна Уакасқызы.

Бәсекелестік байқауына қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, білім туралы құжат, фотосурет және қажет болған жағдайда жеңілдік санаттарын растайтын құжаттар ұсынылады. Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері алдағы тамыздың 10-ына дейін жарияланбақ. Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының жетпіс алты пайызын құрайды. Бес пән бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа көрсеткіші 69 балға жеткен. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинаған және сегіз жүз жиырма бір адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізіпті.

Электронды форматта ұйымдастырылатын ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысына қанағаттанбаған жағдайда талапкердің апелляцияға беру мүмкіндігі оңай әрі ыңғайлы. Биыл осы құқықты пайдаланған тоқсан бестен астам адамның өтініші қабылданып, олардың ішінде 152 бірегей тест тапсырмасына қатысты талабы қанағаттандырылған. Бұл бағыттағы республикалық комиссия жұмысын аяқтағандықтан талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді жағдайда тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру барысында сегіз жүз тоқсан ереже бұзушылық анықталған көрінеді.

Оның ішінде бес жүз жиырма екі талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 361 адам шығарылып, олардың нәтижелері заңнамалар негізінде жойылыпты. Кейбір тестіленушілерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылғанын естідік. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған жеті жас түлектің нәтижесі жойылған. Әйтсе де бөгде тұлғалардың анықталмағаны белгілі болды.

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтары толық аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдағы қазан айының 31-іне дейін барлық бейнежазбаларға тиісті мамандардың қатысуымен арнайы талдау жұмыстарын жүргізудің үлкен жауапты міндеті тұр. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарының нәтижелері жойылатын болады. Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Әбдісатарқызының мәлімдеуінше, талапкерлер жыл сайын смартфон мен өзге де тыйым салынған заттарды жасырудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда екен.

– Биыл смарт-көзілдірікпен тестілеуге кіруге әрекет жасалды. Сондай-ақ телефонды шашқа арналған резеңкенің ішіне жасырып әкелмек болғандар да кездесті. Ерекше жағдайлардың бірі – бойы аласа талапкердің 43 өлшемді аяқ киіммен келуі болды. Тексеру барысында аяқ киімнің ішіне смартфон жасырылғаны анықталды, – деді ол журналистермен жүздесуде. Кейінгі кезде бейіндік ведомство ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын жаһандық стандарттарға сәйкестендіру мақсатындағы жүйелі жұмыстарды жоспарлы жүргізіп, әлемдік деңгейдегі қоғамдық бірлестіктермен тұрақты тәжірибе алмасуға кіріскенін көрудеміз.

Астанада білім беру саласындағы тестілеу және бағалау бағытындағы әлемдік жетекші ұйымдардың бірі – ETS халықаралық ұйымының өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығына Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған кешенді зерттеулердің нәтижелерін таныстырғаны хабарланды. Басқосу барысында қолданыстағы бағалау жүйесіне жүргізілген талдау, әлемдік озық тәжірибелерді салыстырмалы зерттеу қорытындылары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін зерделеу мүмкіндіктері сарапқа салынған.

Және кадрлық әлеуетке берілген баға, бағалау үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ болашақтағы AIT емтиханының құрылымына қойылатын бастапқы талаптар талқыланыпты. Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің академиялық құзыреттерін кешенді бағалауға бағытталған. Пәндік білім деңгейін анықтаумен қатар сыни ойлау, талдау жасау, ақпаратпен және академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу, алған білімін қажет жағдайларда қолдану қабілеттерін бағалауға басымдық беріледі.

Ұсынымдардың жеке бір бағыты тест тапсырмаларының сапасын жетілдіруге, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз етуге, әртүрлі тілдердегі нәтижелердің салыстырмалылығын сақтауға, бағалау рәсімдерінің объективтілігін арттыруға, тест тапсырмаларының қорын дамытуға, тест нұсқаларын автоматтандырылған түрде қалыптастыруға және емтихан нәтижелері бойынша аналитикалық есептілікті жетілдіруге арналған. Жаңа модельді сынақтан өткізу кезеңінде қолданыстағы ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жүргізілген жұмысын жалғастырмақ. Барлық өзгерістер зерттеу нәтижелері, пилоттық апробация қорытындылары, сарапшылардың ұсынымдары мен академиялық қауымдастықтың пікірлері негізінде белгіленген кезеңдерге сай енгізілетін болады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, объективтілік пен ашықтық қағидаттарына негізделген әрі барлық талапкерлер үшін тең мүмкіндік қамтамасыз ететін ұлттық білімді бағалау жүйесін одан әрі жетілдіруге мүдделі. Ұлттық тестілеу орталығы Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінде өткен International Test Commission-2026 халықаралық конференциясында қазақстандағы жоғары оқу орындарына қабылдаудың жаңа форматын таныстырғаны белгілі болды.

ITC конференциясы – білім беру және психологиялық өлшеулер саласындағы ең беделді халықаралық форумдардың бірі. Іс-шараға әлемнің қырыққа жуық елінен ғалымдар, психометриктер, тест әзірлеушілер және ETS, Pearson, Duolingo, Buros Center for Testing ұйымдарының өкілдері қатысты. ҰТО директорының кеңесшісі Давид Орлов «XXI ғасырдағы Қазақстанның жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жаңғырту жолы» тақырыбында баяндама жасап, жаңа ұлттық бағалау құралы ретінде әзірленіп жатқан Admissions Insight Test (AIT) жобасын таныстырды.

Ол талапкерлердің білім деңгейімен бірге, сыни ойлауын, коммуникациясын, сандық, цифрлық және ЖИ сауаттылығын, академиялық жазу және креативті ойлау дағдыларын бағалауға бағытталған. Жоба Educational Testing Service (ETS) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Үш жылға жоспарланған ынтымақтастық 2029 жылға дейін жалғасады. Баяндамада жобаның алғашқы екі кезеңінің нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, алты зерттеу жүргізіліп, халықаралық салыстырмалы талдау жасалған екен.

Қолданыстағы емтиханның психометриялық сапасы мен технологиялық инфрақұрылымына бағалау жүргізілді, төрт мыңнан астам респондент арасында сауалнама өткізілді және басқа да зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылыпты. ETS сарапшылары қазақстандық мамандармен бірлескен жұмысты жалғастырады.

Одан кейін ҰТО қызметкерлері мен тест әзірлеушілері АҚШ-тағы ETS ұйымында төрт айлық ғылыми тағылымдамадан өтеді. IT жобасы конференцияға қатысушылардың жоғары қызығушылығын тудырды. Халықаралық сарапшылар тәуелсіз еліміздегі жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін реформалауға бағытталған ұсынылған тәсілді оң бағалап, оның әлемдік үрдістерге сай келетін заманауи бағалау моделі ретіндегі әлеуетін атап өтіп, жобаның одан әрі дамуына қызығушылық танытқаны айрықша атап айтылуда.

Шырақ әл-ШАБАНИ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий