Балалар қауіпсіздігін қадағалау мен олардың құқығын қорғау күшейтілуде
Алматы облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қайтадан күн тәртібіне шықты. Еңбекшіқазақ ауданында осы мақсатқа сай облыс әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы ұйымдастырылған болатын.
Аймақ басшысының орынбасары Ғани Майлыбаев төрағалық жасаған жиында балалардың қауіпсіздігін күшейту, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері жан-жақты қаралды. Бұл кезекті басқосуға облыстық комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ онлайн форматта аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Көшпелі комиссия отырысының дәл осы ауданда ұйымдастырылуы кездейсоқ емес.
Жүргізілген талдау нәтижесінде осы аудандағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мектептердегі профилактикалық жұмыстарды жетілдіруді қажет ететін мәселелер анықталған. Ғани Айдарұлы әрбір келеңсіз жағдайдың себептерін терең зерделеп, оның қайталануына жол бермейтін нақты басқарушылық шешімдер қабылдау қажеттігін айрықша қадап айтты. – Балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Әрбір жауапты мекеме атқарылған жұмыстармен қатар анықталған кемшіліктерді жоюдың нақты тетіктерін ұсынуы тиіс, – деді ол сөйлеген сөзінде.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша осы аудан әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков баяндама жасап, жергілікті жерді жүйелі жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы ақпарат берді. Аудандағы сексен бес мектепте 55 мыңнан астам оқушы білім алуда екен. Барлық білім беру ұйымдарында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Прокурордың жас көмекшісі», «Жас сақшы», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы» сияқты жобалар қолға алынған. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» жобасы аясында құқық қорғау органдарының қатысуымен жүздеген құқықтық іс-шара ұйымдастырылып, тәуекел тобына жататын балалармен жеке профилактикалық шаралар тұрақты атқарылатындығын білдік.
Алайда маңызды мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Бүгінде аудан мектептерінде сексен бір оқушы мектепішілік есепке алынса, төрт бала полицияның профилактикалық тіркеуінде тұр. Биылғы жылдың алғашқы алты айында кәмелетке толмағандар жасаған 13 қылмыс тіркелген. Негізгі қауіп факторлары қандай? Комиссия отырысында балалар арасындағы құқық бұзушылық пен түрлі келеңсіз оқиғалардың басты себептері ретінде: ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі; отбасындағы қолайсыз психологиялық ахуал; ата-аналық бақылаудың жеткіліксіздігі; буллинг пен кибербуллинг; әлеуметтік желілердің теріс ықпалы; психологиялық көмектің уақытылы көрсетілмеуіне назар аударылды.
Алматы облысы бойынша Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау және оларды жүйелі сүйемелдеу тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын еске салып, білім беру ұйымдарында психологиялық диагностиканы толық қамту үшін педагог-психологтардың жұмысындағы сабақтастықты қамтамасыз ету қажеттілігіне мән берді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева балалардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған жұмыстарды күшейтуді ұсынды.
Ол «Әкелер мектебі» жобасын дамыту, тәлімгерлік кездесулер санын көбейту, оқушыларды спорттық және шығармашылық үйірмелерге кеңінен тартудың маңыздылығына қоса мектеп психологтарының еңбек жағдайын жақсарту мәселесін алға тартты. Облыстағы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсын психологиялық қызметтердің сапасын арттыру, мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру және білім беру ұйымдарында кешенді талдау жұмыстарын тұрақты жүргізудің қажеттілігін қозғаған.
Сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органдарындағы кадр тапшылығын азайту үшін жүйелі шаралар қабылдаудың мүкіндіктері зерделенді. Жиынды қорытындылаған өңір жетекшісінің орынбасары балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелердің тек бір ауданның ғана емес, бүкіл өңірдің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. – Әр баланың өмірі мен қауіпсіздігі – елдің ертеңіне деген жауапкершіліктің ең маңызды өлшемі. Бүгін қаралған мәселелер тек осы ауданға ғана қатысты емес, – деді ол.
Бұл бағытта барлық аудан және қала әкімдіктері тарапынан сол аумақтағы ахуалға кешенді талдау жүргізіп, тәуекелдерді бағалап, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты шаралар қабылдануы қажет. Ғани Майлыбаев көшпелі комиссия отырысында қабылданған шешімдер мен берілген тапсырмалардың орындалуы облыстық комиссияның тұрақты бақылауында болатындығына екпін түсірді.
Жетісуда облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің төрағалығымен ұйымдастырылған кеңейтілген кеңес шеңберінде өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері сарапқа салынды. Бұл кезекті кеңеске құқық қорғау органдарының, прокуратураның, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының басшылары, сондай-ақ өңірдегі барлық қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары арнайы шақырылған болатын.
Жиында айтылғандай, өңірде жуырда Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы жұмысын бастаған. Бұл салалық құрылымның негізгі міндеті – түрлі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестірумен ғана шектелмей, мемлекеттік саясатты жергілікті жерде тиімді іске асырып, әр бала үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Кеңес жұмысына бейнебайланыс арқылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина қатысты.
Ол заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер мен еліміздің барлық өңірінде міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс басым бағыттарға тоқталды. Бұл ретте мектептердегі психологиялық қолдау жүйесін реформалау туралы кеңінен баяндады. Бұл бастама мамандардың еңбек жағдайын жүйелі түрде жақсартуға және олардың кәсіби ынтасын арттыруға бағытталған. Бейіндік ведомство өкілінің айтуынша, келесі жылдың қыркүйек айынан бастап әрбір педагог-психологтың мектепте өзіне бекітілген жұмыс сағаттары болады және олардың жалақысы ұлғайтылады.
Сондай-ақ осы бастама аясында психолог 5–8-сынып оқушыларына ай сайын бір профильдік сабақ жүргізеді. Ал жоғары сынып оқушылары үшін айына екі сағаттық психологиялық қолдау қарастырылған. Бұл жасөспірімдерге неғұрлым жан-жақты әрі мақсатты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Юлия Руслановна өңірлік басқару мәселелеріне тоқталып, аймақтарда балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының жасақталуы барлық жауапты мемлекеттік органдарға үлкен жауапкершілік жүктейтініне тоқталды. Осы орайда балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты барлық мәселелер жедел түрде қаралуы және тиісті шара қабылдау үшін осы басқармаға жолдануы тиіс.
– Жаңа талаптарға сәйкес әрбір әкім мен әлеуметтік мәселелерге жетекшілік ететін әкімнің орынбасары тәуекел тобындағы балалардың тізімін жеке бақылауында ұстауға міндетті. Бұл жұмыс барынша жауапкершілікпен атқарылуы тиіс және формальды көзқарасқа жол берілмейді. Сонымен қатар қорғаншылық және қамқоршылық органдары жаңа құрылған Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының қарауына беріледі. Олардың өкілеттігі кеңейтіліп, әрбір балаға жеке әрі нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік жасалады, – деді ол.
Маңызды талаптардың бірі – балаларды қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа алған отбасыларға тұрақты түрде аудит жүргізу. Мамандар бұл отбасылардың үйлеріне жылына кемінде екі рет барып, жағдайын бақылауы қажет. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша осы жылдың басында бекітілген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бұл бағыттағы негізгі стратегиялық мақсаттардың бірі болып қала береді. Арнайы бекітілген құқықтық құжат – кешенді жол картасы. Онда жоспарланған 158 іс-шараның шамамен жетпісі жергілікті атқарушы органдардың міндетіне тікелей жүктелген.
Жүйелі жұмыстар балалардың базалық физикалық қауіпсіздігі мен білім алуынан бастап, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау шараларына дейінгі барлық маңызды салаларды қамтиды. Кеңес қорытындысы бойынша осы аймақтағы балаларды қорғау жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныстар мақұлданды. Жауапты мемлекеттік органдарға қысқа мерзім ішінде бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп, оның әр тармағының орындалуын бақылауға алу жүктелгені белгілі болуда. Себебі балалардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде ұдайы тұрақты назарға алынған.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...


