Аймақтағы білім мен ғылымды дамытудың жаңа кезеңі
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты осы облыстың орталығындағы көшпелі отырысы өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға және минералдық-шикізат қорын дамытуға бағытталғандықтан жиынға ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сала мамандары мен өндіріс басшылары қатысты. Кездесу өңірде жаңадан құрылған Геологиялық кластер алаңында ұйымдастырылған. Көзделген мақсат – ғылым жетістіктерін өндіріс саласына тиімді енгізу, геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіру және саланың болашақ даму бағыттарын айқындау.
Облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев сөйлеген сөзінде өңір экономикасында ғылымның орны ерекше екендігіне тоқталып, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары Ұлытау өңірінде ғылыми зерттеулердің нақты өндірістік қажеттіліктермен ұштасуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындығын айрықша атап айтты. Сондай-ақ ғалымдар мен өндіріс орындары арасындағы әріптестіктің нығаюы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін жеткізген.
Басқосуда минералдық-шикізат базасын толықтыру, геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелілігін арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні геология саласында қолдану мәселелері кеңінен талқыланғаны белгілі болды. Сонымен қатар білікті кадр даярлау және халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту бағытындағы жобалар таныстырылған. Жезқазғанда техникалық университет құру мәселесі де осы жиын барысында сарапқа салынса керек. «Kazakhmys Barlau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Қадыржан Қаулдашевтың пайымдауынша жаңа оқу орнының ашылуы өңірдің ғылыми және кадрлық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын бұл жоба еліміздегі екі жетекші жоғары оқу орнының қолдауымен қолға алынған. Басқосуда Қаныш Сәтбаевтың мұрасы мен отандық ғылымның даму тарихына да ерекше назар аударылды. Биыл көрнекті ғалымның Қарсақбай өңірінде алғашқы геологиялық барлау жұмыстарын бастағанына 100 жыл толса, өзі негізін қалаған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл болып отыр. Қазақстанның құрметті металлургі Төлеген Бүкіров тарихи сабақтастыққа тоқталып, осыдан алпыс бес жыл бұрын Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен Жезқазғанда Ғылым академиясының көшпелі сессиясы ұйымдастырылғанын еске салды.
Ардақты аға буын өкілі сол кезеңде қабылданған шешімдер өңірдің өндірістік дамуына тың серпін бергеніне тоқталып, Жезқазғанның ірі индустриялық орталыққа айналуына негіз қалағанын жеткізді. Сондықтан Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысының дәл осы өңірде ұйымдастырылуы ерекше мәнге ие.
Жиын қорытындысында ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейтуге, геологиялық барлау жұмыстарын жаңғыртуға және өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар қаралды. Мамандар бұл бағыттағы келелі кездесулер елдің минералдық-шикізат қорын тиімді игеруге ғана емес, өңірлік ғылымның жаңа деңгейге көтерілуіне даңғыл жол ашатындығына сенім білдірді.
Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан ұйымдастырылған қамқоршылық кеңестің кезекті отырысында аймақтағы білім беру саласын дамытуға арналған «QH «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін Ұлытау облысының мектептеріне енгізу» қайырымдылық жобасы және Жәйрем кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселелері қаралғаны хабарланды.
Сол кездегі өңір басшысы сөйлеген сөзінде облыста әлеуметтік маңызы бар бастамалардың жүзеге асуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ризашылығын білдірген. – Бұл жоба өңіріміздегі сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға және оқушылардың білім деңгейін көтеруге кең мүмкіндік береді. Біз өз тарапымыздан да мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде қала мен ауыл мектептерінің даму мүмкіндігі артып, өңірдегі білім сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Сондықтан бұл тәжірибені облыс мектептеріне енгізуге толық қолдау білдіреміз, – деді ол.
Кеңес қорытындысы бойынша Ұлытау облысының Жәйрем кентінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы келісімге қол жеткізілгені белгілі болды. Жобаның жалпы құны шамамен 2,4 миллиард теңгені құрайды. Оның екі миллиардқа жуығы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан қаржыландырылса, қалған бөлігі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады екен.
Жалпы аумағы үш мың екі жүз елу шаршы метрді құрайтын заманауи спорт кешені 6-18 жас аралығындағы алты жүз бала мен жасөспірімнің спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қырық бес жаңа жұмыс орны ашылатындығы айтылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен осы кезге дейін аймақтағы Сәтбаев қаласы мен Жаңаарқа ауданындағы Ералиев ауылында заманауи спорт нысандары салынған болатын. Бұдан бөлек қоғамдық қордың қатысуымен өңірде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаны табысты жүзеге асырып келеді.
Қарсақбай кентіне арнайы барған өңір жетекшісі оңтүстік өлкеден қоныс аударған Тастанбековтер отбасымен кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысқан соң мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін көрді. Тастанбековтер отбасы биылғы жылдың наурыз айында Түркістан облысынан осы жергілікті қонысқа ерікті түрде көшіп келген екен. Мемлекеттік ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында көтермеақы мен көшуге берілетін қаржылық көмек ретінде жалпы көлемі жеті миллион теңге көлеміндегі қаражатқа ие болған. Соның нәтижесінде тұрғылықты жерден төрт бөлмелі жеке баспана сатып алыпты.
Бүгінде отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Отағасы жергілікті спорт мектебінде қызмет етсе, жұбайы балабақшада жұмыс жасайды. Алдағы уақытта олар жеке кәсіп бастап, шағын наубайхана ашуды жоспарлап отыр. Кездесу барысында облыс әкімі қоныс аударған отбасыға ізгі тілегін білдіріп, өңірдің дамуына қосып жатқан үлестеріне ризашылығын жеткізді.
– Ұлт ұясы саналатын құтты мекенге қоныс аударып, еңбекке араласудасыздар. Осы өңірдің өсіп-өркендеуіне жеке үлестеріңізді қосып жатқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Ұрпақтарыңыз көбейіп, өсіп-өнсін. Жергілікті атқарушы биліктің тарапынан облысқа қоныс аударған әрбір азаматқа жан-жақты қолдау көрсету парызымыз. Адал еңбегімен абыройын асырған отбасылар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіндігінен сенім мол, – деді ол.
Ustaz Ulytau педагогикалық трансформация орталығының бес жылдығына арналған «Даму траекториясы: жаңа мүмкіндік» атты тақырыптағы мерейтойлық жиынға қатысушылар атқарылған жұмысты қорытындылап, білім беру саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқыға салған. Сондай-ақ мектеп, педагог, сарапшы және мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттары айқындалыпты. «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен осы жоба іске қосылған еді.
Осы уақыт аралығында жаңа жоба компанияға қатысы бар өңірлердегі ең ірі білім беру бастамаларының біріне айналып, Ұлытау, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы сексен бес мектеп пен екі колледжді және екі қосымша білім беру ұйымын қамтитын деңгейге жетті. Негізгі мақсаты – тұрғылықты жеріне қарамастан оқушылардың сапалы білім алуына және педагогтердің кәсіби дамуына мүмкіндік беру. Осы мақсатта мектептерде заманауи білім беру әдістемелері енгізіліп, кәсіби бағдарлау бағдарламалары, STEM-тәсілдері мен ағылшын тілін оқытудың технологиялары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшыларына арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары жүйелі түрде жүргізілуде.
Жобаның ең маңызды нәтижелерінің бірі – оқушылар мен педагогтер үшін халықаралық білім алу мүмкіндігінің айтарлықтай кеңеюі болды. Бес жыл ішінде 43 оқушы, сондай-ақ ғылыми жоба байқауының жеңімпаздары мен олардың ғылыми жетекшілері Ұлыбританияда тілдік білім беру бағдарламасынан өтуге қол жеткізді. Сондай-ақ жиырма екі педагог, үш кәсіби бағдар беруші маман және он мектеп директоры халықаралық тағылымдамадан өтті. Дарынды оқушыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде.
Жоба аясындағы Қаныш Сәтбаевтың құрметіне арналған химия олимпиадасы бірнеше жылдың ішінде республикалық сайыстан халықаралық деңгейдегі білім бәйгесіне айналып, бұл білім бәсекесіне былтыр Қазақстан мен Қырғызстанның және Ресей Федерациясының командалары белсене қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қатарында жергілікті оқушылар да көп болған. Педагогтердің кәсіби қауымдастығын дамыту жобаның маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Тәжірибе алмасу және заманауи басқару тәсілдерін енгізу мақсатында Мектеп директорларының клубы құрылды. Бүгінде ол 65 білім беру ұйымының басшысын біріктіріп отыр. Бүгінде жобаға қатысушылардың бірқатары білім беру жүйесінде басшылық қызмет атқарып жүр. Ustaz Ulytau педагогикалық трансформация орталығы ҚР Оқу-ағарту министрлігімен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен тұрақты негізде қарым-қатынас жасайды. Мұндай ынтымақтастық өңірлерде заманауи білім беру тәжірибесін енгізуге және білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Қазақмыс» тобының білім беруді қолдау және адам капиталын дамытуы әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Ustaz Ulytau жобасы компанияның жас ұрпақтың дамуына, педагогтердің кәсіби өсуіне және өзіне қатысы бар өңірлердегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Қуатты компанияның осы аймақта жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларының жалпы құны биыл 26 миллиард теңгеден асады.
Бұл жобалардың ел игілігіне айналуы заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және облыс тұрғындары үшін қолайлы орта жасауға бағытталған. Әлеуметтік нысандарды өндірістік бастамалармен қатар дамыту өңірдің тұрақты дамуына, сондай-ақ оның инвестициялық және әлеуметтік тартымдылығын арттыруға бағдарланған компания қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...
