Қазақстанда инженерлік білім берудің жаңа үлгісі құрылуда

Конституцияда ғылым мен білімді, адам капиталы мен инновацияларды дамыту басым бағыт ретінде алғаш рет нақты айқындалған. Озық технологиялық даму мемлекеттің негізгі құндылықтарының қатарына енгізілуі инженерлерге болашақ ұрпақ алдында үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бұл – қолданбалы зерттеулерге жол ашу, жаңаша өзгерістерді өндіріске енгізу және алдыңғы шепте жұмыс істей алатын кәсіби мамандар даярлау деген сөз. Осыған орай экономикалық білімді тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын бекемдейтін берік негізі ретінде қарастырудамыз.

Жаңа дәуірде инженерлердің инновациялық ізденісі мен үздіксіз зерттеулері осы мәртебелі маман иелерін басты тұлғаға айналдырғаны даусыз. Энергетика, көлік, өнеркәсіп, байланыс, су және экологиялық жүйелер, цифрлық инфрақұрылым – осының бәрі сайып келгенде негізінен инженерлік шешімдердің тиімділігі мен сапасына сүйенеді. Бұл бағыттағы әлеует әлсіресе, сыртқы технологияға тәуелділік күшейеді, бұл мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Республика күніне арналған салтанатты жиында: «Стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс. Уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Креатив пен инновация өсімнің арқауы, ал зияткерлік капитал елдің бәсекеге қабілеттілігінің өзегі болуға тиіс», – деген жоғары міндет қойған еді.

Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен аптаның сейсенбі күні ұйымдастырылған Үкіметтің кезекті отырысында отандық автокөлік жасау саласының қазіргі жағдайы мен алдағы даму қарқыны қаралып, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы баяндама жасады. Сондай-ақ Astana Motors, Allur компаниялар тобы, Kia Qazaqstan және QazTehna кәсіпорындары мен қазақстандық автомобиль одағының басшылары бизнес ұсыныстары мен ағымдағы жобалар туралы баяндады.

Олжас Абайұлы автомобиль өнеркәсібінің экономиканы әртараптандыру мен еліміздің технологиялық дамуын қамтамасыз етудегі маңызына тоқталып, автомобиль өнеркәсібі үшін инженерлік кадрларды даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға екпін беру қажеттілігін ескертті. Бейіндік ведомство тарапынан ұсынылған ресми ақпаратқа сүйенсек, бұл бағыттағы кәсіби мамандарды даярлау еліміздің 19 жоғары оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда екен. Автомобиль өнеркәсібіне қажетті инженерлік білім алуға төрт мыңға жуық студент жұмылдырылған.

Биыл осы мақсатта үш мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінгенін білдік. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдік деңгейдегі мамандар даярлануда. Бір жүз жетпіс алты маман қамтылып, жиырма үш стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтуді бастаған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы екі жылдан бері инженерлік кадрларды даярлаудың жаңа үлгісіне көшу қолға алыныпты. Даярлаудың бірыңғай траекториясына өту көзделген, инженерлік білім берудің пәнаралық өтпелі стандарты енгізіліп, білім, ғылым және өндіріс интеграциясы күшейтілген екен.

– Тұрақты кәсіби өсудің жаңа тетіктері айқындалды. Бүгінгі күні тоғыз салалық және жиырма өңірлік жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы әзірленді. «Машина жасау» және «Көлік және логистика» салалық атластары, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанай облыстарының өңірлік атластары машина жасау саласын тікелей қамтиды. Нәтижесінде отыз бір жаңа мамандық қалыптасып, қолданыстағы жиырма екі мамандық кіріктірілді. Сондай-ақ жетпіс мың кәсіпорынның қатысуымен ауқымды сауалнама жүргізілді (92-сі автоөнеркәсіп саласынан). Бұл сала үшін инженерлік және жұмысшы кадрларға деген қажеттілік алдағы үш жылда 10 мың 201 адамды құрайды, – деді министр.

Спикер сонымен қатар цифрлық құзыреттері бар инженерлерді даярлау екі негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады. Бірінші бағыт – әлемдік білім беру бағдарламаларына қолжетімділік. Coursera платформасы арқылы студенттер заманауи инженерлік бағыттар бойынша халықаралық сертификаттар алуда. Соңғы үш жылда студенттер автомобиль өнеркәсібіне қатысты 80-нен астам курс бойынша 3 мыңнан астам сертификат алды. Екінші бағыт – жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізу. AI-Sana бағдарламасы арқылы студенттердің басым бөлігі жасанды интеллект негіздерін меңгерсе, алпыс мыңнан астам студент кәсіпкерлік қызметте жасанды интеллектті пайдалану курстарынан өткен.

Білімгерлер оқу барысында нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатысады. Соның бір мысалы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттерінің Allur компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан NOVA-Allur жобасы. Жоба аясында автомобильдердің лак-бояу жабынындағы ақауларды автоматты анықтайтын жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Министрлік осындай тәжірибені алдағы уақытта кеңінен таратуды көздеп отыр. Astana Motors компаниясының алты инженер-маманы Сәтбаев университетінің докторанттары ретінде жеңіл автомобильдерді өндіру және құрастыру кезеңдеріндегі сапаны бақылауды автоматтандыру бойынша инженерлік шешімдер әзірлеуде.

– Сонымен қатар өндірістік процестерді оңтайландыру арқылы кәсіпорын өнімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Елімізде роботтандырылған және интеллектуалды өндірістер үшін кадрлар даярлау жүйелі түрде дамып келеді. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Сәтбаев университетінде заманауи робототехника орталықтары ашылып, студенттер өнеркәсіптік робототехника, автоматтандыру және жасанды интеллект бағыттары бойынша даярлануда. Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ашылған Лу Бань шеберханасында бес жүзден астам студент автономды басқару, жасанды интеллект, цифрлық егіздер және интеллектуалды көлік жүйелері бағытында білім алуда, – деді баяндамашы.

– Былтыр халықаралық серіктестермен бірлесіп SMART Driving Technology инженерлік орталығы құрылды. Сонымен қатар қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Бұл жоба бүгінде халықаралық деңгейге көтерілуде. Тамыз айында Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі Лу Бань шеберханасы базасында Great Wall Motor компаниясының, Тяньцзинь кәсіптік институтының және «Астана Моторс» компаниясының қатысуымен халықаралық сертификаттау орталығы жұмысын бастайды.

Бұл орталық автокөліктерді диагностикалау, олардың интеллектуалды жүйелері бойынша мамандарды дайындап, біліктілік сертификатын береді. Қытай автокөліктерінің диллерлік орталықтарында жұмыс жасау үшін мұндай біліктілік сертификатының болуы міндетті. Бұл – Орта Азиядағы алғашқы сертификатталған орталық. Орта Азияда бір жүзден аса диллерлік компаниялар бар (Қазақстанда 34 диллерлік орталық), олардың барлығы Өскемендегі Лу Бань шеберханасында сертификатталады. Серікбаев университетінің түлектері біліктілік сертификатын автоматты түрде алады.

Қостанайда автомобиль кластері қалыптасуда. Сондықтан өңірлік университет автомобиль өнеркәсібіне инженерлік кадрлар даярлаудың негізгі орталығына айналып келеді. Dong-Eui University университетімен бірлесіп Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетте қос дипломды бағдарлама жүзеге асырылуда. Кореядағы серіктес университет зертханаларында он екі студент оқып, тәжірибе жинақтады. Өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп бестен астам capstone-жоба әзірленді, олардың бір бөлігі Қостанайдағы KIA зауытында енгізілуде. Сонымен қатар инженерлік кадрларды даярлау моделі де жаңғыртылуда. Негізгі қағидат – өндіріс базасында оқыту.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы мақсатта алдыңғы жылдан бастап индустриялық PhD жобасы жүзеге асырылуда. Докторанттар кәсіпорындардың нақты инженерлік мәселелерін шешумен айналысады. Кәсіпорындар дайын инженерлік шешімдер алады. Қазіргі уақытта төрт жоғары оқу орнының 13 докторанты автомобиль өнеркәсібі саласындағы зерттеулерін тікелей кәсіпорындарының базасында жүргізуде. Техникалық бағыттарда ғылыми жобалар саны да артып келеді. Қазіргі күні техникалық ғылымдар облысында сегіз жүз отыз тоғыз жоба орындалуда. Ө.А. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының жобасы аясында биыл Allur өндірістік алаңында еліміздің алғашқы Өндірісті роботтау, автоматтандыру және жасанды интеллект технологиялары орталығы ашылды.

Институт ғалымдары маркілеу, дәнекерлеу, зауыт ішіндегі логистика және қойма жұмыстарын автоматтандыруға арналған бес отандық роботехникалық кешенді өндіріске енгізді. Министр алдағы уақытта өндіріс орындарының базасында инженерлік орталықтар мен кафедраларды дамыту жалғасатынын жеткізді. Мемлекет, жоғары оқу орындары және бизнес арасындағы тиімді әріптестік автомобиль өнеркәсібін жаңа буын инженерлік кадрларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Демек елімізде инженерлік білім берудің нақты қадамдары жасалуда.

Үкіметтегі осы жиын барысында Ғылым және жоғары білім, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне салалық кәсіпорындармен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бір ай мерзімде ғылыми-зерттеу зертханаларын құру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуі қажеттілігі тапсырылды. Инженерлер еліміз өнеркәсібінің қалыптасуын біліммен және жоғары білікті кадрлармен ондаған жыл бойы қамтамасыз ететін ғылыми мектептердің негізін қалады. Университет жоғары білім беретін ғылыми мекеме ғана емес, ол ой қалыптастыратын, тәжірибе жинақтайтын, қоғамға бағыт беретін академиялық орта болуы тиіс.

Мемлекет басшысы отандық университеттерді ғылыммен және өндіріспен тығыз байланыстырудың, инженерлік білім беру бағдарламаларын жаңартудың және зерттеу мәдениетін қалыптастырудың маңызды екенін үнемі айтып келеді. Себебі инженер мамандар мемлекеттік деңгейдегі тұлға ретінде мойындала бастады. Оның шешімдері еліміздің технологиялық дербестігін, қауіпсіздігін және тұрақтылығын айқындайды. Инженерлік ғылыми мектептерді сақтау мен дамыту, ұлттық инженерлік академияны, университеттерді және өндіріспен байланысты қолдау – мемлекеттің стратегиялық басымдығы саналады.

Қостанайдағы Allur кәсіпорнының өнеркәсіп саласы технологиялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Яғни, ғылыми әлеуеті мен инженерлік мүмкіндіктерін кеңітіп, қабілетін танытып жатыр. Осы автомобиль зауыты елімізде алғашқы болып роботтандыру, өндірісті автоматтандыру және жасанды интеллект технологиялары орталығын ашты. Бұл дегеніміз нақты ғылым. Жоғары білім және өндірісті бір арнаға тоғыстыратын, отандық инженерлік шешімдердің идеядан бастап конвейерге дейінгі толық жолын қамтамасыз ететін бірегей алаң.

Іргелі ұжымдағы бірегей басқосуға жиналған құрметті қонақтар кәсіпорындарға роботтандырылған жүйелерді енгізу, инженерлік кадрларды даярлау және өнеркәсіптік автоматтандырудың отандық технологияларын дамытудың маңызды мәселелерін талқылап, автомобиль өндірісінде робототехниканы қолданудың халықаралық тәжірибесін ұсынды. – Allur үшін ғылымды, білімді және өндірісті біріктіру – нақты міндеттерді шешудің практикалық құралы. Жаңа орталық өндірістің тиімділігін, сапасын және жергіліктендіру деңгейін арттыруға ықпал етуі тиіс. Біздің міндетіміз – идеядан нақты өнеркәсіптік шешімдерге көшу, – деді Allur кәсіпорнының атқарушы директоры Арғұлан Майконов.

Құрылған алаң ғылыми әзірлемелерді, инженерлік құзыреттерді және нақты өндіріс мүмкіндіктерін біріктіріп, отандық технологиялардың идея мен сынақтан бастап, ел кәсіпорындарында практикалық енгізуге дейінгі толық жолдан өтуіне жағдай жасайды. Орталықтың ашылуы тек Allur кәсіпорны үшін ғана емес, тәуелсіз еліміздің өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту үшін де маңызды. Орталық Азиядағы автомобиль инженериясы саласындағы жалғыз халықаралық сертификаттау орталығы Өскеменде жұмыс істейтін болады.

– Бұл орталық Great Wall Motor компаниясының стандарттары бойынша автомобиль саласы мамандарын даярлау және міндетті сертификаттауды жүзеге асыратын бірегей алаңға айналады. Бұл – алпыс сегіз жылдық тағылымға толы терең тарихы бар университетіміз үшін зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік әрі инженерлік кадрларды даярлаудағы жоғары деңгейіміздің мойындалуы. Халықаралық сертификаттау орталығының ұйымдастырылуы білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы ықпалдастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – деп жазады Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» (ШҚТУ) КЕАҚ Басқарма төрағасы – Ректор Рахметуллина Сауле Жадыгеровна.

– Орталықта республика бойынша «Астана Моторс» компаниясының 34 дилерлік орталығының қызметкерлері міндетті сертификаттаудан өтеді. Ал алдағы уақытта Орталық Азия елдеріндегі бір жүзден астам дилерлік орталықтың мамандары оқытылып, сертификатталатын болады. Оқыту, практикалық даярлық және халықаралық сертификаттаудың барлық кезеңдері шығыс өлкедегі Лу Бань шеберханасы базасында жүзеге асырылады. Жоба Great Wall Motor компаниясымен, Тяньцзинь кәсіптік институтымен (TVI) және «Астана Моторс» компаниясымен серіктестікте және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен іске асырылуда.

Бұл ынтымақтастық білім беру үдерісіне әлемдік автомобиль жасау саласының озық технологияларын енгізуге, халықаралық деңгейдегі оқытушыларды даярлауға және еліміздегі жаһандық автомобиль индустриясының талаптарына сай инженерлік кадрларды сертификаттаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Халықаралық сертификаттау орталығының жұмысы отандық инженерлік білімнің дамуына жаңа серпін беріп, жоғары білікті инженер мамандарды даярлау жүйесін нығайту арқылы еліміздің автомобиль өнеркәсібі үшін мамандарды даярлау мен сертификаттаудың өңірлік орталығына айналуына ықпал ететіндігіне сенім мол.

Бұл университет еліміздің жетекші инженерлік жоғары оқу орындарының бірі ретінде ондаған жылдар бойы өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және цифрлық экономика салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлап келеді. Жыл сайынғы түлектері еліміздің барлық аймағы мен шетелдің ірі кәсіпорындарында табысты еңбек етіп, ел экономикасы мен ғылымының дамуына зор үлес қосуда. Биылғы бір мың бес жүзге жуық бакалавр мен магистрге жоғары білім туралы дипломның табысталуы қазыналы өңірдегі инженерлік кадрлық әлеуеттің жоғары екенін және ұлттық индустрияның қарқынды дамуына жоғары үлес қосатын жаңа буын мамандардың қалыптасып келе жатқанын кезекті мәрте дәлелдегендігінің айқын көрінісі. Олар алдағы уақытта өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, ақпараттық технологиялар және экономиканың басқа да стратегиялық маңызды салаларда мамандықтары бойынша жұмыс жасайды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен сәуір айында Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіндегі металлургия және байыту институтының байыту және флотореагенттер зертханасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Несіпбай Түсіпбаевты «Құрмет» орденімен марапаттап, отандық инженер кадрлар зияткерлік әлеуеттің негізі екендігін еске салды. Академиялық элитадағы көрнекті өкілдің жоғары бағаланған көпжылдық еңбек жолы тау-кен металлургия кешенінің маңызды міндеттерін шешуге арналған.

Ғибратты ғалымның жетекшілігімен шикізатты өңдеудің бірегей технологиялары жасалуда, бұл отандық кәсіпорындардың тиімдірек және экологиялық тұрғыдан таза жұмыс істеуіне мол мүмкіндік беруде. Биылғы ғылым қызметкерлері күніне орай осы жоғары оқу орнының жас ғалымы Арман Өмірзақовқа жаңа пәтердің кілті табысталды. – Бұл жоғары деңгейлі мойындау – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар жаңартылатын энергетика және энергия сақтау жүйелері саласындағы әзірлемелердің мемлекет үшін аса маңызды екенін көрсетеді, – деді осы университет жанындағы физика-техникалық институттың электрохимия және ванадийлі ағынды батареялар зертханасының меңгерушісі міндетін атқарушы.

– Қазір мен үшін ең маңызды дағды – ғылыми ойлауды инженерлік тәжірибемен ұштастыра білу. Машина жасау саласында теориялық біліммен қатар нақты өндірістік мәселені көріп, оған тиімді техникалық шешім ұсыну өте маңызды. Сондықтан қазіргі заман маманы конструкторлық ойлау, цифрлық модельдеу, деректерді талдау және жаңа технологияларды тез меңгеру қабілеттерін қатар дамытуы қажет деп санаймын. Осы бағытта заманауи жобалау және модельдеу бағдарламаларын меңгеріп, ғылыми мақалалар мен халықаралық зерттеулерді тұрақты оқып жүрмін, – дейді еліміздегі беделді басылымның біріне берген сұхбатында осы жоғары оқу орнындағы машина жасау кафедрасының оқытушысы, PhD Бауыржан Базарбай.

– Сонымен қатар тәжірибелік жұмыстарға қатысып, машина бөлшектерінің беріктігін, тозуға төзімділігін, материалдардың қасиеттерін және өндірістік процестерді жетілдіру жолдарын зерттеудемін. Ғылыми нәтижелерді өндіріс қажеттіліктерімен байланыстыруға ерекше көңіл бөлемін. Жасанды интеллектті ғылыми мәтіндерді талдау, есептерді құрылымдау, эксперимент нәтижелерін өңдеу, графиктер мен кестелер дайындау, бағдарламалық кодтарды тексеру және презентациялар әзірлеу кезінде пайдаланамын. Менің ойымша, инженер үнемі білімін жаңартып отыруы керек. Себебі машина жасау саласында технологиялар өте жылдам өзгеруде, ал бүгінгі жаңа шешім ертең өндірістің негізгі стандартына айналуы мүмкін.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий