Қазынаға қайтарылған қыруар қаржының қайырымы

Арқалық қаласының жетпіс жылдығы қарсаңында мемлекеттің қолдауымен шаһардың инфрақұрылым, спорт және көлік салаларын ілгері дамыту мақсатында жүйелі жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстардың сапалы әрі бекітілген мерзімге сай орындалуы облыс әкімдігінің басты назарында. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ғимаратын қайта жаңғыртуға бағытталған екі миллиард теңгеге жуық қомақты қаражатқа негізделген әлеуметтік жобаның толық аяқталғаны туралы жақсы жаңалықты өткен аптада журналистер жарыса жазған еді.

 

ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жоба ең алдымен еліміздің аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалап, азаматтардың мүддесін конституциялық құндылықтар негізінде қорғайтын құзырлы құқықтық құрылымның заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы аясында арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен іске асырылған. – Реконструкция нәтижесінде шамамен екі мың бес жүз студенттің білім алуына, университеттің профессор-оқытушылар құрамының тиімді еңбек етуіне қолайлы әрі заманауи жағдай жасалды. Сонымен қатар бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, білікті мамандар даярлау ісін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді, – деп нақты жазылған бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ұсынылған ресми ақпаратта.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің (17.03.2025 ж., №118) бұйрығына сәйкес, «Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта аталғаны есте. Бұл өзгеріс еліміздің өңірлерін дамыту, өңірлердегі экономикалық теңсіздікті жою мәселелерімен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктер ашу қажеттігін айрықша атап айтты.

Жергілікті институттың университет атануын өңірлік білім беру мен экономика үшін үлкен серпін деп қарастыруға болады. Себебі бұл жоғары оқу орны – экономиканың барлық салалары үшін педагогтер мен ғылыми мамандар даярлайтын еліміздегі жетекші педагогикалық ұстахананың бірі ретінде өткен ғасырдың бір мың тоғыз жүз жетпіс екінші жылы құрылған соң, бес жылдан соң қазақтың ағартушы ұстазының есімімен аталды. Алғашқыда физика-математика және филология факультеттері ашылса, бүгінгі таңда жаратылыстану және ақпараттандыру, педагогика және филология, тарих және өнер саласының мамандарын қоса оқытуда. Биыл қорытындыланған оқу жылында бұл университеттің үш факультетін жеті жүз жас түлек тәмамдап, он төрті үздік диплом иегері атанған.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қостанай облысына осыдан бір жыл бұрын жасаған кезекті жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының білім беру мен денсаулық сақтау салаларының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылуын тексеру мақсатымен осы университетке арнайы ат басын бұрды. Ещжанов Талғат осы жоғары оқу орнының Басқарма төрағасы және Ректор ретінде бакалавриат жиырма тоғыз білім беру бағдарламасы бойынша әзірленетіндігін алға тартып, материалдық-техникалық базасы соңғы заманауи технологиялармен жабдықталғанына тоқталған еді. Және физика, химия және информатика мамандықтары бойынша ғылыми-тәжірибелік зертханалар жұмыс істейді.

– Алдағы бес жылға есептелген даму жоспарымыз бар. Осы межелі мақсат бойынша студенттердің санын бес мың екі жүзден асыру көзделген. Әзірге басты оқу корпусымен бірге екі жатақхана, тәжірибе базасы, спорттық-сауықтыру кешені, мұражайлар мен медициналық кабинеттеріміз бар. Алдағы жоспарды жүзеге асыру үшін қосымша инфрақұрылымдардың қажеттілігін білеміз. Сондықтан облыс пен қала әкімдіктері тарапының қолдауы негізінде бос тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін университеттің балансына беру келісілді. Сол нысанның негізінде жиырма зертханасы мен он бес дәріс залы бар заманауи оқу корпусы пайдалануға берілмек, – деді ол.

Сонымен қатар ақпараттық технология, экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да мамандықтар бойынша ұлттық рухтағы бәсекеге қабілеті бар әрі заманауи нарықтағы еңбек сұранысына сай кәсіби кадрларды оқытатын арнайы білім беру бағдарламалары мен ғылыми базаларын кеңейту жоспарланғаны айрықша атап айтылды. Экономикалық өсудің негізі ретінде адами капиталды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызы зор. Бұрыннан бар мамандықтар бойынша білім беру үдерісі жаңа технологиялардың жедел дамуы аясында жылдам өзгеріп жатыр. Осы орайда республика аймақтарындағы техникалық білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін жетілдіру басты назарда.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жоғары оқу орнының берік болшағын бекемдеу бағытында оқу ғимаратын қайтадан жаңғыртуға арнаулы мемлекеттік қордан екі миллиард теңгеге жуық қомақты қаржы қарастырылды. Жоғары сапалы база бұл университеттің жаңа экономикалық идеяларды іске асыруға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді. Инновациялық технологияларды енгізуге және білім берудің озық әдістемелерін тиімді қолдануға ерекше көңіл бөлген жөн, – деген еді Үкіметтің жетекшісі.

ҚР Бас прокуратурасы тарапынан ұсынылған ресми мәліметке жүгінсек, биыл осы өңірде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты арқылы алты әлеуметтік нысанның құрылысы мен жаңғырту жұмыстарын аяқтау мақұлданған. Олардың қатарында Арқалықтағы әуежай, аурухана, перзентхана және студенттер жатақханасы, Жітіқара қаласындағы емхана, сондай-ақ Денисов ауданының Перелески ауылындағы дәрігерлік амбулатория бар. Бас Прокурор Берік Асылов «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру және жастарды тәрбиелеу мәселелері талқыланған кезекті басқосу барысында Мемлекет басшысы жүктеген стратегиялық міндеттердің іске асырылуына мән берген болатын.

– Бүгінде мемлекетке заңсыз шығарылған 1,3 триллион теңге көлеміндегі активтер қайтарылды. Осы қаражат есебінен үш жүз елу әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды (179 сумен жабдықтау нысаны мен бір жүз елу тоғыз денсаулық сақтау мекемесі, 6 білім беру және үш спорт нысаны, 2 инженерлік және бір көлік инфрақұрылымдары бар). Қазынаға қайтарылған әрбір теңге – нақты адамдар сезінетін әділдіктің қалпына келуі. Бұл – жаңа мектептерде білім алып жатқан балалар, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылар, – деген еді бірінші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені бар Берік Ноғайұлы.

– Сонымен қатар прокурорлар жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын ашуға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыруға бағытталған үш мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Тек биылдың алты айында олардың үйлестіруімен 42 жаңа өндіріс іске қосылып, шамамен үш мың жұмыс орны құрылды. Бас прокуратура жанынан заңдылықты нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін тұрақты түрде талқылайтын алаң құру туралы ұтымды ұсыныс жұртшылықтың тарапынан қолдау табытындығына сенім мол.

Абай облысының прокуратурасы осы аймақта мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жалпы құны елу миллиард теңгеден асатын жиырма алты әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылып жатқанын жариялады. Семей қаласында 7,6 миллиард теңгені құрайтын, бір мың бес жүз орынға арналған заманауи оқушылар сарайы салынған. Бұл орталықта балалардың спортпен, жүзумен, робототехникамен, авиациялық модельдеумен, ақпараттық технологиялармен және қосымша білім берудің басқа да бағыттарымен айналысуына барлық қажетті жағдай жасалыпты. Қазіргі кезде негізгі ғимаратқа апаратын қауіпсіз кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын қамтамасыз ету мәселесі мүдделі орындардың бірлесуімен қайта пысықталуда екен. Себебі бұл нысан айналма автожолдың маңында орналасқандығымен ерекшеленеді.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий