BINOM мектебінің құрылысы басталды
Семей қаласындағы бір мың төрт жүз орындық заманауи BINOM мектебінің іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, «BI Group» (Би Групп, Би Ай Групп) компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, «BINOM» мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырова, ұлағатты ұстаз, «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкіжанова қатысты.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа мектептің құрылысы өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі екендігіне айрықша тоқталды. – Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Облысымызда тұңғыш рет елімізде BINOM мектептер желісі ретінде танымал болып, елдің ықыласына бөленіп, ата-аналар мен оқушылардың жүрегінен жол тапқан BINOM мектебінің құрылысы басталғалы отыр. Бұл – біз үшін үлкен жаңалық және мақтаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білімді ұрпақ – ұлттың болашағы екендігін айрықша атап көрсетіп, әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін үнемі айтып келеді, – деді ол.
– Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында елімізде жаңа мектептер салу, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және балалар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінуде. Қарағайлы – қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағын аудан. Мұнда халық санының артуымен бірге мектеп жасындағы балалар саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан бүгін капсуласы қаланып отырған жаңа BINOM мектебі – уақыт талабынан туған қажеттілік әрі мемлекеттік білім саясатының нақты нәтижесі. Бүгінгі капсула салу рәсімі – жай ғана құрылыс жұмысының басталуы емес. Бұл – білімге деген құрметтің, жас ұрпаққа деген сенімнің және олардың жарқын болашағына деген зор жауапкершіліктің белгісі.
Жаңа BINOM мектебінің бой көтеруі дарынды балалардың қабілетін шыңдап, олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, білімді, жаңашыл әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына берік негіз қалайтындығына сенім мол. Мән беретін ерекше тұсы, бұл BINOM мектептер желісінің алғаш рет жаңартылған білім жүйесімен сабақ оқытатын еліміздегі оныншы мектебі болатындығында. Астана мен Атырау қалаларында бұған дейін тоғыз ағарту орны бой көтерген.
Демек Алаштың астанасы атанған бұл тарихи шаһар үшінші қала болады. Заманауи үлгідегі жаңа ғимараттың келесі оқу жылында пайдалануға берілетіндігі жоспарланған. BINOM-ның әрбір мектебі – заманауи талаптарға сай жабдықталған, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін білім беру кеңістігі. Бұл нысандарда мамандандырылған оқу кабинеттері, физика, химия, биология, нано және биотехнология зертханалары жұмыс істейді. Сондай-ақ мектептерде кинозалдар, мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудиялар, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға арналған 3D-принтерлер, робототехника кабинеттері, металл және ағаш өңдеу шеберханалары бар.
Бұдан бөлек оқушылардың коммуникативтік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған Speaking Club пен TEDxBINOM алаңдары қарастырылған. Жаңа мектептің құрылысына тұрғындар ризашылықтарын жеткізді. – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен осыдан бір жыл бұрын Қарағайлыда «Келешек мектебі» салынған болатын. Енді міне BINOM мектебі салынайын деп жатыр. Бұл – өте қуанышты жаңалық. Болашақта осы білім шаңырағынан тәуелсіз елімізді барлық сала бойынша ілгері әрі қарқынды дамытуға перзенттік үлесін қосатын бәсекеге қабілетті әрі ұлттық рухта тәрбиеленген тегеурінді тұлғалардың тәрбиеленетіндігіне үлкен үміт артамыз, – деді жергілікті журалистермен жүздескен ата-ана Рахат Райымбеков.
Бүгінде облыс аумағында үш жүзден астам мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Онда жүз мыңнан астам ұл мен қыз білім алуда. Жергілікті тұрғындардың демографиялық өсім көрсеткіші мен республиканың басқа өңірлерінен қоныс аударғандардың көбейген көші-қоңы бойынша есепке алынған алты мың үш жүз шәкіртке орын тапшылығы тіркеліпті. Олардың төрт мың бір жүзі облыстың орталығына тиесілі екен. Осы мемлекеттік маңызы бар мәселені кезеңге сай шешу үшін «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында облыста 3000 оқушыға арналған бес жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында бір мың екі жүз және Шығыс кентінде үш жүз, облыстың орталығына қарасты Водный кенті мен Аягөз қаласында алты жүз, Бесқарағай ауылында үш жүз орындық мектеп елдің игілігіне пайдалануға беріліп, бүгінгі таңда Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында жүз орындық мектеп, сонымен қатар Семей қаласындағы №4 және №30 жалпы орта білім беретін мектептерге қосымша ғимараттар салынып жатыр. Ақсуат ауданының Ақсуат және Екпін ауылдарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл алты жүз оқушыға арналған екі мектептің құрылысы басталмақ.
BINOM SCHOOL – тәуелсіз еліміздің барлық аймағына танымал әрі беделге ие жаңа форматтағы заманауи мектептер желісі. Жоба BI Group құрылыс холдингі мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. BINOM мектептерінде 1–11-сыныптар аралығында оқу тегін, білім беру қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Абай облысы бойынша қазіргі кезде дарынды балаларға арналған ешқандай білім беру ұйымы жұмыс жүргізбейді. Соған қарамастан озат ойлы озық оқушылар республикалық, халықаралық олимпиадалар мен білім бәсекесіндегі бірегей байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Демек жергілікті жастардың әлеуеті өте жоғары. BINOM мектептер желісі халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Бұл білім беру ұйымында негізінен жаратылыстану-математикалық бағытқа басымдық беріледі. Сондай-ақ STEM, жобалық оқыту сынды инновациялық әдістер қолданылады. Оқу үдерісі цифрлық технологиялармен жабдықталып, интерактивті тақталар мен онлайн платформалар арқылы жүргізіледі. Binom мектебі – отандық және Финляндия, Ұлыбритания, Жапония, Эстония, Сингапур сынды озық елдердің білім жүйесі негізінде ұйымдастырылған білім беру мекемесі.
Бұл ағарту орындарында алдағы жаңа оқу жылынан бастап 1–9-сынып оқушыларына арналған математика және ағылшын тілінен тереңдетілген қосымша курстар ұйымдастырылатындығын білдік. Жаңа жоба оқушыларға негізгі оқу үдерісін толықтыра отырып, пәндік білімдерін тереңдетуге, білімін нығайтуға және өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беруді басты мақсат санайды. Қосымша сабақтарға қатысуға ниетті оқушыларды қолжетімді әрі ыңғайлы форматта сол балалардың оқитын мектептерінде қамту көзделіпті. Назарбаев Университетінің студенттерін осы жобаны сапалы іске асыру мақсатында болашақ курстарды жүргізетін репетиторлар ретінде арнайы оқыту жолға қойылатын болады.
Осы оқытулар барысында заманауи сабақты тиімді ұйымдастыру, оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеру, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту (SEL) құралдарын оқу үдерісіне кіріктіру және әрбір бала өзін қауіпсіз, еркін әрі оқу үдерісіне белсенді қатысушы ретінде сезінетін инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері қарастырылатындығы айтылды. Болашақ репетиторлар оқушылармен жұмыс барысында қолдануға болатын практикалық әдіс-тәсілдермен танысып, сабақты қызықты, нәтижелі және әр оқушыға қолайлы ұйымдастырудың тиімді жолдарын меңгерді.
BINOM мектептерінде сабақ беретін репетиторларды жан-жақты дайындау үлгісін басқа білім беру ұйымдары қажетті тәжірибе ретінде үйренуге ынта танытқан. BI Group компаниясының иесі әрі ірі акционері кәсіпкер Айдын Рахымбаев Forbes Kazakhstan басылымына сұхбаты барысында BINOM мектептерінің бірін мемлекет меншігіне беруге дайын екендіктерін жариялаған. Әңгіме елордадағы Қаныш Сәтбаевтың есімін иеленген іргелі оқу орны туралы болса керек.
– Мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) шартының бес жылдық мерзімінің аяқталуына байланысты мемлекеттік басқаруға беріледі. Бұл жағдай тараптар арасында мақұлданған келісімінің талаптарынан туындайды. BI Group ғимаратты, ондағы барлық жабдықтар мен инфрақұрылымды мемлекеттік құрылымның балансына ресми түрде өткізеді. Сонымен қатар педагогикалық және басқарушы ұжым да мемлекеттік білім беру жүйесіне ауысады, – дейді орыс тілді бұқаралық ақпарат құралының тілшісіне берген жауабында қуатты қазақстандық компанияның жетекшісі.
Өмірсерік БИСЕМБИН,
Абай облысы





