Жүректен туған жоба – «QamqorPlus»
Павлодар облысы, Ертіс ауданындағы Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінің математика пәнінің мұғалімі Айнагүл Серікқызы Ашенованың өмірлік тәжірибесі өзгелерге демеу болатын маңызды бастамаға айналды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеу – үлкен төзімділік пен үмітті талап ететін жол. Осыны терең сезінген ұстаз «QamqorPlus» жобасын өмірге әкелді. Жобаның мақсаты – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлерге қолдау көрсету.
«QamqorPlus» жобасы үш бағытты қамтиды:
* «Қолдау шарығы» психологиялық арт-терапиясы;
* «ProStep» спартакиадасы;
* «Жан жылуы» атаулы әлеуметтік көмек бастамасы.
Жобаның алғашқы іс-шарасы – «Қолдау шарығы» психологиялық арт-терапиясы. Оған ерекше балалардың аналары, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлер қатысып, эмоционалдық күйін қалпына келтіруге, ішкі ресурстарын толықтыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар қатысушыларға психологиялық саулықты сақтауға арналған «Эмоционалдық денсаулық күнделігі» табысталды.
«Бұл жоба – мен үшін жай ғана бастама емес. Бұл – бір кездері өзіме жетіспеген қолдауды өзгелерге сыйлаудың мүмкіндігі. Кейде кішкентай ғана қамқорлықтың өзі бір адамның өмірін жақсы жаққа өзгерте алады», – дейді Айнагүл Ашенова.
Қоғамның күші – оның жанашырлығында. Ал осындай игі жобалар мейірім мен қолдаудың шынайы құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Загрузка...
