Ғылымды стратегиялық дамытудағы кешенді жоспардың жобасы

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен аптаның жұма күні ұйымдастырылған кеңесте Ғылымды стратегиялық дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды. Құжатты Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы салалық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және басқа да ұйымдармен бірлесіп әзірлеген.

Жоба ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, салалық және өңірлік ғылымды дамыту, сондай-ақ біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыру бағыттарын қамтитын 72 іс-шарадан тұрады. Ғылыми қызметті басқару жүйесін жаңғыртуға айрықша мән берілген. Ұлттық ғылыми басымдықтарды айқындаудан бастап зерттеу нәтижелерін экономикаға енгізуге дейінгі барлық үдерісті қамтитын біртұтас басқару тетігін қалыптастыру ұсынылды.

Ғылым саласын басқарудың жаңа үлгісінде басым бағыттарды төрт деңгей бойынша айқындау көзделеді. Бірінші деңгейге ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық дербестік үшін аса маңызды стратегиялық жобалар жатады. Екінші деңгей технологиялық серпіліс жасауға әлеуеті бар перспективалы бағыттарды қамтиды. Үшінші деңгейге іргелі пәнаралық және инженерлік зерттеулер енгізіледі. Төртінші деңгей ғылыми кадрларды даярлауға, инфрақұрылымды дамытуға және зерттеулердің институционалдық негізін нығайтуға бағытталған.

Жоспарда ғылымның нақты экономикамен және өңірлермен байланысын күшейтуге де басымдық берілген. Ғылым қалалары мен ғылыми-технологиялық парктерді дамытудың кешенді үлгісін қалыптастыру ұсынылды. Премьер-министрдің орынбасарына осы кеңестің барысында Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының жобасы да таныстырылған. Аида Ғалымқызы мемлекеттік қолдау тек ғылыми және практикалық құндылығы бар, өндіріске енгізу және коммерцияландыру мүмкіндігі нақты жобаларға ғана көрсетілуге тиіс екенін атап айтты.

Сонымен қатар ғылыми жобаларды тексеру қорытындылары бойынша ашық есептілікті қамтамасыз ету, бюджет қаражатын қайтару, анықталған заң бұзушылықтарға жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту және нақты экономикаға қажетті перспективалы әзірлемелердің бірыңғай тізілімін қалыптастыру мәселелеріне назар аударды. Ұлттық ғылым академиясының негізгі бастамалары да осы басқосу барысында сарапқа салынған. Академия басқармасының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, мамандар ғылымның басым бағыттарын айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеген. Ол ғылыми күн тәртібін мемлекеттің стратегиялық міндеттері, экономиканың қажеттіліктері және әлемдік ғылыми-технологиялық үрдістер негізінде қалыптастыруды көздейді.

Академияның ғылымды стратегиялық дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасына енгізілген сегіз пәнаралық флагмандық ғылыми жобасын жүзеге асыруға да ерекше назар аударылды. Кореяның KISTI институтымен бірлесіп құрылған SilkNet орталығының жұмысы туралы баяндалды. Осы орталық мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты болжау мен сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеудің негізгі алаңына айналмақ. Қытай ғылым академиясымен бірлесіп жүзеге асырылатын DeepBas жобасы маңызды бағыттардың бірі.

Ол кеңістік пен уақыт деректеріне негізделген жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, су ресурстарын басқаруға бағытталған. Жобаны келесі жылы еліміздің үш ірі су алабында пилоттық режимде іске қосып, кейін оның технологияларын басқа салаларға кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Аида Балаева кеңес қорытындысында ғылымды дамыту және инновацияларды дамыту жоспарларын бір құжатқа біріктіруді, сондай-ақ оны талқылау барысында айтылған барлық тұжырымдамалық ескертулерді ескере отырып пысықтауды тапсырды.

Премьер-министрдің орынбасары, сонымен бірге, ғылыми-зерттеу институттарын толық түгендеу, олардың кадрлық және ғылыми әлеуетін бағалау, сондай-ақ мүмкіндік бар жерлерде ғылыми инфрақұрылымды қалпына келтіру қажеттігін қаперге салды. Қазақстанның жоғары оқу орындарында қорытындыланған биылғы оқу жылында әлемнің сексен сегіз елінен келген 35 мың 75 шетелдік студент білім алғаны хабарланды. Бұл көрсеткіш алдыңғы мерзіммен салыстырғанда он бір пайыз жоғары екен.

Демек шетелдік студенттер санының артуы тәуелсіз еліміздің Орталық Азиядағы білім беру орталығы ретіндегі халықаралық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі ретінде жоғары білімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда отандық жоғары оқу орындарында білім алатын шетелдік студенттердің санын бір жүз мың адамға дейін жеткізу жоспарланыпты.

Қазақстанда білім алуға деген қызығушылықтың артуына білім беру қызметтерінің қолжетімді құны, елдің тиімді географиялық орналасуы, ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының кеңеюі, сондай-ақ медицина, инженерия және ақпараттық технологиялар салаларындағы мамандарға деген жоғары сұраныс ықпал етеді. Cardiff University, Coventry University Kazakhstan, сондай-ақ АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей, Қытай, Франция және басқа да елдердің жоғары оқу орындарын қоса алғанда қазіргі кезде республика аумағында отыздан астам шетелдік университеттің филиалы жұмыс істейді.

Олардың қызметі кадрлар даярлау сапасын арттыруға, академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және отандық жоғары білім беру жүйесінің халықаралық ықпалдастығын нығайтуға мүмкіндік береді. Жүз мың шетелдік студентті тарту жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларын дамытуға, университеттердің инфрақұрылымын жаңғыртуға, студенттік жатақханалар желісін кеңейтуге, сондай-ақ шетелдік студенттердің білім алуы мен тұруына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға ерекше назар аударылады.

Бейіндік ведомство ұсынған ресми ақпаратқа жүгінсек, білім беру қызметтерінің экспортын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыс еліміздің әлемдік жоғары білім кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еліміздің өңірдегі жетекші академиялық орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді. Алматы мен Астана халықаралық QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі жеке позицияларын жақсартып, ел аумағындағы өңірлік жоғары білім беру орталығы ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Алматы бірден он үш сатыға көтеріліп, әлемде жетпіс сегіз орынға ие болған. Бұл қазақстандық қалалардың рейтингке қатысу тарихындағы ең жоғары нәтиже және Орталық Азия қалалары арасындағы үздік көрсеткіш. Елордасы дара позициясын нығайтып, сегізінші сатыға тұрақтау арқылы бір жүз он тоғызыншы орынға жайғасқан. Осылайша, еліміздің екі миллиондар мекені өңір көшбасшыларының қатарына еніп отыр. Халықаралық QS Quacquarelli Symonds талдау агенттігі жариялайтын QS Best Student Cities рейтингі қалаларды алты негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды.

Ең бірінші университеттердің академиялық беделі, қаланың тартымдылығы, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, білім алу мен өмір сүрудің қолжетімділігі, студенттік қауымдастықтың халықаралық әртүрлілігі, сондай-ақ студенттердің пікірлері. Зерттеуге халық саны мен QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген жоғары оқу орындарының болуы жөніндегі талаптарға сәйкес келетін әлемнің бір жүз елу шаһары енгізілген көрінеді.

Алматының жоғары нәтижеге қол жеткізуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – қаладағы жоғары білім беру жүйесінің дамуы екен. QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген тоғыз университет осы оңтүстік астанамызда орналасқан. Соның нәтижесінде қала «Университеттердің рейтингтердегі нәтижелері» көрсеткіші бойынша әлемде елуінші орынға ие болып, оның университеттік экожүйесінің жоғары әлеуетін көрсетті. Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – жоғары білімнің қолжетімділігі.

– Оқу ақысы мен өмір сүру шығындарының қолжетімділігі көрсеткіші бойынша елордасы әлемде тоғызыншы орынды иеленіп, тұңғыш мегаполис жиырма төртінші қатардан көрінді. Демек бұл жетістік қазақстандық қалаларды білім алуға кететін шығын тұрғысынан шетелдік студенттер үшін ең тартымды бағыттардың қатарына қосады. Сондай-ақ студенттік қауымдастықтың халықаралық құрамын сипаттайтын «Студенттік контингенттің әртүрлілігі» көрсеткіші бойынша да оң динамика байқалады, – дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Алматы мен Астананың бұл бағыттағы нәтижелерінің жақсаруы қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемнің түрлі елдерінен келетін студенттер үшін тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді. QS Best Student Cities 2027 рейтингінде қос қала позициясының өсуі отандық жоғары білім беру жүйесінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің нығайып келе жатқанын және еліміздің жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнының күшейіп отырғанын айғақтайтын нақты дәлел болып табылады.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий