Ұлттық инженерлік академиядағы заманауи ақпараттық технологиялар

Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласында нағыз цифрлық революция жүріп жатыр. Жасанды интеллект, бұлтты технологиялар, үлкен деректер және нейрондық желілер ғылым мен өндірістің жаңа даму кезеңін айқындауда. Өзгерістердің осы қарқыны инженерлік ғылымнан заман ағымына бейімделуді ғана емес, жаңа технологиялық шешімдердің бастамашысы болуды талап етеді. Осындай жаһандық өзгерістер кезеңінде Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы ел ғылымының стратегиялық даму бағыттарын айқындауға белсенді үлес қосып келеді.

Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының жасанды интеллект және цифрландыру жөніндегі вице-президенті

Академия ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейтіп, жаңа технологияларды енгізу және ғылыми-технологиялық бастамаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінде Академия Қазақстанның ғылыми-инженерлік әлеуетінің алтын қорын құрайтын жүздеген көрнекті академиктерді, ғалымдарды, инженерлерді, өндіріс басшыларын және жоғары білікті мамандарды біріктіріп отыр. Ұлттық инженерлік академияның негізгі миссиясы – ғалымдар мен инженерлерді қолдау, ғылыми-инженерлік қауымдастықтың мүдделерін қоғам мен мемлекеттің барлық деңгейінде ілгерілету, сондай-ақ ғылыми және технологиялық прогрестің маңызын кеңінен насихаттау.

Академия қызметі іргелі және қолданбалы ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты жүйелі түрде нығайтуға, ғылымды технологиялық дамудың, инновациялардың және экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған. Сонымен қатар ол зияткерлік капиталды тиімді дамытуға және ғылыми жетістіктерді Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына кеңінен енгізуге ықпал етеді. Ұлттық инженерлік академияның 35 жылдық мерейтойы – өткен жолды саралап қана қоймай, инженерлік ғылымның ел дамуындағы айрықша рөлін айқындайтын маңызды тарихи белес.

Бұл мерейтой Академияның қалыптасу кезеңдерінен бастап бүгінгі күнге дейінгі жетістіктерін, ғылыми мектептердің сабақтастығын, инженерлік ойдың эволюциясын және ғылым мен өндірістің тиімді ықпалдастығын көрсетеді. Академия алдағы уақытта да ұлттық ғылыми-инженерлік әлеуетті нығайтуға, инновациялық технологияларды дамытуға және Қазақстанның орнықты ғылыми-технологиялық өркендеуіне қызмет ете отырып, өз миссиясын табысты жалғастыра беретіні сөзсіз. Академияның тарихына үңілсек, алғашқы жылдардан бастан Тәуелсіз Қазақстанның іргетасының берік қалануына үлес қосып келеді.

Ұлттық инженерлік академияның құрылуы отандық инженерлік ой мен ғылыми-техникалық әлеуетті бір арнаға тоғыстырған маңызды тарихи қадам болды. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің (13.08.1991 ж., №475 және 22.01.1992 ж., №56) қаулыларына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясына Қазақстандағы инженерлік істің жоғары ғылыми-әдістемелік әрі үйлестіруші орталығы мәртебесі берілді. Академияның негізін қалаушылар қатарында Қазақстан ғылымы мен инженериясының көрнекті өкілдері болды.

Олар республиканың экономикасын, білім беру жүйесін және ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар еді. Академияны құру бастамасын алғашқылардың бірі болып А.Абдулин, К.Аухадиев, С.Байболов, Ү.Баймұратов, Ш.Бекбулатов, Г.Бекжанов, А.Болотов, Ф.Ғалымов, Ө.Жолдасбеков, А.Жомартов, Б.Жұмағұлов, Т.Жүнісов, Х.Қазыханов, Ұ.Қараманов, С.Қожахметов, А.Құлыбаев, Н.Надиров, Б.Нұржанов, М.Нұрымов, Б.Паримбетов, И.Полывянный, О.Сабденов, А.Скаков, С.Тәкежанов, Я.Тлевлесов және М.Үркімбаев көтерді. Бүгінде Академияның президенті – көрнекті қазақстандық ғалым-математик, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов.

Қазақстан инженерлерінің 1993 жылғы бірінші съезі Ұлттық инженерлік академияның ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің инженерлік ғылымы тарихындағы айтулы оқиға болды. Съезд инженерлік қауымдастықтың күшін біріктіріп, ғылым, өндіріс және мемлекеттік саясат арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған жаңа кезеңнің бастауына айналды. Форум барысында инженерлік ғылымды дамыту, технологиялық жаңғырту және инновациялық әлеуетті арттырудың стратегиялық бағыттары айқындалып, кейінгі жылдардағы көптеген ғылыми және өндірістік бастамалардың негізі қаланды.

Академияға жиырма үш жыл бұрын «Ұлттық» мәртебесінің берілуі оның еліміздің ғылыми-инженерлік кеңістігіндегі ерекше орнын айқындаған маңызды тарихи кезең болды. Бұл мәртебе Академияның көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, сонымен қатар оның мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге белсенді қатысатын жетекші ғылыми-инженерлік институт ретінде мойындалғанының айқын көрінісі еді. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы бүгінде инженерлік ғылымның түрлі бағыттарын біріктіретін, ғылыми идеяларды нақты өндірістік шешімдермен ұштастыратын және елдің ғылыми-технологиялық дамуына үлес қосатын беделді ұлттық институтқа айналды.

Ұлттық инженерлік академияның халықаралық қызметі оның әлемдік ғылыми қауымдастықтағы орнының нығайғанын көрсетеді. Академияның құрметті мүшелері мен халықаралық марапаттарына ие болған тұлғалардың қатарында Ресей, АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Пәкістан, Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да мемлекеттердің танымал ғалымдары мен инженерлері бар. Бұл академияның халықаралық ғылыми ынтымақтастығының кеңейіп, жаһандық инженерлік ғылымдағы беделінің артып келе жатқанын айғақтайды. Осындай ауқымды ғылыми-инженерлік қауымдастықтың қалыптасуы мен оның тұрақты дамуы Академия басшылығының көреген саясаты мен сабақтастыққа негізделген басқару ұстанымдарының нәтижесі екені сөзсіз.

Осы отыз бес жыл ішінде ҰИА Президентінің Академияны дамытудағы рөлі ерекше. Академияның орнықты дамуы заман талабына бейімделе білуімен байланысты. Бұл үдерісте Академия президенті, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің орны ерекше. Оның басшылығымен Академия көрнекті ғалымдарды біріктіретін кәсіби қауымдастық шеңберінен шығып, ғылыми жобаларды жүзеге асыратын, мемлекеттік органдармен, жоғары оқу орындарымен және өндірістік құрылымдармен өзара іс-қимыл жасайтын ықпалды институт ретінде орнықты.

Академия қызметінде инженерлік ғылымды ел экономикасының нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға, қолданбалы зерттеулерді қолдауға және ғылыми нәтижелердің практикалық маңызын арттыруға басымдық берілді. Басқарудағы сабақтастық Академияның халықаралық байланыстарын нығайтуға, салалық бөлімдердің ғылыми белсенділігін арттыруға және жаңа зерттеу бағыттарын дамытуға мүмкіндік берді. Ең маңыздысы – Академия аға буынның тәжірибесі мен жас зерттеушілердің жаңа ғылыми көзқарасын тоғыстыратын тірі ғылыми жүйе ретінде қалыптасты.

Бақытжан Тұрсынұлының басшылық ұстанымының басты ерекшелігі – инженерлік ғылымды ел дамуының нақты міндеттерімен ұштастыру. Осы бағытта Академия ғылыми идеяларды тәжірибелік нәтижелерге айналдыруға, қолданбалы зерттеулерді қолдауға және өндірісті технологиялық жаңғыртуға ықпал ететін бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінде Ұлттық инженерлік академияның тұрақты дамуы, халықаралық беделі мен ғылыми-ұйымдастырушылық әлеуеті осындай мақсатты әрі сабақтастыққа негізделген қызметтің нәтижесі.

ҚР ҰИА құрамындағы Есептеу және ақпараттық технологиялар бөлімінің жетістіктері өте мол. Қазіргі кезеңде цифрлық технологиялар инженерлік ғылымның барлық бағыттарына терең еніп, ғылыми зерттеулердің мазмұны мен әдіснамасын түбегейлі өзгертуде. Жасанды интеллект, машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау, геоақпараттық жүйелер және жоғары өнімді есептеулер ғылым мен өндірістің тиімділігін арттыратын маңызды құралдарға айналды. Сондықтан Ұлттық инженерлік академия құрамындағы Есептеу және ақпараттық технологиялар бөлімінің қызметі еліміздің ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарының бірі болып саналады.

Бөлімнің бастамасымен ғылыми конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және көшпелі отырыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өзекті ғылыми мәселелерді талқылаудың маңызды алаңына айналған. Соның ішінде екі жыл сайын өткізілетін «Ғылым, техника және білім беру салаларындағы есептеу және ақпараттық технологиялар» (CITech) халықаралық ғылыми конференциясының орны ерекше. Екі жылда бір өткізіліп келе жатқан бұл конференция халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға және жаңа ғылыми бастамалардың қалыптасуына ықпал ететін беделді алаң ретінде танылып келеді.

Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында биылғы наурыз айының 27-сінде ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы Президиумының көшпелі отырысында Есептеу және ақпараттық технологиялар бөлімінің атынан ғылыми баяндама ұсынылды. Баяндамада геологиялық зерттеулерді цифрландыру, жасанды интеллект пен ақпараттық технологияларды геология саласында пайдалану бағыттары қарастырылып, инженерлік ғылым мен цифрлық технологиялардың өзара ықпалдастығының маңыздылығы атап өтілді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бүгінде жасанды интеллект технологиялары АҚШ, Канада, Австралия, Қытай, Еуропалық Одақ елдері сияқты дамыған мемлекеттерде минералдық ресурстарды болжау, геологиялық деректерді кешенді талдау, қоршаған ортаны мониторингтеу, экологиялық тәуекелдерді бағалау және табиғи ресурстарды ұтымды басқару міндеттерін шешуде кеңінен қолданылып келеді. Бұл технологиялар үлкен көлемдегі әртүрлі деректерді біріктіріп талдауға, күрделі заңдылықтарды анықтауға және ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

ҚР ҰИА Есептеу және ақпараттық технологиялар бөлімінің ғалымдары ҚР ҒжЖБ министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында экология және геология бағытында ғылыми жобалар орындап келеді. Бүгінде ақпараттық технологиялар саласында нағыз өзгерістер желі соғып тұр. Жасанды интеллект, бұлттық есептеулер, үлкен деректерді талдау, автоматтандыру және цифрлық платформалардың қарқынды дамуы қоғамның барлық саласына түбегейлі өзгеріс әкелуде. Осы жаңа талаптарға сәйкес ғылыми зерттеулер, білім беру жүйесі және өндірістік үдерістер заман талабына бейімделіп, инновациялық бағытта жаңғыртылуда.

Ақпараттық технологиялар енді тек көмекші құрал ғана емес, ғылыми жаңалықтарды жеделдететін және қоғамның цифрлық трансформациясын қамтамасыз ететін негізгі қозғаушы күшке айналды. Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – бұлттық технологиялар мен жоғары өнімді серверлік инфрақұрылымның қолданылуы. ҚР ҰИА серверлері «Академсеть» ЖШС-нің Дата орталығында орналасқан. Барлық жоба орындаушылары жеке аккаунттары арқылы серверге қашықтан қосылып, орталықтандырылған деректер қорымен жұмыс істейді.

Зерттеу барысында қажетті геологиялық, геохимиялық, геофизикалық және қашықтықтан зондтау деректері серверден алынып өңделеді, ал алынған нәтижелер қайтадан серверде сақталады. Мұндай тәсіл деректердің қауіпсіз сақталуын, бірнеше зерттеушінің бір мезгілде тиімді жұмыс істеуін және есептеу ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазақстан тарихында алғаш рет геологиялық деректерді талдау мен пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін болжауда машиналық оқыту, терең оқыту және нейрондық желілер технологиялары кешенді түрде қолданылуда.

Зерттеу нәтижесінде әртүрлі алгоритмдер негізінде болжамдық модельдер әзірленіп, олар минералдық ресурстардың кеңістіктік таралуын жоғары дәлдікпен бағалауға мүмкіндік берді. Бұл тәсілдер геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға және цифрлық геологияның жаңа ғылыми бағытын дамытуға негіз қалады. Экологиялық қауіпсіздік қазіргі заманғы ғылымның ғана емес, мемлекеттің тұрақты дамуының да стратегиялық басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде Қазақстан Республикасының өндірістік қалаларының қоршаған орта мониторингіне арналған Aipol.kz цифрлық платформасы әзірленді.

Платформа атмосфералық ауаның сапасы, қоршаған орта көрсеткіштері және экологиялық мониторинг нәтижелері жөніндегі мәліметтерді жинақтау, сақтау және жүйелі түрде өңдеуді қамтамасыз етеді. Нәтижесінде экологиялық ақпаратты жедел өңдеу мен талдау үдерістері жаңа деңгейге көтеріліп, шешім қабылдау тиімділігі артты. Экологиялық бағытта қалыптасқан ғылыми-тәжірибелік тәжірибе кейін геологиялық барлау саласындағы ауқымды зерттеулерді жүзеге асыруға берік негіз болды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясында IRN BR27100483 жобасы іске асырылып, «Minerals AI» интеллектуалды геоақпараттық платформасы әзірленді.

Жобаның негізгі мақсаты – жасанды интеллект пен Жерді қашықтықтан зондтау технологияларын пайдалана отырып, Minerals.gov.kz бірыңғай жер қойнауын пайдаланушылар платформасының деректері негізінде кенге перспективалы аумақтарды болжаудың ғылыми негізделген технологияларын әзірлеу болды. Жоба барысында тарихи геологиялық қорлар, қазіргі геологиялық барлау материалдары, геофизикалық, геохимиялық және минерагениялық деректер, сондай-ақ спутниктік және аэроғарыштық түсірілім нәтижелері бірыңғай геокеңістіктік ортаға біріктірілді. Кеңістіктік талдау мен картографиялық модельдеу ArcGIS Enterprise платформасының мүмкіндіктері арқылы жүзеге асырылып, көлемді деректерді өңдеуге арналған серверлік инфрақұрылым қалыптастырылды.

Бұған дейін әртүрлі ақпараттық қорларда сақталған геологиялық карталар, геофизикалық өлшеулер, геохимиялық зерттеулер, минерагениялық материалдар және Жерді қашықтықтан зондтау деректері заманауи геоақпараттық технологиялар негізінде бірыңғай цифрлық ақпараттық ортаға біріктірілді. Бұл ақпараттарды «Экосервис-С» ЖШС қызметкерлері өте жоғары дәлдікпен дайындап беріп отыр. Ал ArcGIS Pro, ArcGIS Enterprise бағдарламалары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетінің ғалымдары ESRI компаниясының көмегімен орнатылды. Қалыптастырылған цифрлық инфрақұрылым аса үлкен көлемдегі кеңістіктік деректерді өңдеуге бейімделген.

Бұл геологиялық ақпаратты үздіксіз толықтыруға, ғылыми ұйымдар мен сарапшылардың тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыруға және күрделі есептеулерді жоғары өнімді серверлік ортада орындауға мүмкіндік береді. Осындай технологиялық шешімдер Қазақстандағы цифрлық геологияның дамуына серпін беріп, саланың ғылыми және технологиялық әлеуетін нығайтуға ықпал етуде. Жоба шеңберінде машиналық оқыту алгоритмдері мен жасанды интеллект технологиялары дәстүрлі геологиялық тәсілдерді алмастыру үшін емес, оларды жаңа аналитикалық құралдармен толықтыру үшін пайдаланылды.

Алгоритмдер геологиялық, геохимиялық, геофизикалық және спутниктік деректер арасындағы күрделі заңдылықтарды анықтап, кенге перспективалы аумақтарды ғылыми негізде бағалауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде үлкен көлемдегі геологиялық ақпарат қысқа уақыт ішінде өңделіп, минерагениялық аудандастырудың дәлдігі едәуір артады. Бұл геологиялық барлау жұмыстарының экономикалық тиімділігін арттырып, болашақ кен орындарын іздеуге жұмсалатын уақыт пен қаржылық шығындарды қысқартуға ықпал етеді.

Кеңістіктік модельдеу мен картографиялық талдау толықтай ArcGIS платформасының мүмкіндіктері негізінде жүзеге асырылады. ArcGIS Pro және ArcGIS Enterprise бағдарламалық кешендері геологиялық қабаттарды, геофизикалық өрістерді, геохимиялық аномалияларды және қашықтықтан зондтау материалдарын бірыңғай ортада кешенді талдауға жағдай жасады. Соның нәтижесінде зерттелетін аумақтардың цифрлық минерагениялық модельдері құрылып, оларды нақты геологиялық жағдайларда сынақтан өткізу қамтамасыз етілді.

Бұл тәсіл жекелеген кен орындарын бағалаумен ғана шектелмей, өңірлік деңгейде минералдық-шикізат әлеуетін ғылыми негізде болжауға жол ашады. Жоба нәтижелері ғылыми жарияланымдармен ғана шектелмей, практикалық қолданысқа да бағытталған. Әзірленген әдістемелер мен цифрлық платформалар жер қойнауын тиімді пайдалану, минералдық ресурстарды басқару және геологиялық барлау жұмыстарын жоспарлау барысында қолданылатын практикалық құрал ретінде қарастырылуда. Қалыптастырылған Minerals-ai.kz платформасы геологиялық ақпаратты жинақтау, сақтау, өңдеу және талдау мүмкіндіктерін біріктіретін бірыңғай цифрлық орта ретінде қызмет етеді.

Бұл шешім геология саласындағы цифрлық трансформацияны жеделдетіп, ғылыми негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Жоба аясында алынған ғылыми нәтижелер республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларда таныстырылып, кәсіби ғылыми қауымдастықтың талқылауына ұсынылды. Атап айтқанда, зерттеу нәтижелері Астана, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Өскемен, Орал және Семей қалаларында өткен ғылыми конференциялар мен ғылыми-семинарларда баяндалды.

Бұл ғылыми алаңдар зерттеу нәтижелерінің тәжірибелік құндылығын талқылауға, сала мамандарының тәжірибе алмасуына және зерттеулердің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. ҚР ҰИА мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ғылым техника білім беру салаларындағы есептеу ақпараттық технологиялар» CITech-2026 халықаралық ғылыми конференциясы есептеу технологиялары мен жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын беделді ғылыми алаңға айналды. Ғылыми форумға АҚШ, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші профессорлары мен ғалымдары қатысып, есептеу ғылымдары, математикалық модельдеу, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бағытындағы соңғы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

Осы халықаралық деңгейдегі кездесулер қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми қауымдастықпен ықпалдастығын нығайтып, жаңа бірлескен зерттеулердің дамуына тың серпін береді. Ұлттық инженерлік академия мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушылары бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаларға белсенді қатысуда. Жас зерттеушілер машиналық оқыту, геоақпараттық жүйелер, Жерді қашықтықтан зондтау, кеңістіктік деректерді талдау және жасанды интеллект технологиялары бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жоғары ғылыми нәтижелерге қол жеткізуде.

Олардың қатысуымен геологиялық және экологиялық деректерді өңдеу мен талдаудың жаңа тәсілдері әзірленіп, цифрлық платформаларды жетілдіруге, ғылыми жарияланымдар дайындауға және инновациялық шешімдерді тәжірибеге енгізуге және еліміздегі цифрлық ғылымның дамуына елеулі үлес қосуда. Механика-математика факультетінің математика кафедрасының меңгерушісі С.Қасенов пен есептеу ғылымдары және статистика кафедрасының меңгерушісі А.Темірбеков бұл есептерді шығаруға студенттер, магистранттар мен докторанттарды тарта білді.

Атап айтқанда, жас ғалымдар Д.Тамабай, М.Танашова, А.Керімақын, А.Муратова, З.Сейтмуратова және бакалавр студенттері Н.Пірімжанов, А.Сеитова, Б.Худайберген, А.Сеитова зерттеу жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Батыс Қалба алтын кенді, Ертіс-Қалба сирек металды және Алей-Ашалы полиметалды үш металлогендік қосалқы аймақты қамтыды. Осы аумақта Au, Sb, W, Hg, Ag, Li және Zn элементтерінің кеңістіктік таралуын болжау мақсатында геологиялық, геохимиялық, геофизикалық және қашықтықтан зондтау деректеріне кешенді талдау жүргізіліп, бірыңғай геоақпараттық деректер қоры қалыптастырылды және машиналық оқыту модельдері әзірленді.

Бастапқы деректер ретінде зерттеу аумағының  кеңістіктік сипаттамалары пайдаланылды. Оларға нысанның координаталары, литологиялық ерекшеліктері, геохимиялық және геофизикалық параметрлер және «One-Hot Encoding» әдісі арқылы цифрлық форматқа түрлендірілген категориялық атрибуттар кіреді. Алдын ала өңдеуден кейін белгілердің жалпы саны 873 болды. Машиналық оқыту әдісі осындай белгілерінің деректер қоры бар аймақта мырыш концентрациясын болжау функциясын құруға қолданылды. Есептің мақсаты – шығын функциясын минимизациялау.

Ол үшін заманауи ансамбльдік Random Forest, CatBoost және  XGBoost  әдістері қолданылды. Бұл технологияны ұтымды қолдану есептеу математикасы, ықтималдықтар теориясы және статистика, деректер қорын басқару жүйелері, Python бағдарламалау тілі, Chat GPT жасанды интеллект платформасын пайдалана білуді қажет етеді. Зерттеу нәтижесінде пайдалы қазбалардың таралу заңдылықтарын анықтауға, перспективалы минералдану аймақтарын айқындауға мүмкіндік беретін жоғары дәлдіктегі болжамдық модельдер әзірленіп, ғылыми және практикалық маңызы зор нәтижелерге қол жеткізілді.

Геология саласында жасанды интеллект алгоритмдерін қолдануға арналған бұл компьютерлік бағдарлама Геология Комитетіне, Шығыс Қазақстан әкімшілігіне таныстырылды. Қызығушылық танытқан жеке мекемелер де бар, сондықтан бұл жобаның ғылыми нәтижелері коммерциялизацияланады және болашақта еліміздің пайдалы қазбаларын болжауға қолданылады.

Қорытынды. Ұлттық инженерлік академияның 35 жылдық тарихы – тәуелсіз Қазақстандағы инженерлік ғылымның қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңі. Осы уақыт ішінде Академия ғылыми дәстүр мен инновацияны ұштастыра отырып, ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайтып, еліміздің ғылыми-технологиялық дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінде Академия инженерлік ғылымның жаңа бағыттарын дамытуға, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, экологиялық қауіпсіздік және минералдық ресурстарды тиімді игеру салаларындағы ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталған қызметін табысты жалғастыруда.

Оның басты құндылығы – жоғары білікті ғалымдар мен инженерлер, қалыптасқан ғылыми мектептер және жас ұрпаққа жалғасып келе жатқан сабақтастық дәстүрі. Отыз бес жылдық мерейтой – өткен жетістіктерді қорытындылайтын ғана емес, болашаққа жаңа мақсаттар айқындайтын маңызды белес. Ұлттық инженерлік академия алдағы уақытта да ғылым, білім және өндірістің өзара ықпалдастығын нығайтып, Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуына қызмет ететін жетекші ғылыми-инженерлік орталық ретіндегі стратегиялық миссиясын жалғастыра береді.

 

Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының жасанды интеллект және цифрландыру жөніндегі вице-президенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий