Қорғаныс саласы мамандарын даярлауға озық цифрлық шешімдер енгізілуде

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып саналатын әскери білім беру жүйесін бекітілген кезеңдер бойынша жаңғырту саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінде бұл жүйеге отандық жалпы білім беру жүйесінің бірыңғай нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік кеңістігінде жұмыс істейтін тоғыз әскери оқу орны кіреді. Мамандарды даярлау техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары білім, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру магистратура және докторантура деңгейлері бойынша жүргізілуде.

– Осылайша, сержанттық құрамнан бастап офицерлер мен әскери ғалымдарға дейінгі кәсіби өсудің үздіксіз жүйесі қалыптастырылады. Биылғы жылы оқу орындарына қабылдау науқанының қорытындысы бойынша, әскери колледждердегі жеті жүз алпыс орынға 2311 өтініш қабылданып, бір орынға орта есеппен үш талапкерден келді. Ал әскери институттардағы жеті жүз жиырма үш орынға 1526 адам құжат тапсырып, бір орынға шамамен екі талапкерден тіркелді. Бұл әскери оқу орындарына тапсыратын жастар саны артқанын көрсетіп отыр, – деді орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған кезекті баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев.

– Айта кетейік, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерге құжат қабылдау осы шілде айының 31-іне дейін жалғасады. Сондай-ақ әскери оқу орындарына құжат тапсыру жеңілдеді, құжатты енді онлайн тапсыруға болады. Қазақстанда әскери кадрларды даярлау жүйесі колледжден бастап докторантураға дейінгі барлық білім беру деңгейін қамтиды. Бүгінде әскери білім беру жүйесі тәжірибеге басымдық беріп, курсанттарды қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сай оқытуға бағытталған. Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру жүйесіне отандық жалпы білім беру жүйесінің бірыңғай нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік кеңістігінде жұмыс істейтін 9 әскери оқу орны кіреді.

Ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарында мемлекеттік авиация, әскери медицина, цифрлық технологиялар мен автоматтандыру, сондай-ақ дене даярлығы бағыттары бар екен. Бұл жүйе тегін білім алуға, мемлекет есебінен әлеуметтік қамтамасыз етілуге және оқу аяқталғаннан кейін қызметке орналасуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Сондықтан әскери мамандыққа қызығушылық жыл сайын артып келеді, – деді ол. Қазіргі оқыту жүйесінің ерекшелігі неде Қазақстанда әскери оқу орындарына түсуді қалайтын жастар саны артып келеді.

Еліміздің талапты жастары үш әскери институт пен бес әскери колледж және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде таңдаған мамандықтары бойынша арнайы білім алуда. Офицерлер Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, сондай-ақ Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында даярланады. Ал сержанттар құрамын Астана, Щучинск, Қарағанды, Шымкент және Алматы қалаларындағы әскери колледждер оқытады.

– Әскери білім беру жүйесінің ең жоғарғы сатысы – Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті. Бұл жоғары оқу орнында магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша әскери мамандар даярланып, Қарулы Күштердің басшылық құрамының біліктілігі жетілдіріледі. Оқу орындарына қабылдау қолданыстағы заңнамаға сәйкес рейтингтік тізімдер негізінде жүргізіледі. Егер талапкерлердің көрсеткіштері тең болса, «Қазақстан Республикасындағы әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 39-бабында көрсетілген азаматтарға басымдық беріледі. Олардың қатарында әскери қызмет өткеру өтілі бар әскери қызметшілердің балалары, «Алтын белгі» иегерлері және халықаралық әрі республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары бар, – деді Мұрат Қуатбекұлы.

Спикердің айтуынша, әскери білім беру жүйесінде тәжірибеге басымдық беріледі. Сол үшін далалық сабақтарға, командалық-штабтық және тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларға көбірек көңіл бөлінуде. Оқу бағдарламасы әскери қызметтің нақты жағдайына бейімделіп құрылған. Дайындық барысында қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесі негізінде әзірленген сценарийлер пайдаланылады. Курсанттар уақыт тапшылығы, ақпараттың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жеке құрам мен әскери техниканың қауіпсіздігі үшін жоғары жауапкершілік жағдайында жедел әрі тиімді шешім қабылдауға машықтанады.

Сонымен қатар оқу бағдарламасының міндетті бөлігі ретінде курсанттар қолданыстағы әскери бөлімдерде тағылымдамадан өту міндеті бар. Бұл олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, оқуын аяқтамай тұрып-ақ әскери қызметтің нақты жағдайымен танысуына мүмкіндік береді. Курсанттар дрондарды қолдануды да меңгереді. Қазіргі әскери даярлықта ұшқышсыз авиациялық жүйелермен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады. Себебі қазіргі қарулы қақтығыстарда ақпаратты жедел алу мен дәл әрекет ету шешуші рөл атқаратындықтан, мұндай құзыреттер әскери мамандарды даярлаудың ажырамас бөлігіне айналған.

Қорғаныс министрлігінің бағалауынша, үздіксіз әскери білім беру жүйесі қазіргі заманғы технологияларды меңгерген, әскери басқарудың жаңа тәсілдерін игерген және кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын кәсіби офицерлер корпусын қалыптастыруға бағытталған. Ведомство тарапынан бұл жүйе әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін тұрақты арттырып қана қоймай, әскери ғылымды дамытуға және Қарулы Күштердің кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретіндігіне сәйкес тиімді тәсіл ретінде бекітілген. Мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтарға толыққанды мемлекеттік білім беру гранттары беріледі. Грант иегерлері жоғары оқу орындарында тегін білім алып, мемлекеттік шәкіртақы мен жатақханадан орын алу мүмкіндігін пайдаланады.

Және мерзімді әскери қызметтен кейін жоғары оқу орнына түскен азаматтар конкурсқа қатыспай-ақ әскери кафедрада запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша тегін білім алуға толық құқығы бар. Байқаудың іріктеудің нәтижелері «Срочники 2.0» платформасында және жобаның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады. Оқуға қабылдау туралы сертификаттың бар-жоғын платформаның «Іздеу» бөлімі арқылы жеке деректерді енгізіп тексеруге болады. Бұл жоба салалық министрліктің бастамасы бойынша соңғы үш жылдан бері қолданылып келеді. Әскери колледж түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарынсыз әскери институтқа түсе алатындығы белгілі болды.

– Үш жүзден астам қазақстандық курсанттар шетелдің (Қытай, Түркия, Корея Республикасы, АҚШ, Ресей, Әзербайжан, Армения және Беларусь) әскери жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық тәжірибені меңгеріп жүр. Оқу халықаралық келісімдер аясында қазақстандық Қарулы Күштер үшін сұранысы жоғары мамандықтар бойынша ұйымдастырылады. Сонымен қатар бейіндік ведомство отандық жетекші азаматтық жоғары оқу орындарымен де ынтымақтастықты дамытуды қолға алды. Бірлескен білім беру бағдарламалары әскери медицина, дене даярлығы, аударма ісі, әскери құрылыс, әскери оркестр және дирижерлік қызмет бағыттарын қамтиды, – деді министрліктің өкілі.

– Бұл әріптестік байланыс әскери және азаматтық білім беру салаларының ғылыми әлеуетін ұштастырып, мамандар даярлау мүмкіндігін кеңейтуге және түлектердің кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Кейінгі кезде болашақ әскери қызметшілерді ерте кезеңнен даярлауға басымдық берілуде. Осы мақсатта еліміздегі бес әскери колледжге 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуға түсудің мүмкіндіктері қарастырылған. Колледжде оқу барысында курсанттар мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етіледі. Олар әскери ант қабылдап, әскери қызмет өткеру туралы келісімшартқа қол қояды. Оқуды аяқтаған соң түлектерге сержант әскери атағы мен мемлекеттік үлгідегі диплом беріліп, қарулы күштер қатарындағы әскери қызметке жіберіледі.

ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаевтың мәлімдеуінше, офицерлерді даярлау барысында әскерлерді автоматтандырылған басқару жүйелерімен, цифрлық барлау және байланыс құралдарымен жұмыс істеу, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерге қарсы іс-қимыл жасау құзыреттері қалыптастырылады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрес, әуе кеңістігін қорғау және ақпараттық қауіптерді бейтараптандыру қазіргі әскери даярлықтың ажырамас бөлігіне айналған. Технологиялық дамумен қатар болашақ әскери қызметшілердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Ең басты ұстаным – тек кәсіби мамандарды ғана емес, жауапты шешім қабылдай алатын, жеке құрамға жауапкершілікпен қарайтын және ең күрделі жағдайда бөлімшенің орнықтылығын сақтай білетін командирлерді тәрбиелеу.

Шырақ әл-ШАБАНИ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий