Жұмыссыз жүрген жалқау жастардың жігерін жанитын жолдар жаңылдырмайды
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен жуырда жұмыссыз азаматтарды және NEET санатындағы кейінгі буын өкілдерін тұрақты еңбекпен қамту мәселелері жөнінде кеңес ұйымдастырылған болатын. Бұл басқосуға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысып, осы бағытта атқарылған шаралар мен алдағы мақсат-міндеттерді талқыға салды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отыз бес мыңнан астам адамды қамтитын жұмыссыз азаматтардың басым санаттарын жұмыспен қамту жоспарының орындалу нәтижелерін таныстырды. Бүгінде олардың сегіз миллион төрт жүз мыңы жұмысқа орналасып, 12 мыңға жуық азамат бұл бағыттағы есептен шығарылған. Сонымен қатар ведомство жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерді ұсынды. Павлодар облысында жасанды интеллект негізінде әзірленген цифрлық жұмыспен қамту қызметінің қанатқақты жобасы іске қосылғаны белгілі болды.
Жасанды интеллект азаматтар туралы деректерді талдап, Telegram-бот арқылы оларға сәйкес келетін бос жұмыс орындарын, оқу бағдарламаларын және өзге де қолдау шараларын ұсынатын көрінеді. Екіншіден, халықтың әлеуметтік осал санаттарымен жұмыс істеуге арналған мансап орталықтарының бірыңғай әдістемесі бекітілді. Ол әрбір азаматқа жеке тәсіл қолдануды және жұмысқа орналасқанға дейін қолдау көрсетудің нақты алгоритмін көздейді. Жиын барысында халықты жұмыспен қамту жоспарының жүзеге асырылу нәтижелері де қаралды. Қазіргі уақытта жоспар қырық алты пайызға орындалған. Биыл бес жүз қырық сегіз мыңнан астам адамды тұрақты еңбекке жұмылдыру жоспарда тұр.
Сондай-ақ мансап орталықтарының қызметін азаматтардың сұранысына бейімдеу жұмыстары жалғасуда. Негізгі міндет – жұмыс іздеушілерге қызмет көрсетудің барлық кезеңінде жеке қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу. NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мәселесіне осы жиын барысында ерекше назар аударылғанын айрықша атап айтқанымыз абзал. «Отбасының цифрлық картасы» платформасының деректеріне сәйкес, еңбекпен, білім алумен немесе өзге де қызметпен қамтылмаған жастардың саны 6,7 пайызға азайған. Түркістан облысында ең жоғары төмендеу көрсеткіші тіркеліп, отыз бір жарым пайызды құрапты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, мұндай оң нәтижеге жастар ресурстық орталықтарының жүйелі әрі нысаналы жұмысы және «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілген. Ведомство жобаны жыл бойы жүзеге асырылатын форматқа көшіруді және жастар еңбек жасақтарының қызмет бағыттарын кеңейтуді ұсынды. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру арқылы ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға бағытталған жұмыстардың қорытындыларына келелі кеңеске жиналғандар басты назар аударған болатын.
Спикерлер тарапынан жоғары оқу орындарында еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау, қажет болған жағдайда оларды қайта оқыту қажеттілігі ұсынылды. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында дуальды оқыту жүйесі жоғары тиімділік көрсетіп отыр. Колледж түлектерінің жетпіс екі пайызға жуығы алған мамандығы бойынша түрлі кәсіпке орналасқан. Сонымен қатар жұмыспен қамту көрсеткіштері орташа республикалық деңгейден төмен өңірлердегі жағдай жеке қаралды.
Маңғыстау облысына ерекше назар аударылып, Премьер-министрдің орынбасары өңір жастарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің арнайы тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Аида Ғалымқызы басқосуды қорытындылау кезінде жұмыссыз азаматтармен және NEET санатындағы жастармен жүргізілетін нысаналы жұмысты күшейтіп, оларды жұмысқа орналасқанға дейін тұрақты түрде сүйемелдеудің қажеттілігін қаперге салды. Педагогтер мен медицина қызметкерлерін жұмыспен қамту мәселелері бойынша да жеке тапсырмалар берілді. Салалық мемлекеттік органдарға аталған мамандардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін қосымша тетіктерді әзірлеу міндеті жүктелді.
NEET термині халықаралық деңгейдегі ғылыми терминдердің айналымына ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымының бас әріптерінің негізінде тұрақты еніп, осы бағыттағы әлемдік өзгерістерді жан-жақты зерделейтін сарапшы мамандардың зерттеулерінде кеңінен қолданылып келеді. Қазақ тіліне аударсақ, «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» деген түсінік-танымды білдіреді. NEET – жаһандық жастар үшін өткен жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай пайда болған мемлекеттік маңыздағы мәселе. Бұл жайсыз жағдайды жаһан жұртшылығына алғаш рет жариялаған ұлыбританиялықтар еді. Бүкіләлемдік банк жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған түйінді тақырыпты тұрақты сараптауына қарап, бұл бағыттағы көптеген келеңсіздіктердің тым күрделеніп кеткендігін көреміз. Бекітілген термин көбінесе 15-34 жас аралығындағы азаматтарға қатысты қолданылады. Бірақ нақты жас шегіне байланысты талаптар біркелкі емес. NEET қатарындағылардың жасы кейбір дамыған мемлекеттерде 15-24 немесе 15-29 ретінде белгіленген. Қазақстанда бұл шек осыдан үш жыл бұрын 15-34 жас болып бекітілгенін білдік.
Түркістан облысында жыл басынан бері мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында 4536 іс-шара ұйымдастырылып, оған төрт жүз отыз төрт мыңнан астам жергілікті ұл мен қыз белсене қатысқаны ресми түрде мәлімделді. Және осы өңірде биылғы осы мерзімде 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Аймақтағы жастар саясатын іске асыру мәселелері облыс әкімінің төрағалығымен ұйымдастырылған кезекті мәжілісте талқыланды.
– Облыстың жастар саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарға талдау жүргізіп, жаңа қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді қолға алыңыздар. Одан өзге жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және оның деңгейін төмендету, жұмыспен қамту, көшбасшы жастарды даярлау бағытындағы жұмыстарға баса назар аударылғаны жөн. Бұдан бөлек жастар арасында цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту, ғылыми-техникалық мамандықтардың маңыздылығын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір жетекшісі жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудару қажеттілігін ескертіп, осы саланың жауапты мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Мәжілісте облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жастар арасында бірқатар өзекті мәселелердің анықталғандығын жеткізді. «Отбасын қолдау орталықтары» арқылы жастар мен жас отбасыларға отбасын жоспарлау, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеу және отбасы жауапкершілігін нығайту бойынша жоспарлы шаралар атқарылып келеді.
Түркістан мен Кентау қалаларына қоса Төлеби ауданында «Жастар денсаулық орталықтары» жұртшылыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп тұр. Жыл басынан бері аудандар мен қалаларда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде интернет-алаяқтықтың, сыбайлас жемқорлықтың және нашақорлықтың алдын алу мақсатында бес жүз тоқсан нысанда аудиоджинглдер қосылып, 650 ақпараттық плакат орналастырылған.
«Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында өткен оқу жылында жеті мыңнан астам профилактикалық кездесуге 450 мыңнан астам оқушы қатысыпты. Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев осы жиында атқарылған жұмыстарды ортаға салды. Аймақ бойынша жалпы саны он сегіз жастар ресурстық орталығы мен 149 волонтерлік ұйым бар және жиырма жеті мың жеті жүз он үш ерікті жас тіркелген. Сондай-ақ жастарға арналған 1540 үйірме жүйелі жұмыс істейді. «Жастар» республикалық ғылыми-зерттеу институтының мамандары биыл жастардың кәсіби бағдарын зерделеу мақсатында аудан, қалаларда NEET санатындағы бір мың жеті жүз жергілікті жастармен кездесулер ұйымдастырғанын білдік.
Нәтижесінде жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бағытындағы ұсыныстар әзірленгені белгілі болды. «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде осы жылдың басында 12 мың 23 NEET санатындағы жас тіркелсе, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде олардың саны сегіз мың үш жүз отыз екі адамға дейін азайып, мансап орталықтары арқылы 1567 жас жұмыспен қамтылған екен. Сонымен қатар жұмыссыз және NEET есебіндегі жастарға облыстағы он алты өндірістік кәсіпорынға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, оған 1685 жас тартылыпты. NEET санатындағы жастарды алдағы уақытта кәсіби бағдарлау, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы мен Skills Enbek платформасы арқылы кәсіптік оқытуды жалғастыру жоспарланған.
Кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру бағытында биыл 44 мың 967 жасқа кеңес беріліп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп, «Бастау бизнес» жобасы аясында бір мың бір жүз қырық үміткер қаржылық грантқа ие болды. Жастарды әскерге тарту бағытындағы шаралар да ұтымды ұйымдастырылып, көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында тіәркеуде тұрған екі мың төрт жүз жетпіс бозбала азаматтық борышын өтеуге аттанғаны айтылды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында облыс жастарының экологиялық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін және еріктілік қызметін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
– «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында шығыс өңірде 415 сенбілік ұйымдастырылып, оған тоқсан сегіз мыңнан астам жергілікті өрендер кеңінен қатысулары арқылы жеке үлестерін қосқан еді. Отбасының цифрлық картасы деректеріне сәйкес NEET санатындағы жергілікті жастардың биылғы саны үш мыңға жуықтап тұр. Екі мыңдайы төлқұжаттық тіркелімі бар қалалары мен аудандарының аумағында болса, қалғаны тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерден тыс жерлерде тұрады, – деді Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова.
– Осыған орай жергілікті саланың мамандарына бұл санаттағы азаматтармен жұмыс істеу белгілі бір қиындықтар тудыруда. Жастарды жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердегі және жеке кәсіпкерлердің сұранысындағы айлық мөлшері төмен жұмыстарға жіберсек, жалақысы көп бейнеті аз қызметтерді таңдау себепті бармаудың көп сылтауын айтады. Бірақ біз ішкі саясат басқармасы және басқа да мүдделі орындармен бірлескен түрде жүйелі жұмыстарды жалғастырудамыз. Айтылған аудандардың дені жыл басында таныстырған жобаларына сәйкес, қажетті қаржы жоқтығын айтқанымен бүгінгі таңда қаражат табылды десе де жұмыс орындарын ашуға асығар емес.
Нұрымбет Сақтағанов облыс әкімі ретінде кезекті жиынның барысында осы салаға жауапты тұлғаларға жастарға мемлекеттің саясатын түсіндіру жұмыстарының аясында еңбек адамдарына сұраныс бар ұжым басшыларының қатысуында арнайы жұмыс жәрмеңкелерін ұйымдастыру қажеттілігін ұсынды. Кейбір мердігер ұйымдар электронды еңбек биржасына қатыспай, қажетті мамандарды адамдарды ресми емес санатта жасырын жұмысқа қабылдайтындықан бос орындар статистикалық есепке енбеген. Қысқасы, сандық платформаларда деректердің шықпауы, зейнетақы жинағының түспеуі және электрондық еңбек келісімшарттарының болмауы жұмыс орындарын ашуға кедергі келтіріп отыр. Бұрыннан бар тіркеуден шығып, басқа жерге қайта тіркелетіндер де жетерлік.
– Біздің аймақта жұмысқа орналастыру бойынша сұрақ мүлде туындамауы керек. Себебі, біздегі Enbek.kz электронды еңбек биржасында 15 мың жұмыс орны бар. Ал сіз жарты жылдан бері бір мың бес жүзден астам адам жұмыссыз жүр, бүгінге дейін тек елу жеті жерлесіміз тұрақты еңбекпен қамтылғанын айтып отырсыз. Бұл түсініксіз жағдай неден туындап отыр?, – деді спикердің сөзіне байланысты орынды сауалында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
– Шындығында ол 1503 адам жарты жылдан бері ресми түрде есепте алынғанымен, бірде тіркелімге тұрады және артынша шығып кетіп жатады. Ең алдымен, біз осы санат бойынша сараптама жүргізе бастағанда ауылдардағы тұрғындар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарында болған. Бірінші себебі – осы. Келесі, осы адамдардың көп бөлігі жұмысынан айырылуы бойынша жәрдемақы алу үшін арнайы есепке тұрған. Қазір оларға қоңырау шалумен қатар арнайы кездесуге кірістік. Басқарма тарапынан оларға кәсіпорындарға жұмысқа тұру үшін үш мәрте жолдама беріледі, – деді Альмира Әскерханқызы.
– Егер олар кәсіпорындарға барып, жұмыс берушімен кездеспесе немесе бос жұмыс орындарына тұрудан бас тартса, сол жолдаманы қайтарып алған соң ресми тіркеу есебінен шығару қажеттілігін көріп отырмыз. Алайда тіркеуден шығарылғандар жұмыс таппай біраз уақытын өткізген соң қайта есепке алуға өтініш жазуға мәжбүр болады. Бұл бағытта аудан әкімдігі жұмыссыз жүргендерге тиімді қолдау түрлерін ұсынғандары дұрыс. Себебі бізге келген жұмыссыз жастардың көбі қабілеттері мен бейімділіктеріне сәйкес жеке кәсіптерін ашу үшін қандай мүмкіндіктер барын жиі сұрайды.
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында солтүстікқазақстандық еңбек ұжымдары тарапынан осы кезге дейін екі мың жарымға жуық бос жұмыс орны жарияланғанын білдік. Аймақтағы еңбек нарығында ең алдымен денсаулық сақтау жүйесіндегі жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен фельдшерлерге қоса мейірбикелер жетіспеуде. Энергетика саласында электрмонтерлер, электргазбен дәнекерлеушілер, электрслесарьлар және инженер-энергетиктер тапшы болса, өндіріске токарьлар, фрезерлеушілер, слесарьлар мен ағаш ұсталары қажет.
– Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында 284 бос жұмыс орны бар. Тракторшы-машинистер, ветеринариялық дәрігерлер, агрономдар және мал дәрігерлеріне сұраныс жоғары. Айлап маман табылмайтын бос жұмыс орындары бар. Қазіргі кезде жергілікті агроөнеркәсіп кешеніне жоғары техникалық білімі бар кәсіби мамандармен қатар білікті жұмысшы кадрлар да керек. Олардың кейбіріне жұмыс берушілер жоғары еңбекақы ұсынып отыр. Атап айтқанда біліктілігіне қарай тракторшы-машинистерге 650 мың теңгеге дейін, дәнекерлеушілерге сегіз жүз мың теңге төлемек, – деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбатында СҚО еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Алмагүл Рамазанова.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Наурызбаевтың сөзіне сүйенсек, бос жұмыс орындарының саны нақты емес. Өйткені кей жұмыс берушілер қажетті кадрларын өздері іздейді. Мамандар тапшылығының негізгі себептері – жастардың қалаларға көшуі, ауылдық жерлерде еңбек етіп, өмір сүруге деген қызығушылықтың төмендігі және ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдық болуы. Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және заманауи техникаларды пайдалану білікті мамандарға деген сұранысты арттырмаса, кемімейді.
Әсіресе агрономдар, ветеринарлар, инженерлік-техникалық бағыттағы мамандар, механизаторлар мен заманауи ауыл шаруашылығы техникасының операторларына қажеттілік жоғары болмақ. Биыл осы сала бойынша жаңадан үш жүз отыз бес тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жылдың алғашқы жеті айында оның 164-і құрылыпты. Кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, облыстағы 1471 жұмыс берушіге алдағы үш жылда бес мыңға жуық қосымша маман қажет болатынын көрсеткен. Кадрларға ең жоғары сұраныс облыстың орталығында туындайтын түрі бар.
– Петропавлға 3152 жаңа маман қажет болады, бұл жалпы қажеттіліктің алпыс төрт пайызы. Есіл, Аққайың, Ғабит Мүсірепов және Тимирязев аудандарында да кадр тапшылығы сақталып отыр екен. Салалар бойынша мемлекеттік басқару соңғы үш жылда алғаш рет көш бастады. Сонымен қатар дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы, сауда және өңдеу өнеркәсібіне қажетті мамандарға сұраныс тұрақты. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен қамтамасыз ету және ауа баптау жүйелері саласына бес жүз қырық бес білікті кадр қажет. Ең төмен сұраныс тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ ақпарат және байланыс салаларында тіркелген, – деді журналистермен жүздесуінде облыстың кәсіпкерлер палатасындағы адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Ирина Торопова.
Осы құрылымның мәліметі бойынша, қазіргі уақытта жұмыс берушілер арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарында жұмысшы және техникалық бағыттағы кәсіптер көш бастап тұр. Аспаздыққа үш жүз отыз адам қажет. Сондай-ақ электромонтерлерге 220, логопедтерге бір жүз жетпіс сегіз, автослесарьларға 163 және тракторшы-машинистерге бір жүз отыз екі орын бар. Бұдан бөлек алпыс бес инженер-механизатор, сексен бір автомеханик және қырық тоғыз дене шынықтыру пәні мұғалімінің жұмысы босаған. Бухгалтер-кассир, медициналық мейірбике және басқа да жұмысшы кәсіп иелеріне қажеттілік сақталып отырғаны белгілі болды.
Еңбек нарығындағы өзгерістер жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына да әсер еткен. Kozybayev University мәліметінше, «Электр энергетикасы», «Ақпараттық жүйелер», «Құрылыс», «Радиотехника», «Экономика», «Менеджмент» және «Қаржы» мамандықтары бойынша түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші толық жүз пайызды құрағанын көреміз. – Кадр тапшылығы тек өндіріс пен ауыл шаруашылығында ғана емес, мемлекеттік қызмет саласында да байқалады. Өңірдегі мемлекеттік органдарға цифрландыру, экономика, қаржы, басқару және құқық салаларын меңгерген мамандар қажет, – дейді осы өңірлік университеттің өкілдері басылым бетінде.
Осыған байланысты ақпараттық жүйелер, экономика, менеджмент, қаржы, есеп және аудит, құқықтану бағыттарының түлектеріне сұраныс артқан. Қазіргі таңда ақпараттық технология жылдам дамыған жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілеттілік артып, заман талабына сай еңбек нарығының талаптары мың өзгерген құбылмалы қоғамда жұмыс берушілерге тек теориялық білім ғана емес, өндірістік тәжірибесі қалыптасқан біліміне білігі сай мықты мамандар керек. Солтүстік Қазақстан университеті осыған орай өңірді қуатты кәсіпорындар мен серпінді серіктестіктер арасында бұрыннан бар бірегей байланысты бекемдеу арқылы тараптардың ынтымақтастығын күшейтіп келеді.
Отандық ет пен сүт өндірісін дамыту, мал өнімдерін өңдеуді жетілдіріп, ет экспортын ұлғайту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы еліміздің молшылығын жасайтындар, әрине, қарапайым еңбек адамдары. Солардың бірі сарыкөлдік тәжірибелі механизатор Қабдол Абдрахманов. Ол қырық жылдан бері комбайн тізгінінде. Кеңес дәуірінен бері осы ауданның бірнеше ұжымшарында үзіліссіз жұмыс істеп, егін озаты атанған. Қостанай облысы бойынша осы саланың ілгері дамуына қосқан қажырлы еңбегі үшін көптеген марапат пен сыйға кенеліпті. Тимирязев ауылының байырғы тұрғыны. 1971 жылдан бері түтін түтетіп отыр.
«Утемисов» шаруа қожалығының тәжірибелі, үздік маманы. Биыл тұрақты жұмыскер ретінде орақ науқанына соңғы рет шықпақ. Зейнет жасына келді. Бірақ оны алмастыратын жастар болмағандықтан денсаулығы жараса шаруашылық басшыларының өтінішімен жұмыстарына жәрдемдесуі мүмкін. – Құтты қоныста механизаторлар тапшы. Жастар бұл мамандыққа жолағысы келмейді. Бәрі қалада. Жұмысқа қайта шақырса, күш-қуатым жеткенше егін ору маусымына қатысудан басқа амал жоқ. Сырттан келіп жатқан бірді-екілі мамандардың жасы ортадан асқан. Алдағы уақытта аға буынды алмастыратын кейінгі толқынның жоқтығына алаңдаймыз, – дейді ол.
– Жастар қаладағы жайлы өмірді қалай ма, ауылда қалып қоямын деп қорқа ма, жай ғана жалқаулық па, әлде ата-ана тәрбиесі сондай ма – оның себебі өздеріне аян. Рас, қожалық басшылығы аудандық колледжден студенттер шақырды. Бір ғана жас бала тәжірибеден өтіп жүр. Жан-жақтан білгенімізді үйретіп жатырмыз. Бірақ осында жұмыс істеуге қалатынына кепіл бар ма? Баланың диплом алғаннан кейінгі шешіміне байланысты ғой. Тәжірибе мерзімінде студентке жалақы да төленеді. Жалпы еңбекақы мөлшері жақсы. Қажетті отын-су мен жем-шөпті ұжым мүшелерінің үйіне тегін түсіріп береді. Ол жағынан еш алаң жоқ.
– Табыс ауылдағы тұрмысқа жетіп артылатындығын бағамдауға болады. Кейіпкер ағамыз осы жолғы егін егу жұмысында 2,2 миллион теңге ақша тауыпты. Жиын-терім кезінде бұл сомадан екі есе жалақы алатындығына сеніп отыр. Техника жөндеу сияқты күнделікті жұмыстардың құны екі жүз мың теңге. Қыс бойы жұмыс істемесе де, әр ай сайын 40-50 мыңнан аванс беретіндігін айтты. Ақша жағынан аса қысылып жатқан жан жоқ. Қандай да бір тұрмыстық қиыншылық туындаса немесе жиын-той бола қалса, қарыз беретін көрінеді. Бұл әлденеше есе үстемемен әрең алынатын банктің несиесіне ұрынғаннан жақсы, – деп жазады «Қостанай таңы» облыстық газетіндегі әріптесіміз Жандос Балғынбекұлы.
Сосын бұл берешек егістік табысы қолға түскен соң есептеледі екен. Қазір шаруа қожалығында елу шақты адам жұмыс істесе, оның он жетісі механизатор. Жыл сайын мектеп бітіретін жас түлектер жаңа буын жұмысшы мамандығын меңгерген соң ауылға таңдау жасаса, мемлекет пен шаруашылық қожалығы тарапынан жасалар жағдай, көрсетілер жәрдем де олқы түспейтін түрде. Бір ғана кемшілігі шағын ауылда дәл қазіргі уақытта бос тұрған үй жоқ. Бұл – еліміздің аумағындағы болашағы бар санаттағы көптеген мәуелі мекендерге ортақ түйткіл. Қажетті мамандарға арналған жаңа баспаналар салынса, алыс ауылдарға баратын жастар табылатын шығар.
Шырақ әл-ШАБАНИ
Загрузка...



