Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен шілде айының 30-ы күні техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған кезекті кеңес ұйымдастырылған болатын. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығы мен экономиканың сұранысына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды.

Салалық ведомство жетекшісі хабарлаған ресми мәліметке жүгінсек, соңғы үш оқу жылы ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне көрсетілетін мемлекеттік қолдау едәуір күшейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 48,4 мың орынға ұлғайып, нәтижесінде колледж студенттерінің саны 542,7 мыңнан 556,2 мың адамға дейін өскен. Кадр даярлау көрсеткіштерінде де оң үрдіс байқалады. Соңғы үш жылда бітірушілер саны шамамен жиырма пайызға артуына байланысты жұмысшы біліктілігі бойынша түлектер саны 26,5 пайызға, орта буын мамандары бойынша он жеті пайызға көбейгенін білдік.

Техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнын жетілдіру алдағы кезеңдегі басым міндеттердің бірі болмақ. Осы бағытта колледждердің білім беру бағдарламаларын жаңарту, еңбек нарығының сұранысына сәйкес кадрлар даярлау сыныптауышын өзектендіру және мамандар даярлаудың заманауи тәсілдерін енгізу жұмыстары жалғасады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық мамандықтардың беделін арттыруға және экономиканың басым салаларына қажетті білікті кадрларды даярлауға ерекше назар аудару қажеттігі осыған байланысты айрықша атап айтылды.

Аида Ғалымқызы кеңес барысында экономикаға қажетті кадрларға деген сұранысты болжау мәселесіне ерекше көңіл бөліп, ең алдымен заман талабына сай келмейтін және еңбек нарығында сұранысы жоқ білім беру бағдарламаларын қысқартып, олардың орнына нақты қажеттілікке негізделген жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллекттің, инновациялардың, цифрландыру мен роботтандырудың қарқынды дамуы жағдайында кадрларға деген қажеттілікті болжау жүйесі де жаңа талаптарға сай қалыптастырылуы тиіс.

Сонымен қатар колледждердің инфрақұрылымын жаңғыртуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беру қажеттігі айтылды. Дуальды оқыту жүйесін кеңейту және жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастықты күшейту де маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Сондай-ақ экономиканың кадрларға деген қажеттілігін болжау тетіктерін жетілдіру және бизнес қауымдастықпен әріптестікті дамыту жұмыстары жалғасады. Премьер-министрдің орынбасары кеңес қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай тұрақты түрде жаңартып отыруды, колледждердің жұмыс берушілермен байланысын күшейтуді және дуальды оқыту жүйесін одан әрі кеңейтуді тапсырды.

Сонымен қатар цифрландыру, роботтандыру және инвестициялық жобаларды іске асыру үдерістерін ескере отырып, экономикаға қажетті кадрларға тұрақты болжам жасауды қамтамасыз ету, колледждердің инфрақұрылымын жаңғырту, өндірістік практиканы ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.

– Түркістан облысында колледждердің кәсіптік білім беру сапасын арттыру, инфрақұрылымын жаңғырту және түлектерді мамандығына сәйкес жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы салаға қатысты мәселелер аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалық жасаған кезекті апталық аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, білім саласындағы өзекті мәселелер мен қолға алынған жұмыстар туралы баяндады, – деп хабарлады осы өңірдегі салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Жергілікті аумақта елу колледж тұрақты жұмыс істейді (жиырма сегізі мемлекеттік және жиырма екісі жеке иелікте). Осы техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарындағы сексен төрт мамандық бойынша 39 мың 299 студент білім алуда. Отыз екі мың сегіз жүз сексені мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыса, 6419-ы ақылы негізде оқуға түскендер. Бұл колледждерде ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, туризм, техника және технология, медицина, өнер, гуманитарлық ғылымдар мен білім беру салалары бойынша бәсекеге қабілетті және еңбек нарығындағы сұранысқа сай кәсіби мамандар даярлана бастаған.

Арнайы мониторинг нәтижесіне сәйкес, колледждерге бірқатар цифрлық платформаларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беретін 46 колледж жоспарлы мониторингпен қамтылған. Атап айтқанда, студенттердің сабаққа қатысуын автоматты түрде растауға арналған Face ID жүйесі енгізілгені белгілі болды. Бұл жүйе басқармаға қарасты жиырма бес мемлекеттік колледждің 20-сында іске қосылған. Сонымен қатар төлемдердің толық ізін сақтау үшін «Фаворит» бірыңғай бұлтты бухгалтерлік жүйесінің тиімділігі тексерілуде.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жасанды интеллект негізінде әзірлеген бағаның ауытқуын анықтайтын «Baqylau-kz» платформасын енгізу жұмыстарын жалғастыруда. «Жас маман» жобасы аясында былтыр он бір колледжді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінген екен. Білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары белгілеген кезеңдерге сәйкес жүйелі орындалуда.

Білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ресми ақпарат бойынша былтыр 12 мың 619 студент оқуын аяқтап, оның сексен бір пайызы тұрақты еңбекпен қамтылған көрінеді. Соның ішінде тоғыз мың бес жүз екі жас түлек жұмысшы мамандықтары бойынша нақты жұмысқа орналастырылған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған 10 мың 43 дипломды жас мамандардың сегіз мыңы іздеген кәсіптерін тауыпты. Биылғы түлектердің саны – 13 мың 223. Жылдың қорытындысымен жұмыспен қамту көрсеткішін 83 пайызға жеткізу жоспарда бар.

Жиын барысында өңір басшысы қаржылық тәртіпті күшейту, сатып алу тәуекелдерін азайту және цифрлық деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету бойынша салаға жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеді. Көтерілген мәселелер сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс екені еске салынды. Айта кетейік, колледждерді басқарудың жаңа моделін қалыптастыру, сенімгерлік басқаруға берілген колледждердің инвестициялық міндеттемелеріне кешенді талдау жүргізу күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің қатарында.

Face ID және ЖСН арқылы цифрлық сәйкестендіру жүйесін жетілдіру, нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін басқарушылық дашборд қалыптастыру, сондай-ақ түлектерді жұмыспен қамту көрсеткішін арттыру және білікті кадрлар даярлау жұмыстарын тұрақты жалғастыру көзделіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіби білім беру саласын дамыту арқылы сапаны арттыруды тапсырған болатын. Бұл ретте осы облыста аймақ жетекшісінің тікелей қадағалауымен ауқымды жұмыстар жүйелі атқарылуда.

Облыстағы отандық өндіріс пен компания, орта және шағын бизнес өкілдерінің талаптарына сай қажет мамандарды даярлау, оларды жұмыспен қамту бағытындағы ілкімді істер жалғасып жатыр. Осыған орай жуырда алдағы жаңа оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кадрларды даярлау бойынша он бес мың алты жүз орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Бүгінгі күнге 24 мың 549 орынға сұраныс түсіп, оның 17 мың 42-сі аудан және қала әкімдіктерінің ұсыныстары бойынша қалыптастырылған.

Колледждерге құжат қабылдау өткен маусым айының жиырма бесінен басталып, тамыздың 29-ына дейін «OQU» ұлттық білім беру платформасы арқылы жүргізілуде және қазіргі таңда шілде айының жиырмасына дейін жинақталған мәліметтерге сәйкес бес мың бес жүзден астам талапкердің өтініші қабылданыпты. Мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығының нақты қажеттілігі, инвестициялық жобалар, жұмыс берушілердің сұранысы және колледждердің мүмкіндіктерін ескерудің нәтижесінде жасақталғаны айрықша атап айтылды.

Ауыл шаруашылығы, ветеринария, қайта өңдеу, құрылыс, инженерлік инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, туризм және қызмет көрсету салаларындағы техникалық және жұмысшы мамандықтарға басымдық берілгенін білдік. Өткен жылы облыс колледждерін таңдаған мамандықтары бойынша тәмамдаған түлектердің жартысынан жоғарысы қалаған жұмыспен қамтылған еді. Сондықтан жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы сапалы білім беруге, қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға және әрбір түлектің маманданған кәсібі бойынша тұрақты еңбекке орналасуына бағытталыпты.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий