Ұлттық инженерлік академия – ел дамуының зияткерлік өзегі
Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының құрылғанына 35 жыл толды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның инженерлік ғылымы мен өндірістік әлеуетінің қалыптасу жолын айшықтайтын айтулы белес. Осы уақыт ішінде Академия еліміздің ғылыми-техникалық қуатын нығайтуға, ғылым мен өндірістің байланысын тереңдетуге, инженерлік кадрлар даярлауға және инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанның алдында экономиканы жаңа жағдайға бейімдеу, өндірістік әлеуетті сақтап қалу, ғылыми мектептердің сабақтастығын үзбеу және табиғи ресурстарды ел игілігіне тиімді пайдалану секілді күрделі міндеттер тұрды. Ұлттық инженерлік академия дәл осындай жауапты кезеңде отандық ғалымдар мен инженерлердің басын қосып, ғылыми идеяларды өндірістік қажеттіліктермен ұштастыратын маңызды зияткерлік ортаға айналды. Оның 35 жылдық қызметі тәуелсіз Қазақстанның индустриялық даму тарихымен тығыз сабақтасып келеді.
Қазіргі әлемде мемлекеттің қуаты табиғи байлығының көлемімен ғана өлшенбейді. Елдің шынайы әлеуеті сол байлықты тиімді игеріп, жоғары технологиялы өнімге айналдыра алатын инженерлік ойдың деңгейімен бағаланады. Жер қойнауындағы ресурс өздігінен экономикалық артықшылық әкелмейді. Оны зерттейтін, өндіретін, өңдейтін, қауіпсіз тасымалдайтын және дайын өнімге айналдыратын білікті инженерлер мен заманауи технологиялар қажет. Сондықтан инженерлік ғылым – экономикалық өсудің ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық тәуелсіздіктің де негізгі кепілі.
Қазақстан экономикасының жетекші салалары саналатын мұнай-газ өнеркәсібі, тау-кен металлургиясы, энергетика, көлік, құрылыс, агроөнеркәсіп және цифрлық технологиялардың барлығы инженерлік шешімдерге сүйенеді. Жаңа зауыттың іске қосылуы, өндірістік желінің жаңғыртылуы, жол мен көпірдің салынуы, энергияны үнемдейтін технологияның енгізілуі немесе экологиялық қауіпсіздік жүйесінің құрылуы – инженерлер мен ғалымдардың кәсіби еңбегінің нәтижесі. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық инженерлік академия ғылым мен өндірістің арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді.
Жаңа технологиялық дәуірдегі инженер міндеті. Бүгінде адамзат төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде өмір сүріп отыр. Жасанды интеллект, роботтандыру, үлкен деректерді өңдеу, цифрлық модельдеу, өндірістік интернет және автоматтандырылған басқару жүйелері экономиканың барлық саласын өзгерте бастады. Бұл өзгерістер инженерлік мамандықтың мазмұнын да кеңейтті. Бұрын инженер көбіне күрделі механизмдерді жобалаушы немесе өндірістік үдерісті ұйымдастырушы маман ретінде қабылданса, бүгінгі инженер цифрлық технологияларды меңгерген, деректерді талдайтын, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдаланып, сан алуан саланың тоғысқан тұсында шешім қабылдайтын әмбебап тұлғаға айналып келеді.
Жасанды интеллект инженердің орнын алмастырмайды. Керісінше, оның интеллектуалдық мүмкіндігін арттыратын қуатты құрал болмақ. Жасанды интеллект қысқа уақыт ішінде орасан көлемдегі деректерді өңдеп, бірнеше ықтимал шешім ұсына алады. Алайда сол нұсқалардың қауіпсіздігін, экономикалық тиімділігін, экологиялық салдарын және адам өміріне ықпалын бағалайтын – инженер. Демек, цифрлық дәуірде инженердің білімімен қатар кәсіби жауапкершілігі де арта түседі.
Қазақстанда да жасанды интеллект, робототехника, машиналық оқыту, киберқауіпсіздік және цифрлық инженерия бағыттарын дамытуға көңіл бөлінуде. Алдағы кезеңде Ұлттық инженерлік академияның маңызды міндеттерінің бірі – дәстүрлі инженерлік мектептің мол тәжірибесін жаңа технологиялық мүмкіндіктермен ұштастыру болуы тиіс. Елге дайын шешімдерді қолданатын мамандармен қатар жаңа технологияларды өздері әзірлейтін, ұлттық өндірістің болашағын жобалайтын жас инженерлер қажет.
Атырау – инженерлік ғылымның табиғи тәжірибе алаңы. Қазақстанның инженерлік әлеуеті туралы айтқанда, Атырау өңірінің орны айрықша. Мұнда еліміздің мұнай-газ өндірісінің негізгі бөлігі шоғырланған. Теңіз, Қашаған және Ембі кен орындары, мұнай өңдеу мен мұнай-химия өндірісі, көлік-логистика инфрақұрылымы, Каспий теңізі мен Жайық өзенінің эко-логиялық жағдайы инженерлік ғылымның заманауи шешімдерін талап етеді.
Атырау облысының алдында тұрған мәселелердің көпшілігі инженерлік ізденіспен тікелей байланысты. Мұнай өндірудің экологиялық қауіпсіздігін арттыру, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару, су тапшылығын азайту, Жайықтың экожүйесін сақтау, мұнай-химия өндірісін тереңдету, энергия тиімділігін көтеру, жасыл технологияларды енгізу, цифрлық өндірісті дамыту және көміртегі шығарындыларын азайту – бір-бірінен бөлек көрінгенімен, барлығы ғылыми негізделген кешенді шешімдерді қажет етеді.
Мәселен, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кен орындарында интеллектуалды мониторинг жүйелерін енгізуге болады. Жайық өзенінің жағдайын бақылауда гидрологиялық модельдер мен ғарыштық деректерді пайдалану маңызды. Өндіріс орындарындағы жабдықтардың істен шығуын жасанды интеллект арқылы алдын ала болжау шығынды азайтып, қауіпсіздікті күшейтер еді. Ал мұнай-химия және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып қана қоймай, жаңа өнімдер шығаратын айналым экономикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мұндай міндеттерді тек өндіріс орындарының күшімен шешу қиын. Сондықтан университеттер, ғылыми ұйымдар, инженерлік қауымдастық пен кәсіпорындар бір мақсат аясында әрекет етуі қажет. Әлемдік тәжірибеде өңірлік университеттер белгілі бір аймақтың проблемаларын зерттейтін, оны шешудің технологиялық жолдарын ұсынатын интеллектуалдық орталықтарға айналып отыр. Бұл бағыт Қазақстанның батысы үшін де аса маңызды.
Атырау университеті және инженерлік ойдың жаңа тынысы. Қазақстанның батыс аймағындағы іргелі білім және ғылым орталықтарының бірі – Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті өңірдің кадрлық және ғылыми әлеуетін қалыптастыруда ерекше орын алады. Дәстүрлі түрде педагогикалық бағыттағы оқу орны ретінде танылғанымен, бүгінгі таңда университеттің ғылыми ізденістерінің ауқымы едәуір кеңейді. Экология, ақпараттық технологиялар, қолданбалы математика, физика, химия, биотехнология, география, цифрлық білім беру және STEM бағыттарындағы жұмыстар өңірдің нақты қажеттіліктерімен сабақтасып келеді.
Университеттің ғылыми әлеуетін Ұлттық инженерлік академияның тәжірибесімен және өндіріс орындарының мүмкіндігімен ұштастыру өңірлік ғылымды жаңа деңгейге көтере алады. Мұнай өндірісіндегі экологиялық мониторинг жүйелерін жасау, Жайықтың гидрологиялық моделін әзірлеу, өндірісте жасанды интеллект негізіндегі болжау технологияларын енгізу, қалдықтарды қайта өңдеудің инновациялық әдістерін дамыту, климат өзгерісіне бейімделген инженерлік шешімдер ұсыну және цифрлық егіздер технологиясын пайдалану – болашақтағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттары.
Ғылымның құндылығы тек жазылған мақалалармен немесе берілген есептермен өлшенбеуі керек. Оның нақты нәтижесі қоғамның өмірінен, өндірістің тиімділігінен және қоршаған ортаның жағдайынан көрінуі тиіс. Зертханада пайда болған идея тәжірибелік үлгіге, одан әрі дайын өнімге айналғанда ғана толық инновациялық цикл қалыптасады. Сондықтан ғылым, білім және өндірістің жаңа серіктестігі Атырау өңірінің тұрақты дамуы үшін шешуші мәнге ие.
Жастардың бастамасы – ғылыми сабақтастықтың заңды жалғасы. Инженерлік ғылымның өміршеңдігі қалыптасқан білім мен тәжірибенің жас ұрпаққа жалғасуымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенттері мен жас ғалымдарының стартаптық бастамалары көңілге сенім ұялатады. Университетте жүзеге асырылып жатқан бірқатар жоба өңірдің экологиялық мәселелерін инженерлік жолмен шешуге бағытталған. Солардың бірі – өсімдік және тағам қалдықтарынан экологиялық таза былғары әзірлеуді көздейтін «Phyto Leather» жобасы.
Бұл бастама қалдықтарды қайта пайдаланып қана қоймай, табиғи былғарыға балама экологиялық өнім жасауға мүмкіндік береді. Темекі қалдықтарын қайта өңдеп, жоғары беріктікке ие құрылыс материалдарын, соның ішінде төсемтас жасау идеясы да жас зерттеушілердің тың ізденісін аңғартады. Бұған қоса шыны қалдықтарын қайта пайдалану, биопластик пен серобетон әзірлеу секілді жобалар қалдықты пайдасыз дүние ретінде емес, жаңа өнім өндіруге болатын екінші реттік шикізат ретінде қарастыруға жол ашады.
Мұндай жобалар студенттердің ғылыми білімін тәжірибемен ұштастырып, оларды нақты мәселені шешуге үйретеді. Ең бастысы, жастардың туған өңірінің экологиялық жағдайына бейжай қарамай, өз білімін қоғам игілігіне жұмсауға ұмтылуы олардың азаматтық жауапкершілігін көрсетеді. Инженерлік ізденіс бұл жерде кәсіби жетістікке жетудің ғана емес, туған жерге қызмет етудің де жолына айналады.
Жастардың бастамаларына университет тарапынан қолдау көрсетіліп, жобалардың тәжірибелік кезеңге шығуы ғылым мен кәсіпкерліктің жаңа мәдениетін қалыптастырады. Алайда мұндай идеялар шағын тәжірибе деңгейінде қалып қоймауы тиіс. Оларды жетілдіруге ғылыми жетекшілік, заманауи зертхана, тұрақты қаржыландыру және өндірістік серіктестік қажет. Жас ғалымның батыл идеясы кәсіпорынның тәжірибесімен ұштасқанда ғана өңірге нақты пайда әкелетін технологияға айналады.
35 жылдық белес – келешек алдындағы жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен бірге өрлеп келе жатқан академияның іргетасын қалап, еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтып, инженерлік ғылымның мектебін қалыптастырған академик, мемлекет қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов бастаған ғалымдарымыздың атқарып отырған еңбегі зор. Бүгінде ҰИА еліміздің өңірлерінде де қанатын жайып, өңірлік ғылымның дамуына ықпал етіп отыр. Оның бір дәлелі – өткен жылы ашылған Ұлттық инженерлік академияның батыс филиалы. Филиал Қазақстаннның батыс өңіріндегі инженерлік ғылымды дамытуға қолдау жасай отырып, өңірдегі экономика мен технологияның бірлігіне жол ашты. Жергілікті ғалымдардың мектебі арқылы жас ғалымдарға тәлімгерлік жалғасты.
Табиғи ресурстарды өндірумен шектелмей, оларды терең өңдеп, жоғары технологиялы өнім шығаратын елге айналуда инженерлік ғылымды өндіріспен ұштастыру, отандық технологияларды көбейту, жасанды интеллект мүмкіндігін жауапкершілікпен пайдалану, өңірлік зерттеулерді қолдау және жас инженерлерге сенім арту қажет. Жас ғалымдардың жасампаздығы – елдің ертеңіне деген сенімнің негізі. Бірақ сол сенім үлкен міндет жүктейді. Бүгінгі студент дайын технологияны тұтынушы болып қалмай, жаңа шешімдердің авторы болуға ұмтылуы керек. Өз білімін ел экономикасын нығайтуға, табиғатты қорғауға, адам өмірінің сапасын арттыруға жұмсау – оның кәсіби міндеті ғана емес, азаматтық парызы.
Ұлттық инженерлік академияның отыз бес жылдық тарихы – Қазақстан инженерлік ғылымының қалыптасуы мен кемелденуінің шежіресі, өткенге тағзым, бүгінгі еңбекке құрмет және болашаққа білдірілген сенім. Ғылымның қуаты – оның үздіксіз дамуында, инженерлік ойдың күші – қоғам игілігіне қызмет етуінде. Осы сабақтастық сақталып, жас ғалымдардың идеялары нақты өндіріске жол тапса, Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі де, экономикалық қуаты да нығая түседі. Өйткені инженерлік ғылымның ең басты мұраты – тек жаңа технология жасау емес, елдің ертеңін жасау.
Саламат ИДРИСОВ,
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры, ҰИА академигі


