Шахматтың жаңа жұлдызы жарқырап келеді!
– Қазыбек Нөгербек – жас гроссмейстер, 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы және Қазақ ұлттық спорт университетінің студенті. Бүгінде ол еліміздің намысын ірі халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүр.
– Мемлекет басшысы зияткерлік спорт түрлерін, соның ішінде шахматты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өткім келеді. Бұл бағыт дарынды жастармен жұмыс істеудің маңызды бөлігіне айналып келеді. Өйткені шахмат стратегиялық ойлауды, тәртіпті және стандарттан тыс шешім қабылдау қабілетін дамытады. Жас шахматшыларымыздың әлемдік аренада өздерінің жоғары деңгейін дәлелдеп жүргенін көру – ерекше қуаныш, – деп жазды кеше Телеграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
– Осы күндері Алматыда университеттер арасында тарихта алғаш рет FIDE командалық әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ширек финалда ҚҰСУ командасы Афина ұлттық техникалық университетімен кездесіп, екі матчтың қорытындысы бойынша 5:3 есебімен жеңіске жетті. Қазыбек те өз тақтасындағы партияда жеңіске жетіп, команданың табысына маңызды үлес қосты. Нәтижесінде командамыз әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды! Мен үшін мұндай жетістіктерге студенттеріміздің қол жеткізуі ерекше құнды.
Бейіндік ведомство жетекшісінің пайымдауынша, бұл университет болашақ маманды ғана емес, ғалымды, спортшыны, көшбасшыны қалыптастыратын, әр адамның әлеуетін ашатын орта болуы тиіс. Қазыбек мықтыларды жеңе алатынын әлдеқашан дәлелдеді. Алдығы жылы ол жиырма жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Енді оның алдында үлкен шахмат мансабының жаңа кезеңі ашылып отыр.
– Қазыбекті және ҚҰСУ командасын шын жүректен құттықтаймын! Сіздерді мақтан тұтамыз және жаңа жеңістер тілейміз! Алға, Қазақстан, – деп қорытындылаған кезекті жазбасының соңын салалық министр.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...