Құрылысты салу мен жөндеу жұмыстарындағы сапа мен мерзімнің маңызы

Аймақ жетекшісі Марат Ахметжанов Есіл ауданына жұмыс сапары барысында былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңғыртудың нәтижесінде жас спортшылар үшін футбол, баскетбол, волейбол, күрес, ушу-саньда, үстел теннисі және бокс секцияларында жүйелі жаттығулар жасауға жайлы жағдайлар қарастырылған еді.

Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жетілдіріліп, қажетті спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Мектепте тоғыз жылдан астам уақыттан бері бокс жаттықтырушысы Нұрлыхан Әбілғазин еңбек етеді. Осы уақыт ішінде ол үш спорт шеберлігіне кандидат дайындап, шәкірттері республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Облыс әкімі жаттықтырушыларға қоса жас спортшылармен кездесіп, ұйымшыл ұстаздар ұжымына жаңа шағын автобустың кілтін табыстады. Бұл арнайы көлік тәрбиеленушілерді жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына және басқа да спорттық іс-шараларға қауіпсіз әрі жайлы жеткізуге мүмкіндік береді.

Қосшы қаласы соңғы бес жылда еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан құтты қоныстардың алдыңғы қатарында. Өткен кезеңдегі басты жетістіктердің бірі – білім беру саласының қарқынды дамуы. Осы уақыт аралығында шағын шаһарда 5100 орындық төрт заманауи мектеп салынды. Бүгінгі таңда сегіз білім беру ұйымы бар (жетеуі мемлекеттік және біреуі жеке иелікте). Оқушылар санының 13 мыңнан асуы қаланың қарқынды өсіп, жаңа білім беру нысандарына деген сұраныстың жоғарылағанын көрсетеді.

Жаңа мектептер физика, химия, биология, робототехника, STEM, инклюзивті білім беру және технология кабинеттерімен жабдықталған. Мемлекеттің бұл бағыттағы қолдауы өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алып, бәсекеге қабілетті жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына мол мүмкіндік береді. Көкшетау қаласына қарасты Чайкино ауылында 120 орындық жаңа жалпы білім беретін мектептің құрылысы басталды. Жоба ауылдағы білім беру инфрақұрылымын дамытуға және оқушылар үшін заманауи әрі қолайлы білім алу жағдайларын жасауға бағытталған.

Ақмолалық бас ұстаз Айнагүл Балташева осы құрылыс алаңына барып, мектеп құрылысының барысымен танысты. Жұмыс сапасы мен міндеттемелердің орындалу қарқынына назар аударылды. Қазіргі уақытта нысанда іргетас құю жұмыстары толық аяқталып, мектепті сумен қамтамасыз ету мақсатындағы ұңғыма бұрғыланған. Ендігі кезекте спорт алаңын салуға арналған жер телімін дайындау жұмыстары жүргізілуде екен. Демек заманауи үлгідегі жаңа білім ордасының құрылысы ресми тұрде бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылуда.

Облыс орталығындағы №16 жалпы білім беретін мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Сапар барысында мектеп директоры мен мердігер ұйымның өкілі құрылыс жұмыстарының барысын баяндап, маңызды мәселелер мен алдағы атқарылатын жоспарларға тоқталды. Нысанды аралау қорытындысы бойынша басқарма басшысы мердігер ұйымға жөндеу жұмыстарын бекітілген мерзімде әрі жоғары сапамен аяқтап, мектеп аумағын құрылыс қалдықтарынан уақытылы тазартуды тапсырды. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды.

Өйткені ағарту ошағының аумағында іргелес тұрғын үйлердің балалары күнделікті пайдаланатын қоршалған футбол алаңы, спорттық турниктер мен алаңдар орналасқан. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік техникасының талаптары толық сақталмаса, кез келген қимыл-қозғалыс балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Баяндамашылар күрделі жөндеу жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда екенін айрықша атап айтты. Жұмыстың сапасы мен мерзімінің сақталуы және балалардың қауіпсіздігі негізгі басымдықтар ретінде қатаң сақталатындығына сендірді.

Айнагүл Қыдырбайқызы қайта жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан білім беру ұйымдарын кезекті мәрте аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысын бағамдады. Мердігер ұйымдар мен авторлық қадағалау өкілдерімен жүздесуінде жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бурабай ауданының Зеленый Бор ауылында орналасқан «Жұлдыз» облыстық санаторлық үлгідегі мектеп-интернатының ғимараты айналасына су өткізбейтін жолақ орнату, терезелерді ауыстыру, шатырды жөндеу, ғимарат қасбетін жаңарту және кіреберіс топтарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұланды ауданындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау көзделіп отыр. Жұмыс сапарында барлық жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығы ескертілді. Мердігер ұйымдарға құрылыс кестесін қатаң сақтау, ал техникалық және авторлық қадағалау өкілдеріне орындалып жатқан жұмыстардың сапасына бақылауды күшейту тапсырылды. Білім беру нысандарын жаңғырту балалардың қауіпсіз әрі жайлы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Степногорск қаласында алдағы жаңа оқу жылына білім беру ұйымдарын дайындау жұмыстары жалғасуда. Мектептер мен балабақшаларда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, аумақтарды абаттандыру және оқу кабинеттерін жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылғы ең ірі жобалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин атындағы №1 жалпы білім беретін мектепті күрделі жөндеу. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда, оның жалпы құны 875 миллион теңгені құрайды.

Шілде айының соңындағы жағдай бойынша нысанның дайындық деңгейі тоқсан пайызға жетіпті. Сонымен қатар 12 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа қазынадан 138,6 миллион теңге қаражат қарастырылған. Мектептерде жылу, ыстық және суық сумен жабдықтау, кәріз жүйелері, санитарлық тораптар мен асханалар жаңартылуда. Сондай-ақ шатырларды, асфальт-бетон жабындысын және ғимараттардың іргетасын қорғайтын соқыр алаңдарды (отмостка) жөндеу жұмыстары жалғасын тапты. «Еркетай» балабақшасында асфальт-бетон жабыны мен отмосткаға жөндеу жүргізілсе, «Балдырған» балабақшасында ыстық сумен жабдықтау жүйесі жаңартылуда. Сонымен қатар бірқатар ауылдық мектептерде шатырлар мен инженерлік желілер жөнделіп, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Степногорск тау-кен-химия комбинаты қосымша қолдау көрсетуде екен. Демеушілік қаражат есебінен №3 мектеп-лицейде екі спорт залының терезелері ауыстырылып, спорт залының шатыры жөнделген. Және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Барлық мектептер мен балабақшаларда бейнебақылау жүйелері, турникеттер және жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелері жұмыс істейді. Алдағы қыркүйек айының біріне дейін білім беру нысандарын қабылдау жұмыстарын аяқтау, оқу әдебиеттері мен ауылдық мектептерге қатты отынды жеткізу, сондай-ақ осы салалық мекемелерді жылыту маусымына толықтай дайындау жоспарланып отыр.

Білім басқармасының басшысы облыс орталығындағы жаңа жекеменшік мектептің ғимаратына барып, жаңғырту бағдарламасына қосылған білім беру ұйымының жаңа оқу жылына дайындығына қоса құрылыс-жөндеу жұмыстарына мән берді. Қазіргі таңда бұл мектепке бір жүз елуге жуық оқушы қабылданған. Негізінде жобалық қуаттылығы 370 баланы құрайтын көрінеді. Барлық жұмыстарды жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

Арнайы топ мектептің материалдық-техникалық базасы мен оқу кабинеттерінің жабдықталуына қоса шәкірттердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жасалған жағдайларды қарап шықты. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектеп әкімшілігі тарапынан барлық қажетті лицензиялар мен рұқсат құжаттары толық рәсімделіп, білім беру ұйымының мемлекеттік талаптар мен стандарттарға толық сәйкес келуін қамтамасыз етуі қажеттігі ескертілді. Себебі ресми рұқсат құжаттары балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік беретіндігімен мемлекеттік маңызға ие.

 Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі, Көкшетау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий