Кітап – рухани қазына, білімнің бастауы
Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыратын, рухани дамуына жол ашатын маңызды құндылықтардың бірі. Жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және әдеби шығармаларды терең меңгеруге ынталандыру мақсатында «Оқу мектебі» жобасы аясында Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен қаладағы барлық мектептегі кітап клубтарының арасында «Оқитын ұлт: кітап клубы» атты интеллектуалды-шығармашылық байқау ұйымдастырылды.
Бұл байқау оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін, сыни ойлау дағдыларын, шешендік өнерін және топпен жұмыс жасау шеберлігін дамытуға бағытталды. Байқау барысында мектептердің кітап клубтары өздерінің оқыған шығармалары бойынша білімдерін саралап, түрлі интеллектуалдық және шығармашылық тапсырмаларды орындады.
Қатысушылар әдеби шығармалардың мазмұнын қаншалықты меңгергендерін көрсетіп, кейіпкерлер әлеміне талдау жасап, өз ойларын еркін жеткізе білді. Сонымен қатар шығармашылық тапсырмалар арқылы әдеби туындыларға деген өзіндік көзқарастарын танытты. Байқаудың ерекшелігі – оқушылардың тек кітап мазмұнын білуімен шектелмей, шығарманы терең түсінуіне, автор идеясын саралауына, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беруіне және алған білімін шығармашылық тұрғыда қолдануына мүмкіндік берді.
Кітап клубтарының белсенді қатысуы – мектеп оқушылары арасында кітап оқу мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар жас оқырмандардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, олардың рухани және интеллектуалдық дамуына үлкен ықпал етеді. Байқауда А.Орайханова пен Б.Ибраимова жетекшілік ететін №59 мектеп-гимназия оқушылары өздерінің білімдерінің жоғары екендігін көрсете білді.
«Оқитын ұлт – ойлы ұрпақ» қағидасын негізге алған байқау барысында оқушылар кітаптың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте сезініп, әдеби шығармалардың тәрбиелік мәніне назар аударды. Кітап оқитын ұрпақ – ойлайтын, ізденетін, өзіндік пікірі қалыптасқан ұрпақ. Сондықтан осындай кітап клубтарының жұмысы мен шығармашылық байқаулардың ұйымдастырылуы оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруда және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқарады.
«Оқитын ұлт: кітап клубы» байқауы – кітап пен оқырманды жақындастырған, білім мен шығармашылықты ұштастырған тағылымды іс-шара болды. Осындай игі бастамалар жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениеті қалыптасқан, рухани бай әрі білімді ұлт қалыптастыруға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Б.ИБРАИМОВА,
№59 мектеп-гимназиясының мұғалімі,
Алматы қаласы
Загрузка...

