Шығармашылыққа негізделген жаңа білім беру жобасы
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елордада «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасының қорытынды іс-шарасы ұйымдастырылған болатын. Шілде айының жиырма жетісі мен тамыздың он екісі күні аралығында еліміздің ұлттық қолөнер саласындағы он үздік шебері 8-20 жас аралығындағы екі жүз сегіз қатысушыға дәстүрлі қолөнердің технологиялары мен қыр-сырын үйретті.
ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады. Ол тәлімгер шеберлерге, ұйымдастырушыларға, ата-аналарға және қатысушыларға алғыс білдірді. Үкімет басшысының орынбасары бүгінде дизайн, сән, сәулет, туризм және креативті индустриялардың өзге де бағыттарында ұлттық нақышқа деген қызығушылық артып келе жатқанына тоқталды. Аида Ғалымқызының айтуынша, бұл үрдіс шеберлерге де, жастарға да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
– Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтар мен тарихи-мәдени мұраны сақтауға, шығармашыл жастарды қолдауға және креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Қолөнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымы мен көркем талғамын танытатын асыл қазына. Сондықтан ұлттық қолөнерді сақтау жекелеген бұйымдарды жинақтап, көрмеге қоюмен ғана шектелмейді. Оның ең сенімді жолы – өнердің қыр-сырын шеберден шәкіртке үйретіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғау. «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы осы маңызды міндетке нақты үлес қосып отыр. Ендігі маңызды міндет – дәстүрлі қолөнерді сақтап қана қоймай, оған заманауи дем беру. Дәстүр өткеннің жәдігері болып қалмай, қазіргі дамудың қуатты ресурсына айналуы керек, – деді ол.
Жоба қатысушылары ұлттық қолөнердің он басым бағыты бойынша тәжірибелік білім алды. Оқу бағдарламасына зергерлік өнер, ағаш пен тері өңдеу, киіз басу, қыш өнері, кілем тоқу, сүйек ою және дәстүрлі қолданбалы өнердің өзге де түрлері енгізілгенін білдік. «Ұлттық қолөнер мектебі» аясында инклюзивті білім беруге де ерекше көңіл бөліне бастаған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы топ ұйымдастырылып, сабақтар олардың шығармашылық қабілетін ашуға, ұсақ моторикасын жетілдіруге және практикалық еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталғаны қалың қауымды қуантады.
Қорытынды іс-шара барысында тәлімгер шеберлер мен жоба түлектеріне сертификаттар табысталып, олардың авторлық жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ білім беру бағдарламасының қорытындысы шығарылды. Игі іс-шараны ұйымдастырушылар жариялаған ресми ақпаратқа сүйенсек, жаңа жобаға қатысуға төрт жүз елуден астам өтінім келіп түскен екен. Ал байқаудың іріктеу нәтижесінде 208 қатысушы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Тәлімгер шеберлерді іріктеу де үлкен қызығушылық туғызды.
Еліміздің барлық өңірінен үш жүз отыз бір өтінім қабылданып, техникалық іріктеуден өткен 271 өтінімді байқаудың арнайы комиссия мүшелері қарап, нәтижесінде отандық ұлттық қолөнер саласындағы 10 үздік шебер таңдап алынған. «Ұлттық қолөнер мектебі» ұлттық мәдени мұраны сақтап, оны жас ұрпаққа сабақтастықпен жеткізуге, дәстүрлі қолөнерді кеңінен дәріптеуге және оны заманауи креативті индустрияның маңызды бағыттарының бірі ретінде дамытуға арналғандығымен ерекшеленеді.
Бұл бірегей жоба балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруға және болашақ креативті индустрия өкілдері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жағдай жасайды. «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы Ерлан Ермекұлы Каналимов жоба нәтижелері ұлттық мәдени мұраны сақтауға қоғам тарапынан үлкен қызығушылық бар екенін байқатқан.
– Жобаға еліміздің барлық аймағынан жеті жүз сексеннен астам ұсыныс келіп түсті. Оның үш жүз отыз бірі шебер-тәлімгерлерден, 450-ден астамы – оқушылардан қабылданды. Байқаудың іріктеуі нәтижесінде ел аумағындағы он үздік шебер анықталып, екі жүз сегіз шығармашыл шәкіртке ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тегін білім берілді. Бұл көрсеткіштер дәстүрлі қолөнерді сақтауға, оны өскелең ұрпаққа насихаттауға және ұлттық мұраны дәріптеуге деген қоғамдық сұраныстың жоғары екенін айқын дәлелдейді, – деді ол.
Креативті индустрияларды дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлағандай, өтінімдерге жүргізілген талдау жобаның кең географиялық қамтылуын көрсетіпті. Ең жоғары белсенділікті еліміздің оңтүстік өңірлерінің шеберлері танытып, бұл аймақтардан бір жүз отыз жеті өтінім немесе жалпы өтінімдердің елу бір пайызы түскен. Ең сұранысқа ие бағыт – дәстүрлі тоқыма өнері мен киіз басу. Бұл бағыт бойынша бір жүз жиырма бір өтінім (44,6 пайыз) қабылданды. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер және этнодекор бойынша өтінім саны қырық екі (15,5 пайыз), ұлттық киімдер мен аксессуарлар жасау бойынша отыз бір өтінім (11,4 пайыз), зергерлік өнер бойынша жиырма өтінім (7,4 пайыз) келіп түскен екен.
Бектас Кәрімұлы – сүйектен түйін түйген шебер. Ол жеке жұмыстарында көбіне ірі қара малдың жауырынын пайдаланады. Оның да нақты себебі бар. Біріншіден, халқымызда жауырын ерекше қасиетті болып саналады. Сондай-ақ оның жалпақ пішіні түрлі бейнелерді оюға ыңғайлы. Ерекше кәсіпті он жылдан астам уақыт бұрын толық меңгерген ақсақал байқауларға тұрақты түрде қатысып келеді. – Алғашқы мен Магаданға барғанда Шығыс Сібірде, соған апарған жұмыс. Сол жолы бірінші орын алып қайтқанбыз. Осында тұрған жұмыстардың көбі сол шет жұрттықтардың жанарын жаулап, халықаралық деңгейде көзайым болған тосын туындылар. Өйткені, дүние жүзінде жылына екі рет ұйымдастырылатын бұл бірегей байқауға кейінгі кезде тұрақты қатысып жүрмін.
– Ұлттық зергерлік өнердің көптеген бағыты бар. Әрбір шебер маманданған саласын ұстанады. Мен көбіне құрама жұмыстарға негізделген кесіп алу, сым кәптеу секілді тәсілдерді қолданам. Қазақтың ұлттық ою-өрнектеріне қоса заманауи тәсілдерге басымдық беремін. Абстракциялық дүниелерді қазіргі жастардың ұнататындығын байқаймын, – дейді Абай облысының Үржар ауданында тұратын Ертай Алтайұлы. 2019 жылдан бері киізден сырмақ жасаумен айналысып жүрген Әлия Қалиасқарова кейінгі жылдары тапсырыс жиі түсе бастағанын айтады. – Тоқсан пайыз кілемдеріміз шетелге кетіп жатыр, өкінішке қарай. Халқымыз үйлерін ұлттық нақыштағы табиғи материалдармен безендіруге соңғы жылдары ерекше мән бере бастады. Сол себепті сұраныс жоғарылады. Қолөнершілердің барлығы білгенін жас ұрпаққа үйретіп, ата кәсіпті жаңғыртуды қалайды. – Екі балам осында қатысты. Ұлым осы сүйек бұйымына қатысып, өте ұнады. Бектас ағайға алғысым шексіз, өте мықты ұстаз. Өте қызық, күшті нәрселер жасаған ұлым. Тағы да жалғасса жақсы болар еді деп соған үміттеніп жатырмыз, – деді ата-аналар атынан журналистермен жүздескен Айнұр Абдрахимова. – Екі ерекше баламды жетектеп алып келдім. Аутизмі бар балалар бір орында отыра алмайтын, гипер белсенді болып келеді ғой. Бір айлық сабақтың нәтижесінде қыш құмыра жасауға саз балшықтан үйретті. Баламның сезгіштік қабілетінің реттелгенін, өзін еркін ұстау қабілеті артқанын байқадым, – дейді тағы бір ата-ана Айзада Рахымжанова.
Жастар үш апта бойы қолөнердің қыр-сырын ұғынып, заманауи трендтерді ұлттық колоритпен ұштастыруды үйренді. Қатысушылардың көбі үшін жоба үлкен шеберлік мектебі әрі алғашқы кәсіби тәжірибе болды. Амира Артур, қатысушы жас жеткіншектердің атынан сөйлеген сөзінде: – Жобаға мені анам тіркеді. Және жоба маған қатты ұнады. Көптеген бұйымдарды жасадым. Мысалы білезік, жүзік және осындай кулондар. Мен үшін бұл өте үлкен тәжірибе, – деген еді. Он бір жастағы қатысушы Айша Барманбектің айтуынша, ұнаған бірнеше бұйымды ұстазбен бірге жасаған екен. Ол үшін, ең алдымен, оюды қағазға түсіріп, сосын қалыпқа келтіріпті. Арадағы үш күнде қолөнер бұйымының қалай дайындалатындығын түсініп, қажетті ақыл-кеңестерді ұғынып алған.
– Астананың балалары бақытты, сондай таңдалған шеберлер тегін сабақ берді. Еліміздің әр аймағынан арнайы келген мықты мамандардан дәріс тыңдаушы жастардың саны да аз болған жоқ. Түркістан қаласында менің жеке шеберханам бар. Қыз балаларға ине сабақтаудан бастап, ою-өрнектердің мән-мағынасын жан-жақты түсіндірдік. Киіз басудың түрлеріне қызығушылық танытқандар да жетерлік, – дейді Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бейнелеу өнері кафедрасының аға оқытушысы, шебер Мереке Айдарша.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...



