Колледждердің оқу-өндірістік қызметін дамыту мүмкіндіктері кеңейтілді
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында уақыт талабына сай тиісті толықтырулар Кәсіпкерлік кодекске енгізіліп отыр. Бұл кезге дейін колледждер оқу-өндірістік процесс шеңберінде өндірілген өнімді өткізе алғанымен, мемлекеттік колледждер қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгерту кезінде бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімін алуға міндетті болатын.
Енді бұл әкімшілік кедергілер жойылды. Жаңа мүмкіндіктер колледждерге оқу-өндірістік шеберханалардың әлеуетін тиімді пайдалануға, нақты тапсырыстарды орындауға және өндірістік бағыттарын дамытуға жол ашады. Студенттер оқу барысында нан өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, жиһаз және басқа да өнімдерді дайындауға қатысып, болашақ мамандығын нақты өндірістік ортада меңгере алады. Осы қызметтен түсетін кірістер колледждердің жабдықтарын жаңартуға, оқу-өндірістік шеберханаларды жаңғыртуға және материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталады.
Бүгінгі таңда еліміздегі отыз жеті колледждің базасында 66 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық департаменттерімен бірлескен түрде, сонымен қатар елу бір арнаулы оқу орны үшін отыз сегіз бағыт бойынша қосымша қызмет түрлерін іске қосу мәселесі қарастырылған. Қабылданған өзгерістер студенттердің практикалық даярлығының сапасын арттырып, нақты өндірістік тәжірибесі бар және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға қолайлы жағдай жасайды. Осы тәжірибе техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты дамыту бағытымен үндеседі.
Былтыр техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен педагогтерінің академиялық ұтқырлығын реттейтін нормалар заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыс бүгінде жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда биылғы жылдың басынан бері 189 студент пен бір жүз отыз екі педагог шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өткенін білдік. Академиялық ұтқырлық қазақстандық колледждердің халықаралық байланыстарын кеңейтіп, студенттер мен педагогтерге озық тәжірибені меңгеруге және кәсіби құзыреттерін халықаралық ортада дамытуға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысында бірегей білім беру жобасы жүзеге асырылатындығы хабарланды. Жаңаөзен қаласында цифрлық экономика, жоғары технологиялық өндірістер және болашақ мамандықтары үшін білікті кадрлар даярлауға бағытталған жаңа буынның заманауи пәнаралық IT-колледжі салынады. Жобаны облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайға Halyk қайырымдылық қоры мен «Тәлімгер» орталығының өкілдері таныстырды. Жаңа IT-колледжі техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи моделіне негізделіп, ақпараттық технологиялар, инженерия, жасанды интеллект және кәсіпкерлік бағыттарын біріктіреді. Студенттер таңдаған мамандығына қарамастан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, оларды экономиканың түрлі салаларында қолдану дағдыларын игереді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, білікті кадрлар даярлау және заманауи технологияларды енгізу еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттары екенін бірнеше рет атап айтқаны баршамызға белгілі. Жаңаөзенде салынатын IT-колледж осы стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Бұл жай ғана заманауи оқу орны емес, жасанды интеллектпен, цифрлық технологиялармен және озық инженерлік шешімдермен жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлайтын орталық болады. Алдағы онжылдықтарда өңір мен ел экономикасының дамуын дәл осындай кадрлар айқындайды, – деді аймақ жетекшісі сөйлеген сөзінде.
– Біз бұл жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Себебі білім мен адами капиталға салынған инвестиция – Маңғыстау облысы мен Қазақстанның болашағына салынған инвестиция. Колледждің білім беру моделі инженерлік пәндерді, ақпараттық технологияларды, жасанды интеллектті және кәсіпкерлік дағдыларды біртұтас білім беру үдерісіне ықпалдастыратын пәнаралық тәсілге негізделеді. Бұл түлектердің еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел бейімделуіне, заманауи экономиканың талаптарына сай жоғары сұранысқа ие маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында облыс әкімі бұл жоба елдің адами капиталды дамыту, цифрландыру және білікті кадрлар даярлау бағытындағы стратегиялық басымдықтарына толық сәйкес келетіндігіне тоқталды. Колледжде жасанды интеллектті білім беру үдерісіне енгізуге ерекше назар аударылады. Арнаулы оқу орны техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша өңірлік құзыреттер орталығына айналады. Бұл техникалық және кәсіби білім беру ұйымында заманауи оқудың түрлі тиімді әдістемелері енгізіліп, цифрлық мансаптық даму құралдары әзірленеді және өмір бойы білім алу қағидатына негізделген үздіксіз оқыту модельдері сынақтан өткізіледі.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – мамандық таңдаудан бастап жұмысқа орналасуға дейін білім алушыларды сүйемелдеуге мүмкіндік беретін цифрлық мансаптық навигация жүйесін енгізу. Бұл білім беру ұйымдары, жұмыс берушілер және өңір экономикасының қажеттіліктері арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді. Жобаның іске асырылуы мұнайлы өлкедегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы маңызды кезең болмақ. Жаңа IT-колледж цифрлық және инженерлік құзыреттері жоғары, технологиялық өзгерістерге бейім, өңір мен ел экономикасының дамуына үлес қоса алатын білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Жуырда осы өңірдегі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін үздік ұйым» гранты конкурсының жеңімпазы белгілі болды. Арнайы комиссия мүшелерінің ашық дауыс беру нәтижесі бойынша Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі кезекті жүлденің иегері атанды. Оқу орны: білім беру сапасында жоғары көрсеткіш көрсетті; инновациялық тәжірибелерді тиімді енгізді; білім беру үдерісін үздік дәрежеде ұйымдастырды.
Байқауға облыс аумағындағы төрт колледж қатысып, бәсекелестік негізде бақ сынаған еді. Жеңімпаз ұжымды жарқын жетістігімен құттықтаймыз! Техникалық және кәсіптік білімдегі маман даярлау тәжірибесі. Техникалық және кәсіптік білім берудің негізгі мақсаты – жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілік пен практикалық дағды беру. Осы колледж ұжымының жетекшісі Жұмағали Айнагүл Көшкінбайқызының мәлімдеуінше, бұл арнаулы оқу орнында бір мың бес жүзден астам студент 14 мамандық бойынша білім алуда.
Колледжде бір жүз он бес педагог еңбек етеді, олардың 14-і – өндірістен келген тәжірибелі мамандар. Осы оқу орнында «Ақылды үй» зертханасы, VR-технологиялар, 3D-принтер, дрон симуляторы және «Smart College» жасанды интеллект жүйесі қолданылады. Сонымен қатар «Жасанды интеллект технигі» жаңа біліктілігі енгізілген. Білімгерлер түрлі халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаттары мен байқауларында жүлделі орындарды жиі иеленіп келеді.
Маңғыстау облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметі жариялаған мәлімет бойынша, биылғы жаңа оқу жылына республикалық бюджеттен бөлінген мемлекеттік білім беру гранты байқауының нәтижесі нақтыланып, үш мың бес жүз елу төрт жергілікті жас мемлекеттік қолдауды иеленген екен. Соның ішінде екі мың бес жүзден астам түлек еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында – Алматы, Астана қалалары мен солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде білім алу мүмкіндігіне қол жеткізіпті. Оң динамика: былтырмен салыстырғанда республикалық білім гранты бойынша өсім 265 грантты құрады (2025 жылы – 3289 грант).
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің студенттері Түркияның Анталия жағалауындағы бес жұлдызды қонақүйлерде өндірістік тәжірибеден өтіп, халықаралық стандарттарға сай кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Соңғы бес жылда мұндай мүмкіндікке сексен алты білімгер ие болса, биыл тағы жиырма бір студент шетелде тәжірибеден өтіп жатыр. Студенттер аспаз көмекшісі, бармен-бариста және қонақжайлылық саласындағы басқа да бағыттар бойынша практикалық даярлықтан өтіп, әлемдік деңгейдегі қонақүйлердің жұмыс үдерістерімен және қызмет көрсету стандарттарымен танысуда.
Тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеу арқылы олар оқу барысында алған білімдерін нақты өндірістік ортада қолданып, кәсіби құзыреттерін дамытуда. Өндірістік тәжірибе ақылы негізде ұйымдастырылған. Студенттерге ай сайын кемінде 400 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Сонымен қатар бағдарлама шет тілдерін тәжірибе жүзінде жетілдіруге, жаңа мәдени ортамен танысуға және халықаралық кәсіби байланыстар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...


