Сапалы білім мен саналы тәрбиеге бағытталған нақты қадамдар
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен аптаның сейсенбі күні барлық өңірдің білім басқармаларының басшыларымен жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша кеңес ұйымдастырылған болатын. Бұл басқосудың барысында басты назар білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығына аударылып, жаңа мектептер құрылысының барысы, жөндеу жұмыстары және қолданыстағы білім беру ұйымдарының оқушыларды қабылдауға дайындығы қаралды.
Білім басқармаларының басшылары өңірлердегі құрылыс пен жөндеу жұмыстарының барысы, нысандардың дайындығы және шешуді қажет ететін мәселелер туралы баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге жұмыстардың мерзімі мен сапасын бақылауды күшейтіп, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды. Бейіндік ведомстводағы баспасөз қызметі таратқан ресми ақпаратқа жүгінсек, республиканың барлық аумағында бүлдіршіндерді бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда.
Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайтындығы күтілуде екен. Тамыз айының алғашқы аптасында болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен сексен төрт пайызы мектептерге қабылданыпты. Ата-аналарының өтініштері ресми түрде рәсімделген балалардың екі жүз тоқсан алты мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік білім беру ұйымдарында білім алады.
Қалалық мектептерге бір жүз тоқсан бір мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық ұл мен қыз қабылданған. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала таңдаған оқу орындарына орналастырылғанын білдік. Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде.
Өтініштер биылғы мамыр айының 27-сі күні басталып, тамыз айының отыз біріне дейінгі аралықта бекітілген кестеге сәйкес белгіленген кезең бойынша қабылдануда. Өтініштердің сексен төрт пайызға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады. Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында – елу мыңнан астам.
Алматы облысында отыз бес мыңнан астам, Астанада отыз үш мың, Алматыда отыз бір мыңнан астам және Шымкентте жиырма тоғыз мыңнан астам болатындығы болжанған. Бұл осы өңірлердегі халық санының көптігімен және туу деңгейінің жоғары болуымен байланысты. Салалық министрлік ата-аналарға құжаттарды уақытылы рәсімдеуді ұсынады. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан және eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.
Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлек, ал білім беру ұйымдарындағы білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар оны қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуге, ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі. Мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады.
Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында осы мақсаттағы қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланған. Бұл бағытта жергілікті бюджеттерден шамамен жиырма үш миллиард теңге қарастырылыпты.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимараты ішінде бас киіммен жүруге жол берілмейді.
ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік қызметтер көрсету мен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа тетіктерін әзірледі. Осы уақытқа дейін балабақша орындарына кезектің вертикалды қағидатпен қалыптасуы, мемлекеттік тапсырыстың нақты бір мектепке дейінгі ұйымға бекітілуі және қаржыландырудың нақты қажеттілікке сай бөлінбеуі бірқатар мәселені туындатты.
Олардың қатарында жалған контингентті тіркеу, балабақшалар арасындағы бәсекелестіктің шектелуі және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы бар. Жаңа тетіктерді пайдалану нәтижесінде деректердің дұрыстығын тексеріп, бұзушылықтарды анықтайтын тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жиырма қала мен 23 ауданда іске асырылуда.
Оған алты мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қатысып, жоба аясында бір миллионнан астам ваучер берілгені белгілі болды. Жаңа мүмкіндіктерді іске асыру нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар саны артып, сонымен қатар кезекте тұрған 2-6 жастағы балалар саны бір жүз алпыс мыңнан жиырма үш мыңға дейін қысқарған екен. Пилоттық жоба аясында 35 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделіп, осы қаржының есебінен қосымша ваучерлер беріле бастаған. Жаңа модель мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етумен қатар бюджет ақшасын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасап отыр.
Сондай-ақ білім беру қызметтерінің сапасы мен мектепке дейінгі ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қажетті кепілдіктердің саны көбейіпті. Технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығы талаптарының өзгеруі және жасанды интеллекттің өмірдің барлық саласына кеңінен енуіне байланысты білім беру мазмұнын жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыс ел Президентінің өткен жылғы республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынып, сол жылдың қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Кейін бұл бағыттағы жұмыстың құқықтық негізі нығайтылған еді.
Былтырғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» ҚР Заңы, ал биылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі Президент Жарлығы қабылданды. Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылған. 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіліпті.
Бұл тек пән атауларының өзгеруі емес. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер мен барлығы 43 оқу мақсаты енгізілген. Бүгінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде қолданып жүр. Ендігі міндет – оларды бұл технологияны жай ғана пайдалануға емес, саналы, тиімді және жауапты қолдануға үйрету. 1–4-сынып оқушылары «Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі аясындағы он жеті оқу мақсаты бойынша жасанды интеллектпен күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы танысады.
Олар цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді. 5–9-сынып оқушылары «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдері аясындағы он төрт оқу мақсаты бойынша жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдануды, сауатты сұраныстар құрастыруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды үйренеді. 10–11-сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі аясындағы 12 оқу мақсаты бойынша жасанды интеллекттің жұмыс істеу қағидаттарын түсінуге және оны практикада қолдануға басымдық беріледі.
Оқу мазмұнына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген. Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында. Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру үдерісіне жасанды интеллектті тиімді және қауіпсіз қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленуде.
Жылдағы дәстүр бойынша биылғы тамыздың бірінен алдағы қыркүйек айының 30-ына дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіле бастағанын айрықша атап айтқанымыз абзал. Жаңа оқу жылы қарсаңында төрт жүз елу мыңға жуық бала қолдаумен қамтылады. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерде 23 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Көмектің ең төменгі мөлшері бір балаға 50 мың 851 теңгені құрайды.
Бұл былтырғы көмектің мөлшерімен салыстырғанда 10 пайызға артық. Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жекелеген өңірлерде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін. Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі. Төлемді алу үшін ата-аналар немесе сол балалардың заңды өкілдері тиісті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы қажеттілігін ескертеді бейіндік ведомство тарапы.
Қалдыбек РАХАНОВ
Загрузка...

