Білім инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық берілуде

– Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Осы мақсатта елордада заманауи мектеп салуға арнаулы мемлекеттік қордан жеті миллиард теңге бағытталды, – деп хабарлады өткен аптада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Астаналық бір мың екі жүз оқушыға арналған жаңа білім беру нысаны екінші мегаполистің «Нұра» ауданында бой көтеруде. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны келер жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мектеп салу қажеттілігі халық санының өсуіне байланысты туындап отыр. Қазіргі уақытта құрылыс аумағында 4 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, алайда оқушы орындарының тапшылығы бар. Жаңа нысан елордадағы №84, №85, №89 және №97 мектептерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы қайтарылған активтер азаматтар үшін практикалық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Үкімет 610 миллиард теңгеден астам сомаға бес жүзден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Қаражат бүкіл ел бойынша білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салуға және жаңғыртуға бөлінуде. Білім беру саласында жалпы құны 64,4 миллиард теңге болатын он жеті жобаны жүзеге асыру мақұлданды.

Бұл қаражат жаңа білім беру инфрақұрылымын салуға және балалар мен жастардың білім алуына заманауи жағдай жасауға бағытталды. Жеңіс Қасымбек миллиондар мекеніндегі жергілікті атқарушы биліктің басшысы ретінде биылғы мамыр айының жиырма төрті күні бірқатар мектеп пен оқушылар сарайының құрылыс барысымен танысу барысында, мектеп салу және балаларымыз үшін жайлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүріп жатыр, – деген болатын.

– Жаңа оқу жылы ішінде тағы 12 оқу орнын ашамыз. Мәселен, соңғы жылдары қырық төрт мектеп салдық. Осы шаралар қолданыстағы мектептерге түсетін салмақты едәуір азайтып, қосымша оқушы орындарын ашуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік инфрақұрылымға қажеттілік жоғары аудандарға айрықша назар аударып отырмыз. Сол сияқты алдағы жылға арналған дайындық жұмысы жүріп жатыр: жобалық және қала құрылысына қатысты құжаттамалар әзірлеу ісі қолға алынған, – деді ол.

– Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін қалада бір жүз қырыққа жуық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл тағы екі Оқушылар сарайы мен алты балабақша ашу жоспарда бар. Оқу және білім беру орталықтарының құрылысына жеке инвестициялар да жұмылдырылған. Білім беру жүйесін дамыту кешенді тәсілді талап етеді. Сол себепті біз заманауи білім беру ұйымдарын салумен қатар педагог мамандарын даярлау ісіне де ерекше көңіл бөліп келеміз. Мәселен, соңғы жылдары педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге арналған шамамен 1,5 мың мемлекеттік грант бөлінді.

Жеңіс Махмудұлының өткен шілде айының он үші күні Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасындағы кезекті жазбасында қазіргі кезде қала әкімдігінің гранты негізінде педагогикалық мамандықтар бойынша шамамен екі мың студент таңдаған мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіруде және соңғы үш жылда 1314 түлек оқуын сәтті аяқтағандықтан арнайы дипломдарын алғанын мәлімдеген болатын. 2026-2030 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін үш жүз үш грант қарастырылды, оның бір жүз сексен сегізі педагогикалық мамандықтарға арналғаны айрықша атап айтылды.

– Сол сияқты педагог мамандарын даярлау жүйесін дамыту үшін гуманитарлық колледж базасында педагогикалық институт құрылған еді. Бүгінгі таңда осы жоғары оқу орнында 4611 студент білім алып жүр, оқыту отыз алты білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Алдағы жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымын ашамыз. Соңғы жылдары салынған қырық төрт білім беру ұйымының негізінде қолданыстағы мектептерге түсетін салмақ айтарлықтай азайып, ондаған мың жаңа оқушы орны ашылды, – деді ол.

Қала әкімі жуырда елорданың қарқынды дамып келе жатқан, жаңа жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік беретін заманауи шаһар екендігіне екпін берді. Астана қаласы құлашын кеңге жайған сайын жаңа әлеуметтік нысандарға, заманауи инфрақұрылымға, жұмыс орындарына және сапалы қалалық қызметтерге деген сұраныс та артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жеке инвестицияларды тартуға тетік болатын ерекше маңызға ие. Осы орайда арнайы штабтың кезекті отырысында бірқатар жаңа жобалар қаралыпты. Олардың қатарында Қазақ интегративті медицина институтын салу мақсатын көздейтін ұтымды ұсыныс бар екен.

Қасымхан Сенғазыев қалалық білім басқармасының басшысы ретінде алдағы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының жоспарға сай жүргізілуін өткен айларда ұдайы басты назарда ұстап, бұл бағыттағы жұмыстардың орындалуын бақылау мақсатында №13, №72, №73, №82 және №86 мектептеріндегі құрылыс нысандарын аралап шыққанын білеміз. – №13 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 600 орындық қосымша оқу ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жоба мектептегі орын тапшылығын азайтып, оқушыларға қолайлы әрі заманауи жағдайда білім алуға мүмкіндік береді, – деді ол шілденің онкүндігіндегі кезекті сапарының барысында.

– №72 мектеп-лицейде жоғары сынып оқушыларына арналған алты жүз орындық жеке оқу ғимараты салынып жатыр. Нәтижесінде жоғары және төменгі сыныптарды бөлек оқытуға жағдай жасалып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға және оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік туады. №73 физика-техникалық лицейінде де алты орындық жаңа оқу корпусының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысан қарқынды дамып келе жатқан аудандағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, мектептің жүктемесін төмендетуге ықпал етеді.

Елордалық бас ұстаздың хабарлауынша, №82 және №86 мектептерде бастауыш сынып оқушыларына арналған қосымша оқу ғимараттары салынуда. Бұл бастауыш сыныптарға жеке әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырып қана қоймай, негізгі ғимараттағы жүктемені де азайтады. Нысандарды аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасына, қарқынына және белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударылған. Және мердігер ұйымдарға барлық жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтап, мектептердің жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар беріліпті.

– Қала халқының саны жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан жаңа мектептер мен қосымша оқу корпустарын салу – балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етудің және білім беру жүйесінің қолжетімділігін арттырудың маңызды бағыты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады. Жаңа оқу жылына дайындық қарқын алған. Кезекті мәрте күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №55 мектепте және қосымша оқу корпустары салынып жатқан №41 және №79 мектептерін барып, құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынын және белгіленген мерзімнің сақталуын қарап шықтым, – деп жазды ол Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.

– Барлық жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. №41 және №79 мектептерде салынып жатқан қосымша оқу корпустары оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың қолайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік береді. Жалпы биыл қаладағы үш мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қаланың шеткі аймақтарындағы мектептер де назардан тыс қалған жоқ. №55 мектепте шатыр, қасбет және инженерлік жүйелер толық жаңартылуда. Жауапты мекемелер мен мердігерлерге жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі тағы бір мәрте ескертілді.

Қасымхан Сенғазыұлының республикалық бас газетте жарияланған жақындағы сұхбатында 2029 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыру мақсатында 14 мың орындық алпыс балабақша салу жоспарланғаны белгілі болды. Былтыр алты жүз бүлдіршінге арналған екі мемлекеттік балабақша пайдалануға беріліпті (Нұра ауданындағы №99 «Бүлдіршін» және Есіл ауданындағы №100 «Көркем» балабақшасы). Биыл тағы да 1949 орындық алты балабақшаны іске қосу жоспарда бар (екі мемлекеттік және төрт жекеменшік). Былтырғы қаңтардан бастап, елордадағы мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді.

– Бұл жобада ата-аналар балабақшаны өздері таңдап, мемлекеттік қолдау мүмкіндігін береді. Жоба іске қосылғаннан бері жиырма бес мыңнан астам ваучер беріліп, 200 мыңнан астам хабарлама жолданды. Нәтижесінде, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 88,4 пайыздан 97,3 пайызға дейін өсті. Ал кезекте тұрған балалар саны елу мыңнан 18 мыңға дейін қысқарды. Сондай-ақ жекеменшік балабақшалар да мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Сондықтан олардың қызметі қолданыстағы заңнама талабына сәйкес тұрақты бақылауда. Балалардың қауіпсіздігі, білім сапасы, санитарлық талаптардың сақталуы және кадрлық қамтамасыз етілуі тұрақты мониторинг арқылы қадағаланады, – деді ол журналиске жауабында.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий