Жатақханадағы орын бөлу: кімдерге басымдық беріледі
Жоғары оқу орнына түсу – студент өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Ал жаңа оқу жылын бастайтын әрбір білім алушы үшін оқу орнымен қатар қауіпсіз әрі жайлы тұратын орынның болуы да аса маңызды. Бүгінде елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, орын тапшылығын азайту және білім алушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады салалық министрліктің баспасөз қызметі.
Жатақханаға орналасу тәртібі, студенттерге көрсетілетін қолдау шаралары және қандай да бір мәселе туындаған жағдайда қайда жүгінуге болады? Осы және өзге де маңызды көптің көкейіндегі түрлі сұрақтарға өткен аптаның соңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жауап берген болатын.
– Бүгінде елімізде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, орын тапшылығын азайту және білім алушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмалары аясында елімізде 72 мың 125 орындық екі жүз сексен бір жатақхана пайдалануға берілді. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері үшін елу бір мың үш жүз жиырма үш адамға есептелген 182 жатақхана. Жатақханадағы орындар, ең алдымен, әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға басымдықпен беріледі, – деді ол.
– Атап айтқанда: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге; мүгедектігі бар студенттерге; көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге; ауыл жастарына, «Серпін» жобасы арқылы білім алуға түскендерге; қандастарға, сондай-ақ басқа да әлеуметтік осал санаттарға жататын студенттерге беріледі. Студенттердің жатақханаға орналасуына байланысты мәселелерді жедел әрі тиімді шешу мақсатында жаңа оқу жылында бейіндік ведомствоның қолдауымен ситуациялық және дағдарыс орталықтары ұйымдастырылуда.
Ситуациялық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің базасында, ал дағдарыс орталығы М.Тынышпаев университетінің базасында ашылды. Бұл орталықтар студенттерді жатақханадағы бос орындар туралы ақпаратпен қамтамасыз етсе, дағдарыс орталығы форс-мажорлық жағдайларда студенттерді уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Осыған байланысты жатақханаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда сіздерге жоғары оқу орнының жатақхана мәселелері бойынша жоғары оқу орнында жұмыс істейтін ситуациялық орталыққа, өңірлік студенттік омбудсмендердің тікелей желісіне жүгінуге болатындығын білдік.
Ақерке Абылайханның айтуынша, сондай-ақ, 2023 жылғы қыркүйек айының бірінен бастап жатақханада тұратын жетім балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға 29 АЕК-ке дейін, яғни 100 мың 50 теңгеге дейін өтемақы қарастырылған. Қандай да бір мәселе немесе қиындық туындаған жағдайда, оны өз бетінше шешуге тырыспай, жоғарыда көрсетілген ресми байланыс арналарына жүгінулеріңізді сұраймыз. Министрлік өкілдері, жоғары оқу орындарының әкімшілігі және студенттік омбудсмендер білім алушылармен тұрақты байланыста және туындаған мәселелерді шешуге қажетті қолдау көрсетуге дайын.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен М.Тынышбаев атындағы ALT University базасында студенттерге арналған дағдарыс орталығы төртінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Биыл да бұл орталық тұңғыш мегаполистегі жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтары бойынша оқуға түскен білім алушыларды қолдау жүйесі аясында бұрыннан бар жоспарлы жұмысын жалғастырады. Дағдарыс орталығы ALT University №1 Студенттер үйінде, Алматы қаласы, Мәуленов көшесі, 108 мекенжайында орналасқан. Орталық елу орынға есептелген.
Орталық уақытша тұруды және қосымша әлеуметтік, психологиялық немесе консультациялық қолдауды қажет ететін студенттерге арналған. Көмекке Алматы қаласындағы кез келген жоғары оқу орнының студенттері жүгіне алады. Уақытша орналастыруды қажет ететін студенттер көрсетілген байланыс телефондары арқылы Ахуалдық орталыққа хабарласа алады. Мамандар әрбір өтінішті жеке қарастырып, студентті өзі білім алатын жоғары оқу орнының жатақханасына орналастыру мүмкіндігін анықтайды.
Егер жоғары оқу орны студентке жатақханадан орын ұсына алмаса, бос орын болған жағдайда студент уақытша тұру үшін ALT University базасындағы дағдарыс орталығына орналастырылуы мүмкін. Орналастыру өтініш қаралып, жауапты мамандармен келісілгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл тәсіл студентті тұрақты тұратын орны анықталғанға дейін уақытша баспанамен қамтамасыз етуге және оның оқу процесінің үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік береді. Дағдарыс орталығында студенттердің жайлы тұруына, оқуына және күнделікті тұрмысына қажетті жағдайлар жасалған.
Бейіндік ведомствоның ресми ақпаратына жүгінсек, бұл оталықта оқу және тұрмыстық аймақтары бар тұрғын бөлмелер, ас үй модульдері және қажетті жиһаздар қарастырылған. Сонымен қатар санитариялық-гигиеналық бөлмелер, спорт залы және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған медициналық пункт жұмыс істейді. Студенттер орталықта болған кезеңде психологиялық, әлеуметтік және консультациялық қолдау ала алады. Барлық өтініштер құпиялылық қағидаттары мен жеке тәсіл негізінде қарастырылады. Байланыс телефондары: +7 700 950 95 28, +7 727 237 01 70.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) базасында Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі Ахуалдық орталық жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде жұмысын бастады. Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан университет ғимаратында ашылған орталықтың негізгі мақсаты – жатақханадан орын таба алмай қалған студенттерге жедел әрі тиімді қолдау көрсету.
Жоғары оқу орындарының цифрлық платформалары арқылы жатақханаға орын брондап үлгермеген немесе орналасу барысында қиындықтарға тап болған білім алушылар Ахуалдық орталыққа тікелей жүгіне алады. Орталық мамандары әрбір өтінішті жедел қарап, бос орындар базасы арқылы тиісті жатақханалардан немесе серіктес ұйымдардан уақытша тұру орнын ұсынуға мүмкіндік жасайды. Жедел қызмет көрсету мақсатында орталықта сегіз толыққанды жұмыс орны ұйымдастырылған.
Әрбір жұмыс орны заманауи компьютерлік техникамен, цифрлық дерекқорларға қолжетімділікпен және бір мезгілде 10 қоңырауды қабылдай алатын көпарналы байланыс жүйесімен жабдықталған. Бұл мамандарға қаладағы жоғары оқу орындарымен және жатақхана әкімшіліктерімен үздіксіз байланыс орнатып, студенттердің мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар орталық аумағында студенттер мен келушілер үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Мұнда өтініш берушілерге арналған күту және демалыс аймағы, оқу бұрышы, кофе-брейк аймағы, сондай-ақ жиналыстар мен жедел брифингтер өткізуге арналған конференц-зал жұмыс істейді. Ахуалдық орталықтың байланыс нөмірі: +7 700 950 95 28; +7 727 237 01 70.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...





