Алтын Орда тарихын кешенді зерделеу қажет

Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихы – ұлттық жылнамамызбен қатар, бүкіл Еуразия кеңістігінің геосаяси, экономикалық және мәдени бейнесін айқындаған жаһандық тарихтың ажырамас бөлігі. Бүгінгі таңда бұл тақырып өткенге тағзым ету мен тарихи жаңғырту шеңберінен шығып, заманауи Қазақстанның тәуелсіздігін, геосаяси бірегейлігін және ұлттық қауіпсіздігін ғылыми негізде бекемдейтін теориялық-әдіснамалық тұғырға айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда бұл тақырыптың өзектілігі ешқашан жоғалмайтынын атап көрсетіп, отандық ғылыми қауымдастық алдына стратегиялық міндет қойды. Президент Алтын Орда тарихын тек әскери-саяси экспансия тұрғысынан бағалайтын тар шеңбердегі парадигмадан бас тартып, оны тұтас өркениеттік модель, институционалдық құрылым және Еуразияның коммуникациялық инфрақұрылымын қалыптастырған кешенді феномен ретінде зерделеуді тапсырды.

Осы орайда, Жошы Ұлысының мемлекеттік басқару жүйесін, дипломатиялық қағидаттарын, қаржы-экономикалық құрылымын, зияткерлік және рухани-мәдени мұрасын жаңа академиялық әдістер арқылы кешенді талдау отандық ғылымның басты басымдығы болып белгіленді. Бұл стратегиялық міндеттің салмағы мен өзектілігі бірнеше іргелі деңгейден туындайды. Біріншіден, мемлекеттік және институционалдық сабақтастық. Алтын Орда – заманауи қазақ мемлекеттілігінің тікелей тарихи, саяси және құқықтық бастауы.

Жошы хан ұрпақтары – Орда Ежен, Бату, Берке, Шайбан, Тоқа-Темір негізін қалаған саяси құрылымдар мен әкімшілік-территориялық жүйе Ақ Орда мен Көк Орда арқылы заңды түрде Қазақ хандығына ұласты. Керей мен Жәнібек хандар қазақ этносының ұлттық сипаттағы мемлекеттілігінің туын көтергенде осы этносаяси сабақтастықты жаңа сапалық деңгейге шығарды. Бүгінгі таңда жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституциямызда Ұлы даланың тарихи сабақтастығын сақтау мен дамыту қастерлі конституциялық міндет ретінде бекітілуі – мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанының заңнамалық айғағы.

Екіншіден, идеологиялық догмаларды еңсеру және академизмді қалпына келтіру. Отаршылдық пен кеңестік тарихнамада саяси конъюнктура салдарынан Жошы Ұлысы тек «қиратушы көшпелі империя» ретінде бұрмаланып, далалық саяси жүйе институционалдық мемлекет деңгейіне жетпеген құрылым ретінде сипатталды. Қазіргі отандық және шетелдік академиялық ғылым бұл догманы фундаменталды деректермен теріске шығаруда. Заң үстемдігінің көрінісі («Ұлы Яса»), орталықтандырылған ақша-несие және салық саясаты, дипломатиялық иммунитет, «Ям» жүйесі сияқты тиімді байланыс пен логистика институты, Құрылтай сияқты өкілетті органдар, меритократия қағидаты және діни-этникалық конфессионалдық төзімділік – мұның бәрі Жошы Ұлысының өз дәуіріндегі ең озық мемлекеттік модель болғанын дәлелдейді.

Үшіншіден, геосаяси контекст және ғылыми дипломатия. Алтын Орда мұрасы – Еуразия аумағындағы ірі халықтардың ортақ тарихи-мәдени қазынасы. Бүгінгі таңда бұл тарихи мұраны бөлшектеу немесе текетірес құралына айналдыру емес, керісінше, халықаралық ғылыми интеграция мен «жұмсақ күш» механизмі ретінде пайдалану – академиялық дипломатияның негізгі миссиясы. Мемлекет басшысы атап өткендей, тарих халықтарды бөлетін тартыс майданы емес, мемлекеттерді жақындастыратын, бейбітшілік пен әріптестікті нығайтатын алтын көпір болуы тиіс.

Төртіншіден, ұлттық идеология және қоғамдық сұраныс. Жаһандану дәуірінде ұлттық менталды иммунитетті сақтау, өскелең ұрпақтың тарихи санасы мен патриоттық дүниетанымын қалыптастыру тікелей осы фундаменталды зерттеулерге байланысты. Қазақстанның мемлекеттік бірегейлігі мифтерге емес, бұлтартпас ғылыми-академиялық фактологияға, археологиялық және деректанулық дәйектерге сүйенгенде ғана сыртқы идеологиялық экспансияларға төтеп бере алады.

Дерек пен пайым: ҚазҰУ-дың іргелі ғылымға қосқан академикалық үлесі. Тәуелсіздік жылдарында Жошы Ұлысын зерделеу саласы сапалық тұрғыдан жаңа академизм деңгейіне көтерілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арнайы Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми-зерттеу институты құрылып, Қазақстан тарихының академизм талаптарына сай көптомдығында алғаш рет Алтын Орда дәуіріне жеке тұтас том арналды. Отандық ғалымдардың монографиялары мен ізденістері Scopus, Web of Science сияқты халықаралық рецензияланатын ғылыми басылымдарда жарық көріп, этногенез, этносаяси құрылым, институционалдық сабақтастық мәселелері жаңа әдіснамалық платформада қайта сарапталуда.

Мемлекеттік маңызы бар бұл ғылыми бетбұрыста ұлт зиялылары мен білімнің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті айрықша рөл атқарады. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми орталықтары бұл бағытты кешенді түрде жүргізіп келеді. Соңғы жылдардың өзінде ҚазҰУ ғалымдары тарапынан Алтын Орданың тарихы, археологиясы, сондай-ақ халықаралық қатынастарына қатысты 70-тен астам фундаменталды ғылыми мақала халықаралық базаларда жарық көрсе, 10-нан астам академикалық монография жарияланды.

ҚазҰУ археологтары Жошы Ұлысының далалық қана емес, жоғары дамыған қалалық және қолөнерлік өркениет болғанын бұлтартпас фактілермен дәлелдеп келеді. Профессор Мадияр Елеуовтің жетекшілігімен Сыр өңірінде жүргізілген экспедициялар нәтижесінде Ақтөбе, Қызылқала, Түймекент және Қойшыман қалашықтарында кешенді қазба және реставрациялық-қорғау жұмыстары жүзеге асырылды. Әсіресе Қойшыман қалашығында жүргізілген зерттеулер бұл орталықтың негізі Алтын Орда дәуірінде қаланып, кейіннен Қазақ хандығының маңызды саяси-сауда және әкімшілік орталығы ретінде қызметін үздіксіз жалғастырғанын айқындады. Бұл – далалық өлкедегі қалалық мәдениеттің үзілмеген сабақтастығын көрсететін бағалы археологиялық аргумент.

Осы зерттеулерді ғалым Ералы Ақымбек Талас-Шу өңіріндегі ортағасырлық төрткүлдер мен қоныстарды зерделеу арқылы одан әрі тереңдетті. Оның ғылыми ізденістері аймақтың урбанизациялану динамикасын, хронологиялық кезеңдерін және Сырдария мен Талас-Шу бассейндеріндегі қалалық жүйенің өзара интеграциясын кешенді түрде салыстырмалы талдауға мүмкіндік тудырды. Университеттің академикалық мектебі Жошы Ұлысының сыртқы және ішкі саяси институттарын талдауда тың деректерді ғылыми айналымға қосты.

ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев XIV-XV ғасырлардағы Жошы Ұлысының ыдырау кезеңіндегі этносаяси трансформациялар мен Қазақ хандығының құрылуы арасындағы институционалдық және заңнамалық сабақтастықтың іргелі концепциясын ұсынды. Профессор Қалқаман Жұмағұлов Ватиканның сирек қолжазбалар қоры мен Италия мұрағаттарынан табылған латынша түпнұсқа деректерді ғылыми айналымға енгізу арқылы XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орданың Батыс Еуропа мемлекеттерімен өрбіткен саяси-дипломатиялық, геоэкономикалық байланыстарының белгісіз қырларын ашты. Ғалым Меңдігүл Ноғайбаева Ұлыстағы этникалық үдерістерді, далалық ақсүйектер институты мен Шыңғыстық легитимация концепциясының өзара ықпалдастығын саралап, мемлекеттің ішкі саяси тұрақтылық механизмін айқындады.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихшы ғалымдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен жазылып жатқан жеті томдық Қазақстан тарихының академиялық басылымының әр томына, оның ішінде Жошы Ұлысы, Алтын Орда, Қазақ хандығы  секілді күрделі бөлімдерінің жазылуына белсене атсалысып, өзіндік үлестерін қосты. Академик Берекет Кәрібаев пен доцент Күлғазира Балтабаева осы академиялық басылымның жалпы редакциялық алқасының мүшесі ретінде әр томның ғылыми жағынан әрі сапалы, әрі мазмұнды болуында белсенділік көрсетті. Демек, ҚазҰУ ғалымдарының бұл іргелі зерттеулері Жошы Ұлысы тарихын жаңа ғылыми парадигмада қайта сараптауға жол ашып, ұлттық ғылымның халықаралық авторитетін арттыруға қызмет етеді.

Тарихты зерделеуде де жаңа әдіснамаға көшетін уақыт жетті. Жошы Ұлысы тарихын сапалық жаңа академикалық деңгейге көтеру ең алдымен деректанулық базаны жүйелеуден басталуы тиіс. Осы орайда, парсы, араб, шағатай, латын, армян, қытай және көне славян жазба ескерткіштеріндегі деректерді қазақ тіліне ғылыми-академиялық түсініктемелермен аудару – уақыт күттірмейтін міндет. Мемлекет пен ұлыс хандарының жарлықтары мен дипломатиялық хат-хабарларының бірыңғай академикалық корпусын құру отандық деректану мектебін қалыптастыруға жол ашады.

Бұл іргелі ізденістер өз кезегінде көмекші тарихи пәндерді жаңғырту қажеттігін алға тартады. Атап айтқанда нумизматика, эпиграфика, сфрагистика мен палеография бағыттары бойынша арнайы маман даярлауды жеделдетудің маңызы зор. Егер Алтын Орданың қаржы-ақша жүйесін, соғылған тиындардағы бедерлер мен тастағы жазуларды түпнұсқада игере алсақ, бұл тарихи шындықты қалпына келтіруге тың серпін береді. Осымен қатар, институционалдық және геоэкономикалық тарихты зерделеуде де жаңа әдіснамаға көшетін уақыт жетті. «Ұлы Яса» заңдар жинағы мен ислам құқығының далалық қоғамдағы үйлесімі,

Құрылтай институты, мемлекеттік іс жүргізу мен «Ям» байланыс жүйесін, сондай-ақ салық саясатын талдауда бұрынғы дескриптивті, яғни жалаң сипаттау тәсілінен арылып, цифрлық және математикалық модельдеу методологиясына ойысқанымыз абзал. Әрине, аталған ауқымды міндеттердің барлығы дерлік сапалы кадрлық әлеуетке келіп тіреледі. Ортағасырлық шығыс және батыс тілдерін еркін меңгерген маман-деректанушыларды тәрбиелеу үшін арнайы мақсатты магистратура мен докторантура бағдарламаларын ашып, шетелдік жетекші ғылыми орталықтармен тұрақты тағылымдама алмасуды мемлекеттік деңгейде жолға қою – бүгінгі күннің басты талабы.

Сонымен бірге осы зерттеу нәтижелерін халықаралық академикалық айналымға жылдам интеграциялау үшін бірыңғай цифрлық инфрақұрылым құру қажет. Алтын Орда дәуіріне қатысты барлық жазба деректердің, археологиялық жәдігерлер мен сәулет ескерткіштерінің ашық цифрлық реестрін жасау отандық ғылымның жетістіктерін әлемдік кеңістікке танытуды жеңілдетеді.

Ортағасырлық қалаларды аршу – заман талабы. Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерделеу – заманауи Қазақстанның сол ұлы өркениеттің тікелей мұрагері екенін ғылыми негізде мойындату және осы қастерлі тарихи сананы келешек ұрпақтың бойына дарыту. Бұл – ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік бірегейлікті бекемдеудің басты іргетасы. Жақында сарапшылар мен ғалымдар бас қосқан «Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары» тақырыбындағы кеңейтілген отырыста осы өзекті мәселелер жан-жақты сарапқа салынды.

Осыған дейін әр ғалым немесе әр мекеме зерттеу жұмыстарын жеке-дара жүргізіп келсе, ендігі жерде отандық ғылымға пәнаралық сипаттағы кешенді интеграция ауадай қажет. Осы орайда, көршілес Татарстан Республикасының тәжірибесі ой салады. Оларда ғылыми қауымдастық жұмыла отырып, «История татар» атты жеті  томдық фундаменталды академикалық еңбек жазып шықты. Соған қарап, бізге де тарихымызды жүйелеп, осындай сүбелі академикалық жинақтарды әзірлеу үшін тарихшылар, археологтар, этнологтар, филологтар мен генетиктердің басын біріктіретін ортақ ғылыми кластер құру қажеттілігі анық байқалады.

Әсіресе ортағасырлық урбанизация мен археология саласы бойынша айтар болсам, елімізде зерттеуді күтіп жатқан орасан тарихи кеніштер баршылық. Мен қызмет еткен Оңтүстік Қазақстан өңірінде, қазіргі Түркістан облысында 20-дан астам ортағасырлық шаһардың орны орналасқан. Бағзыдан белгілі Отырардың өзінде қазіргі күні негізінен Цитадель бөлігі ғана қарастырылған болса, аумағы 500 гектарды құрайтын Сауран, көне Исфиджаб маңындағы Отырардан кем түспейтін Ханқорған, сонымен қатар Сидак сияқты көне қалаларымыз әлі де терең, ауқымды қазба жұмыстарын толыққанды күтіп тұр.

Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін бұл қалалардың тек суреттері мен сыртқы сұлбасын көрсетумен ғана шектеліп келеміз. Көршілес Өзбекстанның Самарқан, Бұқара, Үргеніш сияқты тарихи қалаларындай сәулеттік ескерткіштерімізді сақтап қала алмадық, елімізде сол дәуірден бүтін жеткен бірегей нысан – Әзірет Сұлтан, Ясауи кесенесі екені жасырын емес. Сондықтан Мемлекет басшысы отандық ғылымға барынша қолдау көрсетіп отырған қазіргі тарихи сәтте осы көне қалалардың орнын аршып, оларды ашық аспан астындағы музей-кешендерге айналдыру – мемлекеттік деңгейдегі міндет.

Мұнда салалық министрліктер, жергілікті әкімдіктер мен өңірлік университеттер, Алматы мен Астанадағы ірі академикалық орталықтармен күш біріктіріп, әр облыс өз аймағындағы тарихи жәдігерлерді қайта жаңғыртуға жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бүгінгі таңда ортағасырлық археология саласында саусақпен санарлық қана ғалымдарымыз қалғаны қынжылтады. Жақында 80 жасқа толған Мадияр Елеуұлы, сондай-ақ Зейнолла Самашев, Бауыржан Байтанаев сияқты аға буынның орнын басатын жас археологтар мектебін қалыптастыру кезек күттірмейтін мәселе.

Осыған байланысты өңірлік университеттер жанынан археология және этнология бөлімдерін ашып, олардың базасын күшейту, сондай-ақ қазба жұмыстарына танымал шетелдік археологтарды кеңінен тарту арқылы отандық мектептің әлемдік танымалдылығын арттыра аламыз. Президенттің Алтын Орда тарихын зерделеуге қатысты бастамасы – біз үшін үлкен бағдар. Алайда біз бұл қозғалысты одан әрі тереңдетіп, Алтын Ордадан арғы дәуірлерге де пәнаралық кешенді зерттеулер жүргізуіміз керек.

Орта түркі, көне түркі, ғұн және сақ дәуірлерінің тарихи қабаттарын қайта сараптау – біздің төл парызымыз. Мысалы, сақ дәуірін сөз еткенде көбіне Шығыс Қазақстандағы немесе Есіктегі «Алтын адам» табылған обалармен ғана шектелеміз. Ал іргедегі Кеген өңірінде күрек тимеген 20-ға жуық Сақ обасы тұр. Жетісудағы Лепсінің жоғарғы таулы қырқаларында, теңіз деңгейінен 3-4 мың метр биіктікте тастан үйілген, ені 50 метрден асатын үлкен Сақ қорғаны мен ханзадалардың ондаған обалары жатыр.

Осындай игерілмей жатқан тарихи қазыналарымызды ғылыми айналымға қосу – отандық академикалық ғылымның алдында тұрған басты меже. Отандық ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындары және келешек ғалымдар бұл іске ортақ жауапкершілікпен қарап, ұлттық тарихи сананы жаңғырту жолында абыроймен еңбек етеді деп сенемін.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий