Ғылым, білім және мәдениетаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Ғылым, білім және мәдениетаралық ынтымақтастық – қазіргі жаһандану жағдайында қоғамдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі. 2026 жылғы мамыр айының 10–17 күндері аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының профессоры З.Айдарбеков ҚХР Чжэнчжоу университетіне ресми іссапармен барып, дәріс оқыды.
Іссапар барысында Жібек жолы университеттері мен консалтингтік компаниялар қауымдастығының төрағасы Нұржан Байтемиров ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті оның ішінде философия кафедрасымен бірігіп Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ғылым, білім беру салаларындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Орталық Азия – Қытай» халықаралық жазғы академиялық мектебін бірлесіп өткізуге келісті.
Чжэнчжоу университетінің Шетел тілдері және халықаралық қатынастар институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасы және Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты бірлесіп «Жібек жолы» ғылыми және педагогикалық біліктілікті арттыру бойынша халықаралық жазғы мектебі жобасын іске қосты.
Жазғы мектептің алғашқы сессиясы биылғы шілде айының 25-і мен тамыздың үші күндері аралығында ҚХР Чжэнчжоу университетінің кампусында ұйымдастырылды. Жазғы мектепте ғылыми-зерттеу әдістемесі және академиялық жазылым, цифрлық педагогика және жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қолдану, мәдениетаралық коммуникация және аудиторияны басқару, халықаралық ғылыми ынтымақтастық жобаларын әзірлеу, сондай-ақ мәдени алмасу мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған дәрістер, семинарлар және практикалық сабақтар өткізілді.
Мәрия Жұмақожақызы МАЙЛЫҚҰТОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану
және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы
