Абайдан Атырауға дейінгі ауыл мектептеріндегі жаңа серпін
Елдің дамуы – ауылдың дамуынан бастау алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою және әрбір балаға тең мүмкіндік беру жөніндегі тапсырмасы нақты нәтижесін бере бастады. Атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан халқына» қоры және өңірлік білім басқармаларының бірлескен ауқымды жобасы аясында еліміздің 7 облысындағы 418 ауыл мектебі заманауи жабдықталып, жаңа тыныс алды.
Осы айтулы тарихи сәтте Астана төрінде отыз жылдық тарихы бар «Білім-инновация» лицейлерінің озық тәжірибесіне негізделген «Auylbilim Talks» республикалық форум-кеңесі шымылдығын түрді.
Форум барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтер мен ата-аналар ауыл білімін дамытудағы нақты кейстерімен бөлісті.
Мәселен, Абай облысы, Талица мектебінің директоры Қозыбаева Әйгерім Ермекқызы жаңадан ашылған робототехника кабинетінің арқасында механика бағыты бойынша колледж грантын жеңіп алған қарапайым ауыл баласының жетістігін баяндады.
Ал Ақмола облысы, Өндіріс ауылы мектебі директорының орынбасары Холганат Дәнекер мектептегі тәрбие жүйесін жаңартып, балалардың білімге деген ынтасын арттыру тәжірибесін ортаға салды.
Еуропа мен Түркияның озық білімін меңгеріп, туған жеріне оралған Қызылорда облысы, Қызылқайың ауылының жас мұғалімі Әльтаева Айғаным Бауыржанқызы жастарға үлгі боларлық патриоттық сезімімен бөлісті.
Батыс Қазақстан облысы, Чапаев ауылынан келген ұстаз Дендерова Назира Ерғалиқызы PASCO сандық датчиктері мен жаңа құрылғылардың ауыл балаларының ғылыми құштарлығын қалай оятқанын жеткізді.
БҚО, Шыңғырлау ауылының мұғалімі Каукиева Аягүл Гиззатуллинқызы оқушы бойындағы «қала баласынан арттамыз» деген күмәнді сейілтіп, оларды облыстық, республикалық биіктерге жетелегенін айтып берді.
Қостанай облысы, Торғай ауылының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сымбат Кенжеғалиқызы бір кабинеттен бастау алған үлкен өзгеріс пен ынтымағы жарасқан сыныптың тарихын бөлісті.
Қарағанды қаласы №45 гимназияның химия пәні мұғалімі Махадиева Кәмшат Шыңғысқызы мен оның оқушысы Коняева Елизавета ауыл зертханасынан басталған зерттеудің халықаралық ғылыми орталықтарға дейін ұласқан жеңісті жолын көрсетті.
Ақмола облысынан келген ата-ана Омарова Гүлімжан мектеп пен отбасы арасындағы тығыз байланыс – бала болашағының басты кепілі екенін атап өтті.
«Auylbilim Talks» форумы – жай ғана есеп беру емес, бұл – ауыл мектептеріне сапалы білім мен заманауи технологияны енгізу арқылы жарқын болашаққа жасалған батыл қадам. Заманауи зертханалар мен ардақты ұстаздардың ерен еңбегі ауыл балаларының арманына қанат бітіріп, ел білімінің жаңа белесін айқындап берді.
Зәуре ЕЛДАРТҚЫЗЫ
Загрузка...


