Әрбір білім беру ұйымының жұмысы нақты нәтижемен бағалануы тиіс

Ербол Қарашөкеев облыс әкімі ретінде «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз конференциясына қатысып, жамбылдық білім беру жүйесінің алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерін айқындады. Мәні мен маңызы зор іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова, аудан және Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының ардагерлері, ұстаздар мен жас педагогтер жиналды.

Басқосу аясында колледж студенттері мен мектеп оқушыларының жасанды интеллект пен цифрландыруға негізделген жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Биыл қорытындыланған оқу жылының нәтижелері шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер таныстырылды. Өңір басшысы сөйлеген сөзінде білім сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайту, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту және еңбек нарығына қажетті кадр даярлау мәселелеріне тоқталды.

Биыл аймақтың білім беру саласына 362,5 миллиард теңге бағытталуда екен. Бұл қаражат өңір бюджетінің елу пайыздан астамын құрайды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи технологиялармен жабдықталған жеті білім беру ұйымдары іске қосылып, үш ауысымды ағарту орындарының қордаланған мәселесі толық шешімін тапқан. Сонымен қатар биыл 14 білім беру нысанының құрылысына қаржы қарастырылған. Оның ішінде бес мектеп және 9 жапсарлас құрылыс бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста 2025-2029 жылдарға арналған бір жүз отыз үш мектепті жаңғырту жоспары бекітілді. Былтыр он мектеп жаңғыртылса, биыл 6 білім беру ұйымында тиісті жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен сексен мектептегі 207 оқу кабинеті қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Білім саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Қаржы бар, жағдай жеткілікті. Ендігі мәселе – осы мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру. Мектептің материалдық базасы жаңарғанымен, білім сапасы артпаса – атқарылған жұмыстардан толық нәтиже жоқ.

– Сондықтан әрбір білім беру ұйымының жұмысы нақты нәтижемен бағалануы тиіс. Әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттің қолдауына мұқтаж осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден астам, ал көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың балаларын ыстық тамақпен, мектеп формасымен және жазғы сауықтыру шараларымен қамтуға 11,2 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ретте әлеуметтік қолдаудың әр балаға нақты жетуін қамтамасыз ету, балабақшалардағы бала санын есепке алу және жан басына шаққандағы қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету міндеті қойылды, – деді Ербол Шырақбайұлы.

– Жаңа оқу жылында балалардың қауіпсіздігі де ерекше бақылауда болады. Мектеп асханаларындағы тамақтың сапасы мен қауіпсіздігі, санитарлық талаптардың сақталуы, оқушыларды тасымалдау және шалғай елді мекендерден қатынап оқитын балалардың қауіпсіздігі тұрақты назарда болуы тиіс. Бала қауіпсіздігі – кез келген көрсеткіштен жоғары тұратын мәселе. Бір баланың қауіпсіздігіне қатысты немқұрайдылықтың өзі – біз үшін жол беруге болмайтын жағдай.

Конференцияда ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға да басымдық берілді. Осы бағытта «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі» сияқты бастамалардың жұмысын жаңа деңгейге көтеру, отбасы мен білім беру ұйымдарының байланысын күшейту қажеттігі айтылды. Облыс әкімі сапалы білім мен саналы тәрбие қатар жүруі тиіс екенін атап айтты. Сонымен бірге мектептерде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілмек. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында отбасылық оқу, Book Club, кітап талқылау және буккроссинг сияқты бастамаларды жандандыру көзделіп отыр. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру да назардан тыс қалмайды.

«Таза Қазақстан» қағидаттарын мектептен бастап, қалдықтарды сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу, ағаш отырғызу, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды тұрақты әдетке айналдыру міндеті қойылды. Білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияға да айрықша мән берілді. Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдану және инновациялық әдістерді енгізу жұмыстары жалғасады.

Негізгі ұстаным – оқушыны технологияны жай ғана пайдаланушы емес, ақпаратты саралай алатын, сыни ойлайтын, шығармашылықпен жұмыс істейтін тұлға ретінде қалыптастыру. Жасанды интеллект – ұстазды алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндігін арттыратын көмекші құрал болуы тиіс. Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 10 мың 73 бала бар. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында кедергісіз орта қалыптастыру, арнайы кабинеттер мен құрал-жабдықтардың қолжетімділігін арттыру, педагогтер мен мамандардың біліктілігін жетілдіру жұмыстары жалғасады.

Техникалық және кәсіптік білім беруді өңір экономикасымен байланыстыру да маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Қазіргі таңда облыста іске асырылып жатқан 116 инвестициялық жоба аясында жиырма мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Осыған байланысты колледждер кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мамандар даярлауы қажет. Дуальды оқытуды күшейту, жұмыс берушілермен байланысты нығайту, инвесторларды колледждердің материалдық-техникалық базасын дамытуға тарту және заманауи құзыреттілік орталықтарын ашу жұмыстары жалғасады.

Сондай-ақ атом электр станциясын салу жобасына байланысты қажетті білікті кадрларды даярлау мәселесіне қазірден бастап мән беру тапсырылды. Пленарлық отырыста білім беру саласының өзекті бағыттарына арналған баяндамалар ұсынылды. Сонымен қатар парасаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және академиялық адалдық мәселелері қозғалды. Бұл бағытта облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Болат Көпдікбаев баяндама жасады. Жиында «Halyk» қайырымдылық қорының атынан білім басқармасына 10 автокөліктің кілті табысталды.

Сондай-ақ білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан педагогтер мен қызметкерлер құрметке бөленді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен – төрт; «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – үш; Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен бес педагог марапатталды. Аймақ жетекшісінің Құрмет грамотасына – бес; Алғыс хатына бес педагог; Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында облыс әкімінің Құрмет грамотасына – жеті; Алғыс хатына бес қызметкер ие болды.

«Орта білім беретін үздік ұйым-2026» грантының иегері ретінде Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияға 68 миллион теңгенің сертификаты берілді. «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингі бойынша жоғары нәтиже көрсеткен мектептер, колледждер және мектепке дейінгі ұйымдар марапатталды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі білім саласының алдына қойылған міндеттердің ауқымды екенін атап өтіп, педагогтерден кәсібилік, жауапкершілік, талапшылдық және нақты нәтижеге бағытталған жұмысты күтетінін жеткізді.

«Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингінің қорытындысы бойынша бірқатар білім беру ұйымдары үздік деп танылып, ақшалай сертификаттарға ие болды. «Үздік инновациялық мектеп-лицей» – Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы №9 мектеп-лицей; «Үздік мектеп-гимназия» – Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназия; «Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы» – облыстық Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаты бір миллион теңгемен марапатталды.

«Үздік ауыл мектебі» – Қордай ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №43 орта мектебі; «Үздік шағын жинақталған мектеп» – Жуалы ауданындағы №27 Дихан орта мектебі; «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» – Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжі бір миллион теңгеден алса; «Үздік әлеуметтік серіктестік моделі» – Шу ауданындағы №10 Шу колледжіне; «Үздік дуальды оқыту тәжірибесі» – Сарысу ауданындағы Жаңатас көпсалалы колледжіне 750 мың теңгеден берілді.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде: «Үздік инновациялық мектепке дейінгі ұйым» – Тараз қаласындағы №45 «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасы; «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» – Жамбыл ауданындағы «Балдырған» бөбекжай-бақшасы; «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» – Тараз қаласындағы №8 бөбекжай-бақшасы марапатталып, әрқайсысына бір миллион теңгеден ақшалай сертификат табысталды.

Жамбыл облысы білім басқармасының баспасөз қызметі, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий