Білім саласын дамытудың басым бағыттары белгіленді
«Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында ұйымдастырылған аймақтық тамыз конференциясының аясында жергілікті педагогтерге инновациялық жобалардың арнайы көрмесі ұсынылды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, білім саласының мамандары, педагогтер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Шара барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу мәселелері қозғалды.
Алқалы жиында алғысөз алған өңір жетекшісі ағарту жүйесіндегі жетістіктерге тоқталып, алдағы мақсаттарды айқындады. Сонымен қатар облыстық білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады. – Биылғы басқосуымыз ел өміріндегі тарихи өзгерістер кезеңінде өтіп отыр. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен жаңа Конституциямыз қабылданып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жауапты кезең басталды. Ата Заңымыз азаматтардың әлеуетін, білім мен ғылымды дамытуды мемлекеттік саясаттың өзекті әрі басты стратегиялық басымдығы етіп белгіледі, – деді ол ізгі лебізінде.
– Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Қазіргі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект дәуіріне, яғни адамның ойлау мүмкіндігін компьютерлік жүйелер арқылы модельдеу кезеңіне аяқ басты. Сондықтан жаңа Конституция жүктеген жауапкершілік пен заманауи технологияларды білім саласына тиімді енгізу – баршамыздың басты міндетіміз. Еліміздегі білім беру мекемелерінің он төрт пайызы осы оңтүстік өлкеге. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады.
Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша бірінші сыныпқа елу мыңнан астам бала қабылданады. Яғни, республика аумағындағы әрбір жетінші оқушы осы облыстың тұрғыны. Бұл көрсеткіш – жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балаларымызға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыру – әкімдік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мектеп ғимаратын тұрғызумен іс бітпейді. Сапалы білім беру үшін ішкі жағдай мен заманауи жабдықталу деңгейі жоғары болуы тиіс.
– Әсіресе ауыл мектептеріндегі білім сапасын қала деңгейіне жеткізу – біздің стратегиялық мақсатымыз. Мен өңірдегі білім беру ұйымдарын арнайы аралап, мектептердің тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық жағдайымен жеке танысып шықтым. Балаларымыздың оқу үдерісін барынша ыңғайлы, заманауи әрі қауіпсіз ету мақсатында бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Нақтырақ айтқанда, білім беру ұйымдарын заманауи әрі сапалы жиһазбен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 75 мың жаңа парта, он мың жаңа тақта алу үшін қаржы бөлінді, – деді Нұралхан Көшеров.
– Сондай-ақ оқушыларымызға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру үшін 266 психологиялық кабинетті толықтай заманауи үлгіде жабдықтауға қаржы қарастырылды. Білім саласын дамыту – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Осы орайда, өңіріміздің адами капиталын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырған стратегиялық серіктесіміз – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғыс айтамыз. Өңірдегі оқушы орнының тапшылығын шешуге үлес қосып отырған жекеменшік мектептердің де рөлі жоғары.
Аймақ жетекшісінің сөзіне сүйенсек, бұл бағыттағы басты көрсеткіш – ғимараттың аумағы емес, онда берілетін білімнің сапасы. Мемлекет осы мектептердің шығындарын толық жүз пайыз өтейтіндіктен, қойылатын талап та жоғары: білім сапасы бекітілген стандарттарға сай болуы керек. Меншік түріне қарамастан, балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасына барлығымыз бірдей жауаптымыз. Өткен оқу жылында жергілікті білім сапасы 69 пайызды құрап, елімізде көш бастаған. Бұл – әрине, ең алдымен, аянбай еңбек етіп жүрген білікті педагогтер қауымының қажырлы еңбегінің жемісі.
– Өңірімізде ұстаздардың еңбегін бағалап, оларға жан-жақты жағдай жасау – атқарушы биліктің әрдайым басты назарында. Алдымызда жаңа белестер мен ауқымды мақсаттар тұр. Біздің ең басты міндетіміз – заман талабына бейімделген, білімді, бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жаңа оқу жылында баршаңызға жетістіктер мен толағай табыстар тілеймін, – деген облыс әкімі түркістандық ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Іс-шара барысында бірқатар білім саласының үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.
Білім инфрақұрылымын жақсарту мақсатында өңірде өткен екі жылда жиырма тоғыз жайлы мектеп іске қосылды. Облыстық бюджет есебінен 13 білім ордасы салынуда. Алдағы екі жылда жобалық қуаты 16 мың 830 оқушы орынына арналған қосымша елу сегіз білім нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өткізілуде. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022-2025 жылдар аралығында жалпы құны он екі миллиард теңгеден астам қайырымдылық жобаларын іске асырса, оның ішінде білім саласына 5,3 миллиардтық нақты қолдау көрсетілді.
Қордың қолдауымен биыл құны 5,1 миллиард теңгеге бір жүз ауыл мектебі үш жүз заманауи пән кабинетімен жабдықталуда. Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында бір мың сегіз жүз орындық «Жаңа буын орталықтарына» 2,6 миллиард теңгеге заманауи робототехника, өнер және спорт құралдарымен жабдықтау қарастырылуда. Мемлекет басшысының жасанды интеллектті орта білімге енгізу тапсырмасы бойынша облыстағы жұмыстарды сапалы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен алдағы үш жылға қажетті қаржы қаралды.
Бұл шара өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық жабдықтармен қамтып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын түбегейлі жоюға мүмкіндік береді.
Бүгінде өңір жастары республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында, ғылыми жоба байқауларында топ жарып, білім мен ғылымда үлкен биіктерді бағындырып келеді. Өткен оқу жылында ауыл мектептері республикалық олимпиадасында облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда-2025» атанып, бас жүлдені иеленген еді.
Пленарлық отырыста түрлі тақырыпта баяндама жасаған спикерлер білім саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Себебі жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылатын дәстүрлі тамыз конференциясы – білім саласындағы жетістіктерді саралап қана қоймай, алда тұрған міндеттерді айқындайтын бірегей жиын. – Жаңа оқу жылына облыстағы білім беру ұйымдарының дайындығы басты назарда. Білім нысандарының жөндеу жұмыстары, жылу маусымына әзірлік, қауіпсіздік талаптарының орындалуы тұрақты бақылауда. Біздің негізгі міндетіміз – қыркүйек айының бірі күні әр балаға қауіпсіз әрі қолайлы білім алу жағдайын қамтамасыз ету, – деді жергілікті журналистермен жүздескен облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов.
Статистикалық сандарды сөйлетсек, барлық білім беру нысандарының тоқсан сегіз пайызында жылу жүйесіне гидравликалық сынақ аяқталып, терроризм тұрғысынан осал 1344 білім беру ұйымын жедел басқару орталығына қосу толық орындалған. Облыстық телеарнадағы қоғамдық-саяси хабардың барысында жаңа оқу жылына әзірлік жайы мен білім саласындағы негізгі міндеттер туралы баяндалған болатын. Тікелей эфир барысында білім беру инфрақұрылымын дамыту, жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы, білім сапасын арттыру мәселесі талқыға түсті.
Педагогтердің кәсіби дамуы және оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар назардан тыс қалған жоқ. Бағдарламаға білім саласының бірқатар тәжірибелі мамандары қатысып, бағыттары бойынша ой-пікірлерімен бөлісті. Облыстық білім беруді дамыту орталығының Білім мазмұнын талдау және цифрландыру бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Тәжібаева білім беру мазмұны мен цифрландыру бағытындағы жаңашылдықтарға тоқталса, №33 жалпы білім беретін мектептің директоры Перизат Бекеева мектеп басқаруы мен білім сапасын қамтамасыз ету тәжірибесін ортаға салды.
№28 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Самал Әлішерова педагогтің кәсіби ізденісі мен үздік жетістіктерге жетудің жолын саралауы барысында «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық олимпиадасының үшінші орын жүлдегері ретінде ұстаз еңбегінің нәтижесіне тоқталды. Тікелей эфир барысында көрермендер тарапынан жолданған сауалдарға нақты жауап қайтарылып, ата-аналар мен қоғамды толғандыратын түйткілдерді оңтайлы реттеудің жолдары заңнамалық тұрғыдан түсіндірілді. Бүл ашық пікір алмасуға негізделген телехабардың білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты таныстырып, жаңа оқу жылын сапалы ұйымдастырудағы ортақ міндеттерді айқындауға мүмкіндік бергені даусыз.
Нұрлан СҰЛТАНБЕК,
Түркістан облысы



