Биылдан бастап бастауыш сыныптардағы оқу нәтижесі басқаша бағаланады
Мектептердегі бастауыш сыныптардағы бағаланатын тапсырмалардың мазмұны жаңарады. Бағалау тапсырмалары баланың білімін тексерумен ғана шектелмейді. Олар білімді қолдануға, оқу жетістігін арттыруға және қажетті дағдыларды дамытуға бағытталады. Бұған дейін диктант, бақылау, шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстары формативтік бағалау шеңберінде алынып, оларға сабақтың 20-25 минуты ғана бөлінетін. Енді мұндай жұмыстар аралық бағалаудың негізгі нысандарының бірі ретінде өткізіліп, оларды орындауға толық сабақ уақыты, яғни қырық бес минуты беріледі.
Тілдік пәндер бойынша тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары бағаланады. Тыңдалым мен айтылым аралық бағалау жоспарланған аптада, сабақ барысында бағаланатындығын білдік. Аралық бағалау оқушының меңгерген білімін оны қолдану дағдылары мен сабақтастықта бағалауға мүмкіндік беретіндігі атап айтылуда. Жазбаша жұмыстарды орындау тәртібі де нақтыланбақ. Тілдік пәндер мен математика бойынша жазбаша жұмыстар дайын шаблондарда немесе алдын ала әзірленген жауап парақтарында орындалмайды.
– Барлық жазбаша жұмыс оқушының дәптерінде орындалады. Бұл баланың өз бетінше жазуына, есепті шешу жолын және жұмыс ретін көрсетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ педагогке әр бағалау жұмысы үшін жеке жауап парақтарын немесе бланкілерді әзірлеу қажеттілігі азаяды. Дәптерде орындалған жұмыс мұғалімге тек соңғы жауапты емес, оқуышының тапсырманы қалай орындағанын, қай жерде қиналғанын, қай дағдыны әрі қарай дамыту қажеттігін көруге мүмкіндік береді, – деді еліміздің беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздескен ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова.
Аралық бағалаудың ең жоғары баллы екінші сыныпта – 12 баллға дейін; үшінші сыныпта – 14 баллға дейін; төртінші сыныпта – 16 баллға дейін болып, нақты белгіленді. Нақты ең жоғары балл тапсырмалардың санына, мазмұнына және күрделілік деңгейіне қарай анықталады. Аралық бағалау тапсырмаларын педагог оқу мақсаттарына сәйкес өзі әзірлейді. Бұл ретте Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдарын басшылыққа алады. Жүйеде тағы бір өзгеріс бар. Енді барлық пән бойынша оқу нәтижесі бағаланады.
Бұған дейін жеке бағаланбаған «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндері бойынша күнделікті формативтік бағалау жүргізіледі және аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі. Бағалау пәннің ерекшелігіне қарай практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстар арқылы жүргізіледі. Ал, тоқсандық баға автоматты түрде шығарылады. Оның елуі формативтік бағалау нәтижесінен, тағы елу пайызы аралық бағалау нәтижесінен құралады.
Осылайша, тоқсандық баға баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен бөлімдер бойынша көрсеткен нәтижесін тең дәрежеде ескереді. Айта кетерлігі, бұрын педагогтердің бағалау нәтижелерін бірлесіп қарап, балл қою талаптарының біркелкі сақталуын қамтамасыз ету үшін модерация жүргізілетін. Енді бастауыш сыныптарда модерация өткізілмейді. Бұл педагогтердің бағалау рәсімдеріне байланысты жүктемесін азайтып, сабаққа және балалармен жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді. Бастауыш сыныптардағы бағалаудың жаңартылған тәсілін барлық білім беру ұйымдарында бірізді қолдану үшін педагогтерге орталықтандырылған әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Бағалау орталығы бағалаудың бірыңғай талаптары мен тәртібін айқындайды. Бағалау орталығы педагогтерге әдістемелік ұсынымдар мен тапсырма үлгілерін ұсынады. Сондай-ақ оқушылардың оқу нәтижелерін зерделеп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетеді. Бағалау нәтижелері ата-аналарға қолжетімді болады. Аралық бағалау нәтижелері электронды немесе қағаз журналда тіркеледі екен.
– Нәтижелер туралы ақпарат оқушыға және оның ата-анасына немесе заңды өкіліне қағаз немесе электронды форматта ұсынылады. Баланың жеке ерекшеліктері ескеріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды бағалау кезінде педагог сараланған немесе жеке тапсырмалар әзірлей алады. Қажет болса, тапсырмалардың көлемі, нысаны, орындалу тәсілі мен уақыты баланың қажеттілігіне қарай бейімделеді, – деді ол. Спикердің айтуынша, енгізіліп отырған өзгерістердің негізгі мәні – бағалауды білім алушының функционалдық сауаттылығын дамыту міндеттерімен сабақтастыру.
Бастауыш кезеңде қалыптасатын математика, жаратылыстану, цифрлық сауаттылық баланың кейінгі білім алуына негіз болады. Халықаралық зерттеулерде де дәл осы осы қабілеттерге басымдық беріледі. Сол себепті бастауыш мектеп оқушыларының бойында негізгі құзыреттерді қалыптастырып, сапалы білім мен қажетті дағдыларды меңгеруіне, келесі білім беру деңгейінде оқуды табысты жалғастыруға және функционалдық сауаттылықты одан әрі дамытуына негіз қалайды. Биыл бейінік ведомство бастауыш білім беруді жетілдіруге ерекше басымдық беріп отыр.
Басты мақсат – оқу жүктемесін оңтайландыру, білім мазмұнының сабақтастығы мен жүйелілігін қамтамасыз ету және әр баланың оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылығының берік негізін қалыптастыру. Осыған байланысты құзырлы құрылымдар тарапынан бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілі қайта қаралған. Бұл бағыттағы жұмыстардың жаңаша жүргізілуіне ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары, білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары негіз болған көрінеді.
Бағалау баланың нені білетінін ғана емес, алған білімін қалай қолданатынын, қандай дағдыларды меңгергенін көрсетуі қажет. Алдағы қыркүйек айының бірінен бастап 2–4-сынып оқушылары жаңа тәсілмен бағаланады. Критерийлік бағалау жүйесі сақталады. Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Бұл тәртіп өзгермейді. Бұған дейін бағалау формативтік және жиынтық бағалау түрінде жүргізілді. Жиынтық бағалау бөлім бойынша жиынтық бағалауды және тоқсандық жиынтық бағалауды қамтыды. Жаңа тәртіп формативтік және аралық бағалауды қамтиды.
Формативтік бағалау сақталады және үлесі артады. Оның тоқсандық бағадағы үлесі бұрын төрттен бір бөлігін құраса, енді теңбе-тең болады. Бұл баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен оқу жетістігін көбірек ескеруге мүмкіндік береді. Формативтік бағалау бірден он баллға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Он балл бір ғана тапсырманың немесе сабақтың бір кезеңінің нәтижесі бойынша қойылмайды. Бұрын тек үй жұмысына немесе бір тапсырманы жақсы орындағаны үшін бірден бағаланып келген.
Енді баланың сабақтың әртүрлі кезеңдерінде орындаған тапсырмаларының жиынтық нәтижесі негізінде анықталады. Педагог тоқсан ішінде әр пән бойынша әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде отыз пайызында бағалайды. Мысалы, тоқсанда бір пән бойынша отыз сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде тоғыз сабақта формативтік балл алуы тиіс. Бұл – бағалаудың ең төменгі жиілігі. Педагог оқушыны одан да жиі бағалай алады.
Осы талап баланың біліміндегі ілгерілеуді жүйелі бақылауға және оның күнделікті еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Екінші өзгеріс – аралық бағалау енгізіледі. Аралық бағалау әр бөлім аяқталғаннан кейін жүргізіледі және сол бөлім бойынша қорытынды жұмыс болып саналады. Аралық бағалаудың саны оқу бағдарламасындағы бөлімдер санына байланысты болады.
Үшінші өзгеріс – тоқсандық жиынтық бағалау өткізілмейді. Бұған дейін, мысалы, математика пәнінен бір тоқсанда үш БЖБ және бір ТЖБ өткізілсе, оқушы барлығы төрт жұмыс орындайтын. Жаңа тәртіп бойынша әр бөлімнің соңында аралық бағалау жүргізіледі. Ал тоқсанның соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Бұл баланың бағалау жүктемесін азайтады. Педагог те ТЖБ тапсырмаларын әзірлеу және тексеру міндетінен босатылады.
Бұл өзгеріс оқушылар мен мұғалімдерге түсетін бағалау жүктемесін азайтып, баланың тек білімін ғана емес, алған дағдыларын да ескеруге бағытталған. Бұған дейін бөлім бойынша жиынтық бағалауға бұрын аз мерзім бөлінсе, жаңа форматта аралық бағалау жұмысына толық сабақ уақыты ұсынылып отыр. Осылайша оқушы тапсырманы асықпай орындап қана қоймай, жеке білімін және дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алады. Ал 2–4-сыныптардағы қалыптастырушы бағалау жүйесі өзгермейді.
– Мұғалімнің бағасы бір ғана тапсырманың нәтижесіне емес, оқушының сабақ бойындағы жұмысына қарай қойылады. Атап айтқанда, сабақтағы жауаптары, өзіндік жұмысы, жұптық және топтық тапсырмалары, үй жұмысы және басқа да белсенділігі ескеріледі. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына басқа да өзгерістер енгізіледі. Бесінші және жетінші сынып оқушыларына «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң және тәртіп» міндетті курсы енгізіледі. Сонымен қатар бесінші және он бірінші сыныптың оқушылары «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсын оқиды, – дейді жаңа жүйенің ерекшелігін түсіндірген педагог-шебер Жанар Жақсылықова.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...


