Балалардың сапалы білімі мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуы қажет
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен аптаның сәрсенбі күні, яғни тамыздың 18-і күні ұйымдастырылған ел Үкіметінің кезекті отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, жоғары оқу орындарының дайындығы туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, білім беру нысандарының санитариялық-эпидемиологиялық дайындығы туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов, мектептердің интернетпен қамтылуы және цифрландырылуы туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндады.
Сондай-ақ Атырау, Алматы, Ақмола және Павлодар облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Премьер-министр білім беру сапасын арттыру және балаларды оқыту мен дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болып саналатынын атап өтті. – Жаңа Конституцияда еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары негізгі қағидаттар ретінде бекітілген. Әсіресе, білім мен адам капиталын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Ата Заңымызда айқындалған қағидаттар оқыту сапасы мен өскелең ұрпақ тәрбиесінен нақты көрініс тауып, әр балаға бірдей мүмкіндік беруі тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау, – деді Олжас Абайұлы.
Премьер-министр балалар мен жастардың бойында құқықтық және экологиялық мәдениетті, азаматтық жауапкершілік пен «Заң мен тәртіп» қағидатын құрметтеуді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Жалпы алғанда, тәрбие жұмысы «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына негізделіп, мектеп пен отбасының бірлескен жұмысы нақты нәтижеге бағдарлануы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
– Қыркүйек айының бірінде қырық жеті жаңа білім беру ұйымдары, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында жиырма ағарту орны ашылады. Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін. Мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Ол үшін жергілікті бюджеттерде қажетті қаражат көзделген. Бұл 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Өңір әкімдеріне көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға берілуін қамтамасыз етіп, әрбір нақты жағдай бойынша уақытылы шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді ол.
Үкімет жетекшісі үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар екеніне жеке тоқталды. Бұл ретте өңірлер биылғы жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Оларды педагог мамандармен және оқу-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден шешу керек. Жаңа оқу жылының басына дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс екеніне бөлек назар аударылды. Премьер-министр бірқатар өңірлерде он үш мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін еске салды.
Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Осы аймақтың әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын тікелей бақылауға алу тапсырылды. Бұдан бөлек қыркүйектің біріне дейінгі қысқа мерзім аралығында физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз ету қажет. Жалпы, жыл соңына дейін еліміздің мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет орнату керек. Бірқатар өңірлер тез арада қаржыландыру мәселесін шешуі тиіс.
Ең бірінші кезекте Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ұлытау және Ақмола облыстары сөз болып отыр. Олжас Бектенов кабинеттерге қажетті жабдықтарды жылдам сатып алу үшін барлық рәсімдерді тездетуді тапсырып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды жеделдетіп салу мәселесіне мән берді. – Мемлекет басшысы күні кешегі экономиканы дамыту жөніндегі кеңесте инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды жеделдетіп салу керектігін айрықша атап айтқанын ұмытпаған жөн. Осыған баса назар аударыңыздар. Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер алдағы кезеңге арналған бюджеттерді қалыптастыру барысында аталған мәселені бақылауға алуы қажет, – деді Премьер-министр.
Әрі цифрлық инфрақұрылым білім беру сапасы мен жасанды интеллектті енгізуге тікелей әсер ететініне назар аударды. Сондықтан мектептерде жоғары жылдамдықты интернеттің болуы – басым міндеттердің бірі. Жасанды интеллект министрлігі байланыс операторларымен және әкімдіктермен бірлесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің, әсіресе шалғай ауылдарда болуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Жалпы алғанда, білім берудің барлық деңгейінде цифрлық технологияларды дамытуға және жасанды интеллектті енгізуге, ең алдымен, білім беру сапасы мен тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару қажет.
– Балалардың қауіпсіздігі де барлық өкілетті орындардың ерекше бақылауында болуы тиіс. Өңір әкімдіктеріне Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерімен бірлесіп, мектептер маңындағы жол қауіпсіздігін, сондай-ақ олардың өртке және терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етуде жіберілген кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырамын, – деді Олжас Абайұлы. Ішкі істер министрлігіне «Назар аударыңыз – балалар!» іс-шарасы аясында бұған дейін берілген нұсқамалардың орындалуын тексеру тапсырылды. Іс-шаралар жоспарының өзін қыркүйек айының соңына дейін ұзарту керек.
Жол бойында балалар жарақатының алдын алуға баса назар аударған жөн. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен басқа да өңірлерге барлық мектептердің бейнебақылау камераларын Ішкі істер министрлігінің Жедел басқару орталықтарына жыл соңына дейін қосу тапсырылды. Премьер-министр мектептерге бекітілген полиция қызметкерлерінің міндеті тек құқықтық және түсіндіру сабақтарын өткізумен шектелмейтіндігін еске салды. Балалар мен жастардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралардың аясын кеңейтіп, жандандыра түсу қажет.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, балалардың жан-жақты дамуы мен табысты білім алуы мектептердегі сапалы әрі дұрыс тамақтандыруына тікелей байланысты. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері өнімдердің сапасы мен санитариялық нормалардың сақталуын тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Сонымен бірге оқу жылының басталуына қарай колледждер мен университеттердің инфрақұрылымын, жатақханаларды және оқыту бағдарламаларын талапқа сай дайындауды қамтамасыз ету жөнінде міндет қойылды.
Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, тамыз айының соңына дейін оқу жылының басталуына толық дайындықты қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім беру нысандары қауіпсіздік талаптары бойынша тексерілгені туралы ресми ақпаратты ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жариялаған еді. Бейіндік ведомство заңнамалық құзыреті шеңберінде жаңа оқу жылына дайындық шараларын қабылдауға кіріскен. Министр білім беру нысандары қауіпсіздік талаптары бойынша толықтай тексерілгенін баяндады.
– Жалпы, мекемелер тарапынан тиісті жұмыс жүргізілуде. Бүгінде ұйымдардың толық жүз пайызы бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Мектептің тоқсан үш пайызының бейнекамералары Жедел басқару орталықтарына шығарылған. Бұл ретте Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыстары жеткіліксіз. Бұл өңірлерде мектептердің тек жетпіс пайызы полицияға қосылған. Тексеру барысында бес жүзге жуық кемшілктер анықталып, бір жүз жетпіс төрт басшы жауапкершілікке тартылды. Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер осы кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қажет, – деді полиция генерал-лейтенанты Ержан Сапарбекұлы.
– Білім беру нысандарының маңындағы жол инфрақұрылымы тексерілді. Мекемелердің тоқсан пайызы талаптарға сәйкес келеді. Бірақ, мына өңірлерде бұл жұмысты қолға алу қажет: Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстары. Жалпы, ел бойынша 180-нен астам бағдаршам, бір мыңға жуық жасанды жол кедергісі, төрт мыңнан астам жол белгісі, 13 мың метр жаяу жүргіншілер қоршауы және 1150 сыртқы жарықтандыру құрылғысы орнатылу қажет. Әкімдіктерге бұл жұмысты тезірек аяқтау керек.
Сонымен қатар ол балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында биылғы тамыз айының 15-інен бастап «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырыла бастағанына тоқталды. Осы жүйелі жұмыстардың атқарылуы аясында қиын өмірлік жағдайдағы балалармен жұмыс жүргізу, балалардың жарақаттануының алдын алу, балаларды тасымалдайтын автобустардың техникалық жағдайын тексеру және басқа да шаралар қамтылған. «Профилактика туралы» жаңа Заңмен білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктері көзделіпті.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері, оның ішінде буллингті және басқа да заңсыз әрекеттерді ерте анықтау тәсілдері бекітілген. Бұл игі істердің тиімділігін арттыру үшін мектептерде тәлімгерлерді енгізу ұсынылады. Жетісу облысында және шетелдік тәжірибемен бұл бастаманың тиімділігі дәлелденуде екен. Оқу-ағарту министрлігіне оларды енгізу жұмысын тездету ұсынылғаны белгілі болды. ІІМ құқықтық құзыретіне сай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын.
Нұрлан МЕРАЛЫ,
Фото: primeminister.kz

