Оқу бағдарламалары мен білім беру стандарттары қайта қаралуда

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен үлгілік оқу жоспарларды жаңартылған негізгі Заңның ережелеріне сәйкес келтіргенін хабарлады өткен аптадағы Үкіметтің отырысында ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова. Министр жаңа оқу жылы еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңде басталғалы отырғанына жете тоқталған болатын.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты қолдауларымен және іргелі реформаларының нәтижесінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелер бар. Күшіне енген Жаңа Конституция Қазақстанның дамуының жаңа бағдарларын айқындады. Оның негізінде заң үстемдігі, еңбекке құрмет және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер қағидаттары жатыр. Бүгінгі таңда елімізде он екі мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда бір миллионнан астам бала тәрбиеленуде, – деді ол.

– Оның ішінде 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтті. Жиырма қалада және облыстардың жиырма үш ауданында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруда 1,1 миллион ваучер берілді. Нәтижесінде екі жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі бір жүз алпыс мыңнан 23 мыңға дейін қысқартылып, бюджет қаражатының 35,3 миллиард теңгесі үнемделді. Балалардың мамандықтар туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру және еңбекке баулу мақсатында бір жүз балабақшада «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» ерте кәсіптік бағдарлау әдістері пилот негізінде жүзеге асырыла бастады.

Қазіргі уақытта еліміздегі сегіз мыңнан астам мектепте 4,1 миллион шәкірт білім алады. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданатын болады. Он бірінші сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында екі жүз отыз мыңнан астам жас түлек мектеп бітірген еді. Конституцияның қағидаттарын кезеңдерге сай білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне енгізу бойынша кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары басты құжаттағы құндылықтарға сәйкес қайта қаралды.

Жұлдыз Досбергенқызының мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5–7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8–11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5–11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналды және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендіріліпті.

Сондай-ақ үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары қайта жаңартылды. Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылған. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталып, күнделікті (қалыптастырушы) бағалаудың маңызы күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады.

– QazTech платформасында бірыңғай «OQU» платформасы аясында «1-сыныпқа қабылдау» бекітілген кезең бойынша биыл алғаш рет жүзеге асырылды. Бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдауды Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде жүргіздік. Жекелей атап өтетін жайт, өтініштердің 88,7 пайыздан астамы электрондық форматта қабылданды. Бұл ата-аналарға білім беру ұйымдарына жеке бармай-ақ, барлық қажетті рәсімдерді онлайн режимде жүзеге асырып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын аңғартады, – деді сөйлеген сөзінде спикер.

– Ең қуантарлығы, ата-аналардың өтініш беру белсенділігі жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен бірге білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4202 бала қабылданды. Жалпы, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Дамыған цифрлық инфрақұрылымның және жергілікті жерлерде жұмысты тиімді ұйымдастырудың арқасында жергілікті атқарушы органдар отбасылардың қажеттіліктеріне уақытылы ден қойып, әрбір баланы мектепке қабылдауды қамтамасыз етуде.

Қазақстан қазіргі кезде халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетін санаулы елдердің бірі болып саналады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен соңғы төрт жылдан бері әлемдегі зияткерлік жарыстарда елімізді лайықты түрде танытып жүрген дарынды оқушылар мен олардың педагогтерін ынталандырудың жүйелі тетігі қалыптасты. Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына медаль деңгейіне байланысты бес жүзден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде біржолғы сыйақы тағайындалған.

Дарынды жастарға жасалған жүйелі қолдау шәкірттердің жемісті нәтижелерінен айқын көрінуде. 2025-2026 оқу жылында отандық оқушылар қырық төрт халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауларға қатысып, 1059 медаль және елу жеті арнайы марапатқа ие болды. 2023 жылмен салыстырғанда бұл марапаттар санының тоқсан алты пайызға өскенін көрсетеді. Қазақстан құрамасы робототехника бойынша төрт дүркін әлем чемпионы, химия бойынша Халықаралық Олимпиаданың үш дүркін чемпионы, ал ғылыми физикадан абсолютті чемпион атанды.

Осы жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі – Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасындағы тарихи жеңіс болды. Қазақстан құрамасының барлық бес қатысушысы алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Жаңа оқу жылының тағы бір ерекшелігі – жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Президенттің «ҚР орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы (12.05.2026 ж.) қабылданды.

Қазіргі уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты жүзеге асыру жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспарды әзірледі. Министрдің баяндауынша, биылғы қыркүйектің бірінен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында пилоттық жоба іске қосылады.

Жалпы, пилоттық кезеңде жоба бес жүз шағын жинақты мектепті қамтиды. Жоба алдағы үш жылда барлық 2600 шағын жинақты мектепке кеңейтіледі. Мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған 1409 кабинеттің бүгінде бір мың жетісі сатып алынған. Сонымен бірге адами капиталды дамытуға, балалар мен жастарды қолдауға, білім беруде тең мүмкіндіктерді қалыптастыруға арналған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы «Samruk-Kazyna» Қорының білім беру саласын дамытуға қосқан үлесін атап өтуге болады. Қор соңғы екі жылдан бері мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуда.

Бүгінде осындай кабинеттер отыз бір білім беру ұйымында бар. Ақтөбе мен Семей қалаларында тағы он бес мектепте жүзеге асырылатын болады. Күрделі жөндеу жұмыстары жалпы жобалық қуаты 117 мың оқушы орны болатын бір жүз жетпіс сегіз ағарту орынында жүргізілуде. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 106 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта елу тоғыз мың оқушы орнына арналған бір жүз бір оқу орнының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін отыз сегіз мың ұл мен қызға арналған 72 мектептің құрылысы аяқталатын болады.

Алғаш рет 2030 жылға дейін «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданып, балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бірыңғай жүйеге біріктірілді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін 10 индикатор және 158 іс-шара көзделген. Қыркүйектің бірінен бастап балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыруға және өмірлік тұрақтылығын дамытуға негізделген «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Сонымен бірге бірыңғай цифрлық мемлекеттік диагностикалық платформа енгізіледі.

Ол балалардың жағдайын жүйелі түрде бақылауға, тестілеуге формалды көзқарасты болдырмауға және Ұлттық білім беру деректер қорын трансформациялау шеңберінде баланы үздіксіз сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Олардың негізгі міндеттері – балалардың құқықтарын қорғау жұмыстарын үйлестіру, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды сүйемелдеу, Психологиялық қолдау көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру және бала құқықтарының бұзылуын ерте анықтау.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық деңгейде жоғары бағалануда. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеттері еліміздің негізгі құқықтар мен бостандықтарды, оның ішінде балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған реформаларына жоғары баға бергені белгілі болды. ЮНИСЕФ Қазақстанды Орталық Азия елдері, сондай-ақ бірқатар Еуропа мемлекеттері үшін балалардың құқықтарын қорғау саласындағы үлгі ел ретінде сипаттаған. Сонымен бірге ауқымды реформалар халықаралық деңгейде де мойындалды.

KidsRights Index 2026 рейтингіндегі еліміздің позициясы балалардың құқықтарын қорғау саласында берік негіз қалыптасқанын көрсетеді. Қазақстан 194 мемлекеттің ішінде жиырма төртінші орынға ие болып, жаһандық үздік жиырма бестің қатарына еніпті. Тәрбие жұмысы – жан-жақты дамыған, жауапты әрі отаншыл тұлғаны қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. «Адал азамат» бағдарламасының бірыңғай дизайн-кодын кезең-кезеңімен енгізу еліміздің барлық мектептерінде жалғасуда.

Басты мақсаты – заңға бағынатын, азаматтық жауакершілігі жоғары адал азамат тәрбиелеу. Жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Экологиялық ағарту жұмысының бірыңғай стандартын қабылдау және енгізу жоспарлануда. Қосымша білім беру жүйесінде білім беру, спорттық және шығармашылық мемлекеттік тапсырыстарды бірыңғай цифрлық платформада біріктірген мемлекеттік бірыңғай тапсырыстың жаңа моделін апробациялау жұмыстары жалғасуда.

Қыркүйек айынан бастап қосымша білім беруді басқарудың бірыңғай цифрлық моделіне көшу мақсатында жоба Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Павлодар және Абай облысында кезең-кезеңімен кеңейтілетін болады. – Елімізде жеті жүз алпыс үш колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге бір жүз отыз үш мың білімгерді қабылдау жоспарланған, – деді сала жетекшісі.

– Мемлекеттік білім беру тапсырысының жетпіс пайызы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады. Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде, кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздей отырып, он мыңнан астам студентті қабылдау жүзеге асырылуда. Биыл колледждерге құжаттарды қабылдау «OQU» бірыңғай платформасы арқылы жүзеге асырылады. Жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттардың, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының (ГОСО) және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, шамамен бес жүз білім беру бағдарламасы әзірленіп, жаңартылды.

Жиырма жеті колледжде білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық және кәсіптік талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімі өткізілді. Аккредиттеу қорытындысы бойынша бір жүз отыз төрт педагог пен 347 студент халықаралық сертификаттарға ие болды. Жыл басынан бері шетелдік колледждермен академиялық ұтқырлық, халықаралық салалық аккредиттеу және тағы да басқа мәселелер бойынша сексенге жуық меморандум мен келісімге қол қойылған. Дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны былтырғы тоқсан бір мыңнан биыл 138,2 мыңға дейін артқаны айтылды.

Қалдыбек РАХАНОВ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий