Отандық оқу орындары еңбек нарығымен өзара байланысты күшейтуде
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ел Үкіметінің өткен аптадағы кезекті отырысында жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында кадрларды оқыту мәселелерінде өзара іс-қимылды жолға қою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сала жетекшісі жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастығына мысал ретінде «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысына тоқталды. 2026-2027 оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
– Елімізде бір жүз жиырма үш жоғары оқу орны бар, оның 107-сі азаматтық университеттер. Биыл білім алушылар саны жеті жүз қырық мыңнан асады деп күтілуде. Гранттар саны былтырғы деңгейде сақталды. Биыл мемлекеттік грант конкурсына 127 мыңға жуық талапкер қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда он төрт мыңға көп. Биыл жүргізілген сауалнамада анықталған сұранысқа сәйкес мемлекеттік қолдау көлемі қамтамасыз етілді, – деді ол сөйлеген сөзінде.
– Сонымен бірге әлеуметтік осал санаттарға мемлекеттік қолдау сақталды. Сегіз мың үш жүз жиырма жеті грант жеңілдік берілетін категорияларға жататын талапкерлерге, 1745 грант мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға, екі мың үш жүз жетпіс сегіз грант қандастарға, 2169 грант «Серпін» жобасына қатысушыларға берілді. Мемлекеттік гранттардан бөлек әкімдіктер, жоғары оқу орындары, әртүрлі қорлар және ректорлар есебінен шамамен бес мың қосымша грант қарастырылуда.
Сонымен қатар министр жоғары оқу орындарына қабылдау магистратура мен докторантура деңгейінде тамыз айының 28-іне дейін жалғасатынын, қазір грантқа конкурстық процедуралар жүргізіліп жатқанын, ал бакалавриатқа қабылдау тамыздың жиырма бесі, яғни бүгін аяқталатынын атап айтты. Келесі мәселе – білім берудің еңбек нарығымен байланысы. Министрлік жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың өзара байланысын күшейтуде.
Бейіндік ведомство жетекшісі жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастығына бас мән беріп, «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компанияларында жыл сайын шамамен 10 мың студент дуальды оқудан және өндірістік практикадан өтетіндігіне тоқталды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында осы форматпен төрт мың үш жүзден астам студент қамтылғанын білдік. Дуальды оқыту тау-кен ісі, энергетика, IT, электр техникасы, теміржол көлігі, телекоммуникациялар, цифрлық технологиялар, ресурстарды өндіру және өңдеу бағыттарына негізделген екен.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды. Шамамен алты жүз білім алушы қабылданса, бакалавриаттағы төрт жүз студенттің үш жүз сегізі мемлекеттік грант иегері көрінеді. Магистратура бағдарламасына бір жүз адам Астана Хаб, Алагеум гранттарына және ақылы оқуға қабылданған. «Самұрық-Қазына» өзінің 100 қызметкерін MBA AI+X бағдарламасында оқытады. Келесі бағыт – студенттердің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру. Бұл бағыттағы негізгі міндет – студент университетке түскен күннен бастап диплом алғанға дейінгі барлық негізгі процесті бір жүйеге біріктіру.
– Қазірдің өзінде ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты eGov жүйесінде қолжетімді, AI-прокторинг және AI-Talapker іске қосылған. Студенттер мен түлектер туралы негізгі деректер Жоғары білім берудің бірыңғай платформасында жинақталады. Келесі кезең – AI-Admission, AI-Onboarding, жеке білім беру траекториясы, цифрлық құзыреттер профилі, AI-Library, AI-психолог және AI-Career секілді ЖИ-шешімдерді оқу процесіне енгізу. Бұл бағытта бастапқы база қалыптасты. AI-Sana бағдарламасы аясында төрт жүз қырық екі жасанды интеллект агенттер әзірленді. Алдағы оқу жылында бағдарламаның үшінші және 4-інші кезеңдері жүзеге асырылады, – деді ол.
Сондай-ақ спикердің мәлімдеуінше, жатақханадан орын беру қызметі проактивті форматқа көшірілген. «Smart Data Ukimet» пен Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы интеграцияланғандықтан студенттің қажеттілігі автоматты түрде анықталады. Скоринг жүргізіледі, мұқтаж студенттердің тізімі қалыптастырылады, өтінім автоматты түрде жасалады және шешім қабылданғаннан кейін білімгерге хабарлама жіберілетіндігі белгілі болды. Былтыр осы жүйе арқылы 48 мың 282 проактивті қызмет көрсетіліпті.
Студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында. Баяндамашы жалпы республика бойынша жатақхана тапшылығы жоқ екенін, бірақ негізгі мәселе Алматы қаласында қалып отырғанын ашып айтты. Басты тапшылық бес мың бір жүз жетпіс алты орынды құрайды. Биылғы жылдың соңына дейін алты мың сегіз жүз елу жеті адамдық он сегіз студенттер үйін іске қосу жоспарланған. Жаңа жатақханалар жастардың сұранысына сай, жайлы форматта жасақталуда. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық спорт университетінде екі жаңа жатақхана бір жарым мыңнан астам студентті орналастыруға дайын.
Халықаралық білім корпорациясының елордадағы 339 орындық заманауи жатақханасы биыл қолданысқа берілді. Қазір жеті жатақхананы іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы он бірі пайдалануға берілмек. Оқу жылының басында студенттерден түсетін өтініштердің негізгі бөлігі жатақханаға орналастыру мәселелеріне байланысты. Осы себепті оңтүстік астанада Ахуалдық және Дағдарыс орталықтары ұйымдастырылды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында сегіз маманы бар ахуалдық орталық жұмыс істейді.
– Былтыр бұл орталықта 3 мыңнан астам студентке көмек көрсетілді. Барлық жоғары оқу орындарында да студенттерге жедел көмек көрсету үшін ахуалдық орталықтар мен жобалық кеңселер жұмысы жолға қойылған. Алматыда нақты тұрғын үй мәселесі туындаған жағдайда студентті уақытша орналастыруға көмектесетін елу орындық дағдарыс орталығы бар. Өткен оқу жылында елу бес студент уақытша осында тұрып, кейіннен жатақханаға ауыстырылды, – деді Саясат Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрі сөзінің қорытындысында жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанына екпін түсіріп, анықталған негізгі проблемалық бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау қолға алынғанын баяндады. Және алдағы уақытта жедел шешім жасауды қажет ететін маңызды мәселелер туындаған жағдайда оңтайлы реттеуге барлық мүмкіндіктердің жұмылдырылатындығын атап айтты.
– Қазіргі уақытта министрлік тарапынан жоғары білім бойынша оқу ақысының өсімі он-он бес пайыздан аспауын, сондай-ақ оның инфляция мен шығындарға сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Іс жүзінде тариф деңгейін тежеп тұрмыз. Мемлекет жоғары білім алуға қолайлы жағдай жасауды ерекше бақылауда ұстап отыр. Мәселен, кейбір елде жоғары білім алу мүмкіндігін мектеп түлектерінің соншалықты көп бөлігіне беру қажет емес деген пікір бар. Ал біз жоғары білім алу мүмкіндігін қолдау керек деп санаймыз, – деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Журналистің сұрағына жауабында бейіндік ведомство жетекшісі елімізде грант саны артқанын, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» жүйесі іске қосылғанын еске салды. Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі университеттер мен білім бағдарламасына қарай оқу құны 600 мың теңгеден басталып, төрт миллион теңгеге дейін жеткенін жариялаған еді. – Ұлттық университеттерде оқу ақысы бекітілген және оның жыл сайынғы өсуін бақылауда ұстаймыз. Жалпы алғанда, тәуелсіз елімізде жоғары білім алу үшін тиісті жағдай жасалған, – деді министр.
Үкіметке салалық министрліктің басшылығы жоғары оқу орындарында оқу ұзақтығын қысқартуға қатысты ұсыныс енгізгенін білдік. – Төрт жыл ұзақ саналатын белгілі бір мамандықтар бар. Шынымен де ақпараттық технология, жасанды интеллект сынды мамандықтарды оқу мазмұны тым өзгереді. Сондықтан да қазіргі уақытта біз жоғары атқарушы биліктің қарауы үшін қолданбалы бакалавриат форматында жоғары оқу орындарында білім алудың ықшамдалған мерзімін ұсындық. Колледждерде қанатқақты жоба іске қосылмақ. Студент колледжден қолданбалы форматта нақты мамандық алып шығады. Бакалавриат деңгейі саналады. Бірақ оның мазмұны да, оқу үдерісі де қысқа, – деді Саясат Нұрбек.
Салалық мнистрліктің баспасөз қызметі ұсынған ресми мәлімет бойынша, 27 мыңнан астам адам тамыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсыру барысында шекті балды елу үш пайыз талапкер жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 55 балл. Ең жоғары балл – бір жүз отыз алты. Соңғы сынаққа тоқсан сегіз ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкер қатысқан екен. ҰБТ өткізу барысында 66 ереже бұзушылық анықталып, отыз талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған.
Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан отыз алты адам шығарылғанымен бөгде тұлғалар анықталмапты. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың қазан айының 31-іне дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылатындығы ескертілуде. Таңдаған мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыруды жоспарлаған колледж түлектері әңгімелесу нәтижелері бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асыратындығын қаперде ұстаған жөн.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...

