Мектеп медицинасындағы мемлекеттік мүдденің мәні мен маңызы

– Денсаулық сақтау министрлігі мектеп медицинасын цифрландыруды күшейтуде. Биыл балаларды профилактикалық тексеруді ұйымдастыру және өткізу тәртібі қайта қаралып, ауруларды ерте анықтауға басымдық берілді. Алғаш рет барлық балаларды тексеру барысында ЭКГ аппараттары, фонендоскоптар, пульсоксиметрлер, отоскоптар, ауыз қуысыішілік камералар және жасанды интеллект технологияларын қолданатын басқа да цифрлық диагностикалық құрылғыларды кеңінен пайдалану жоспарлануда, – деді Үкіметтің өткен аптадағы кезекті отырысында Ақмарал Әлназарова.

Былтыр құрылған балалардың цифрлық тіркелімі 54 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік бере бастағанын білдік. Олардың қатарында профилактикалық тексеру, қауіп факторларын анықтау, медициналық маршрутты қалыптастыру, бейінді маманға жолдау және динамикалық бақылау бар. Сондай-ақ денсаулық сақтау ақпараттық жүйелерін Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялау аяқталған. Бұл оқушылардың оқу орны мен тіркелген жері, профилактикалық тексерулер, вакцинациялау және денсаулық топтары туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді.

Жаңа оқу жылына дайындық шеңберінде салалық министрлік санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты мектеп білім беру нысандарының тоқсан тоғыз пайызын мониторингпен қамтыған екен. Оның тоқсан бес пайызы асханалар болса, тоқсан алты пайызды құраған медициналық пункттер бар екен. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мониторингінің қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 8,4 мың нұсқама беріліп, жедел ден қоюдың екі жүз сексен жеті шарасы қабылданыпты.

– Тамыз айының он үшіндегі жағдай бойынша нұсқамалардың 82,8 пайызы, яғни 6961 нысан бойынша талаптар орындалды. Мектептердегі тамақтану мәселесіне ерекше назар аударылғандықтан білім беру ұйымдарындағы 6338 нысанға тексеру жүргіздік. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін анықталған бұзушылықтарды толық жоюды қамтамасыз ету қажет. Мектептердегі тамақтану стандартының талаптары мүлтіксіз орындалуы тиіс. Биылғы ақпан айының 1-інен бастап мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балаларға арналған нысандар үшін мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі қолданылуда, – деді сөйлеген сөзінде еліміздің бас дәрігері.

– Өңірдің басшыларына балаларға стоматологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейту қажеттілігі ескертілді. Мектепке дейінгі жастағы балаларға және ем алуға талон алу кезінде кезектерді жоюға ерекше назар аударылуда. Біз үшін ең бастысы – есептілік те, қағаз жүзіндегі көрсеткіштер де емес. Әр көрсеткіштің артында нақты бала және нақты отбасы тұр. Егер ата-ана баласына стоматологиялық көмек алу үшін таңғы сағат бесте келіп, кезекке тұруға мәжбүр болса, демек жүйе жеткілікті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ. Біз мұны түзетуіміз керек.

Ақмарал Шәріпбайқызының айтуынша, бүгінде елімізде балаларға стоматологиялық көмек көрсету үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Осыған байланысты басты назар қолда бар ресурстарды тиімді ұйымдастыру мен үйлестіруге аударылуы тиіс. – Бүгінде балаларға стоматологиялық көмек мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан бұл мәселені ата-аналардың мойнына жүктемеуіміз және әр жолы қосымша бюджет қаражатын іздемеуіміз керек. Ең алдымен, қолда бар ресурстардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру қажет, – деді ол.

– Бала ата-анасы талон ала алмағаны немесе бірнеше сағат кезекте тұрғаны үшін ғана қажетті көмексіз қалмауы тиіс. Біздің міндетіміз – қажетті көмектің дер кезінде және отбасының тұрғылықты жеріне жақын жерде қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Облыс әкімдерінің орынбасарлары мен бейінді басқармалар (денсаулық сақтау, білім беру басқармалары), медициналық ұйымдар және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуі қажет.

Салалық министрдің сөзінше, тиісті құрылым өкілдері ата-аналар әлеуметтік желілерге жүгінуге немесе шағым жазуға мәжбүр болғанша күтпеуі керек. Жергілікті басшылар бұл маңызды мәселелерді азамат медициналық көмек алу кезінде кедергіге тап болғанға дейін анықтап, дер кезінде шешуі тиіс. Бейіндік ведомство осы жағдайды мониторингтеуді және еліміздің барлық өңірлерінде балаларға көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты қолжетімділігін бағалауды жалғастырады. Биылғы бірінші жартыжылдықта 2,3 миллион бала профилактикалық медициналық тексеруден өткен.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 242 мың балада (он бір пайыз) түрлі аурулар анықталыпты. Олардың ішінде ең көп таралғандары – тісжегісі, анемия және миопия. 86,7 мың бала одан әрі ем алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаларда динамикалық бақылауға алынғаны айтылды. Соңғы үш жылдың ішінде мектептердегі медициналық пункттердің медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу және кадрлармен жасақталу деңгейі тоқсан бес пайызға дейін өскен көрінеді. Стоматологиялық аурулардың профилактикасына ерекше көңіл бөлінуде.

– «Болашаққа сау тіспен» жол картасы шеңберінде биылдан бастап білім беру ұйымдарындағы стоматологиялық кабинеттердің саны 145-тен екі жүз сенсен сегізге дейін ұлғайтылды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға балалардың қалыпты ұйқы режимін алдын ала қалпына келтіру жергілікті медицина қызметкерлерінің тарапынан қажетті ақыл-кеңес ретінде тұрақты ескерту жасалуда. 6-12 жастағы мектеп оқушылары тәулігіне 9-12 сағат, ал 13-18 жастағы жасөспірімдер 8-10 сағат ұйықтауы қажет, – деді Ақмарал Әлназарова.

– Толыққанды демалыс баланың зейінін шоғырландыруына, жаңа ақпаратты жақсы меңгеруіне және оқу күні бойы жұмысқа қабілеттілігін сақтауға көмектеседі. Мектепке дайындық – мектеп формасын, рюкзак пен оқу құралдарын сатып алумен ғана шектелмейді. Күн тәртібін алдын ала реттеу де маңызды. Әсіресе жазғы демалыс кезінде бала кеш жатып, кеш тұруға үйреніп қалған болса, оған ерекше назар аударған жөн. Сала мамандары оқу жылы басталғанша күтпей, ұйқыға жату және таңертең ояну уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруды ұсынып отыр.

Бұл мектеп режиміне жайлы бейімделуге мүмкіндік береді. Балаға қанша сағат ұйқы қажет. Ұйқыға деген қажеттілік жас ерекшелігіне байланысты. Америкалық педиатрия академиясының ұсынымдарына сәйкес, балаларға: бір жасқа дейін – тәулігіне 12-16 сағат ұйқы; бір жастан екі жасқа дейін – 11-14 сағат; үш жастан бес жасқа дейін – 10-13 сағат; алты жастан он екі жасқа дейін – 9-12 сағат; он үш жастан он сегіз жасқа дейін – 8-10 сағат ұйқы қажет. Мектеп оқушылары үшін ұйқының ұзақтығымен қатар оның тұрақты болуы да маңызды. Баланың күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянғаны дұрыс.

Толыққанды ұйқы ағзаның қалпына келуі үшін қажет және зейінге, есте сақтау қабілетіне, эмоционалдық жағдайға, сондай-ақ жаңа ақпаратты қабылдау қабілетіне тікелей байланысты. Бірінші сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлу қажет. Бірінші сыныпқа бару баланың қалыптасқан күн тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Жаңа режим, сабақтар, ерте тұру және көптеген жаңа әсерлер бейімделуге белгілі бір уақытты талап етеді. Сондықтан қажет болған жағдайда мамандар бірінші сынып оқушыларына ұзақтығы екі сағатқа дейінгі қосымша күндізгі демалысты қарастыруды ұсынады.

Алғашқы апталардағы басты міндет – баланың жаңа күн тәртібіне біртіндеп үйренуіне көмектесу және оның қалпына келуіне жеткілікті уақыт беру. Каникулдан кейін мектеп режимін қалай қалпына келтіруге болады. Мектеп режиміне алдын ала және күрт өзгеріссіз көшкен дұрыс. Егер бала жазда кеш ұйықтауға үйреніп қалса, ұйықтау уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруға болады. Ата-аналарға бірнеше қарапайым ережені ұстану ұсынылады. Күн тәртібін сақтау. Баланы күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта оятуға тырысқан жөн.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ресми мәлімет бойынша, мүмкіндігінше, демалыс күндері де қалыптасқан тәртіпті сақтаған дұрыс. Ұйықтар алдында гаджеттерді пайдалануды шектеу. Кешкі уақытта смартфон, планшет және компьютерді пайдалануды азайтып, сондай-ақ тым белсенді ойындар мен эмоциялық тұрғыдан әсерлі контенттен бас тартқан жөн. Ұйқы алдында тыныш орта қалыптастыру. Серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе тыныш әңгімелесу балаға күндізгі белсенділіктен демалысқа ауысуға көмектеседі. Бөлмені үнемі желдетіп, қолайлы температураны сақтап, жайлы ұйықтайтын орын ұйымдастырған жөн.

Ұйқы уақытын қысқартуға болмайды. Қосымша сабақтар, үй тапсырмалары немесе ойын-сауықтар түнгі демалыс уақытын үнемі қысқартпауы тиіс. Ұйқының жеткіліксіздігі кері әсер етуі мүмкін: баланың зейінін шоғырландыруы, назарын сақтауы және оқу күні бойы нәтижелі жұмыс істеуі қиындайды. Сондықтан мектеп басталғанға дейін күн тәртібін қалпына келтіріп, ерте тұру мен уақытында ұйықтауды біртіндеп қалыпты әдетке айналдырған дұрыс. Толыққанды ұйқы – оқу күнінің нәтижелі өтуінің маңызды әрі қарапайым құрамдас бөлігі. Ұйқысы қаныққан бала сабаққа зейін қоюға, жаңа ақпаратты қабылдауға, оқу жүктемесін жеңіл еңсеруге және күні бойы белсенді болуға бейім келеді.

Шырақ әл-ШАБАНИ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий