«Абай ұлттық мектебіне» қатысты жарияланған материалдағы мәселелер Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің бақылауында

Ең алдымен, мектеп басшысыз қалған жоқ. Қазіргі уақытта директордың міндетін атқарушы белгіленген, білім беру процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етілді. Мектептің бұрынғы басшылығы 2026 жылғы мамыр-маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит аяқталғаннан кейін өз еркімен қызметтен кетті.

Аудит 2023 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыды. Оның қорытындысы 9 шілдеде Министрліктің ресми ресурсында ашық жарияланды.

Бұл ретте аудит қорытындысы бойынша 10,8 млрд теңгеден астам бұзушылық анықталды. Оның ішінде 10,4 млрд теңге қаржылық бұзушылықтарға жатады. Атап айтқанда, 10,2 млн теңге бюджетке қайтарылуға, 10,4 млрд теңге қалпына келтірілуге тиіс. Сонымен бірге 370,6 млн теңге көлемінде рәсімдік бұзушылық анықталды.

Аудит нәтижесі бойынша құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін 4 материал жолданды. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжаттар жіберілді. Нақты тұлғалардың кінәсі мен жауапкершілігі уәкілетті органдардың құзырында.

Тұрақты директорды тағайындау мәселесі 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңның талаптарына байланысты қарастырылуда. Заңның 89-бабына сәйкес мемлекеттік заңды тұлғалардағы басқарушылық лауазымдарға қабылдау тек конкурс арқылы жүзеге асырылады. Конкурсты өткізу тәртібін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісіп бекітуге тиіс.

Қазіргі уақытта тиісті қағидалар бекітілу рәсімінен өтуде. Олар күшіне енгенге дейін Министрліктің конкурс өткізуге немесе тұрақты директорды тікелей тағайындауға құқықтық негізі жоқ. Конкурстан тыс тағайындау заң талаптарын бұзады.

Қағидалар күшіне енгеннен кейін директордың бос лауазымына ашық конкурс жарияланады.

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары Елнар Сабыр және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Мұхтарханова «Абай ұлттық мектебінде» жұмыс жүргізуде.

Министрліктің өкілдері мектептегі оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылауда.

Осыған байланысты ата-аналарды, педагогтерді, оқушыларды және мектеп түлектерін ресми ақпаратқа сүйенуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырамыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстың қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі.

 

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий