Павлодар облысының барлық мектептерінде Қазақстан халқының тілдері апталығы басталды
Павлодар облысының білім беру ұйымдарында 5 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдері күніне орай тілдер апталығы басталды. Бір аптаға жоспарланған шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен қатар, өскелең ұрпақтың тілге деген қызығушылығын оятып, елдегі тілдік әралуандық пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Өңір мектептерінде танымдық сағаттар, зияткерлік ойындар, викториналар, тілдік байқаулар, әдеби кештер мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылуда. Оқушылар мақал-мәтелдер мен жаңылтпаштар айту, сөзжұмбақтар мен ребустар шешу, мәнерлеп оқу сияқты түрлі сайыстарға қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін сынайды. Үш тілде өтетін ойындар мен челлендждер де апталықтың мазмұнын түрлендіріп отыр.
Тіл мерекесі аясында әдебиет пен ағартушылыққа да ерекше мән берілуде. Бірқатар білім беру ұйымдарында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға арналған тағылымдық сағаттар мен шығармашылық жұмыстар өткізілсе, Железин ауданында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Мысалдан – ғибрат, суреттен – сыр» атты аудандық шығармашылық байқау ұйымдастырылмақ. Ал Павлодар ауданында қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің 130 жылдығына арналған әдеби-танымдық шаралар өтеді.
Аудандардағы бастамалар да өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Мәселен, Екібастұз өңірінде «Тіл – достық дәнекері», «Тіл – татулық тірегі» тақырыптарында тәрбиелік шаралар өтіп, оқушылар Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың мәдениеті мен тілдік мұрасымен танысады. Ақтоғай ауданында «Қазақша сөйлейміз!» акциясы қолға алынып, оқушылардың күнделікті қарым-қатынаста мемлекеттік тілді қолдануына басымдық берілуде.
Железин ауданындағы 29 білім беру ұйымында 180-нен астам іс-шара өткізу жоспарланған. Ал Ақсу қаласының білім беру ұйымдарында ұйымдастырылатын шараларға 5 мыңға жуық оқушыны қамту көзделіп отыр.
Тілдер апталығының мазмұны бір ғана мерекелік күнмен шектелмейді. Оның аясындағы әрбір шара оқушының тілдік сауатын арттырып, кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға және өз ойын еркін жеткізуге ынталандыруды көздейді.
Тіл – халықтың тарихы мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани көпір. Сондықтан мектеп қабырғасында тілге деген құрметті қалыптастыру – білім берумен қатар, ел болашағына бағытталған маңызды тәрбие жұмысы.
Загрузка...

