Тұлға есімі – ұрпақ жадында: Шөкин мектебінде жаңа әдебиет кабинеті ашылды
Павлодар қаласындағы Ш. Шөкин атындағы мектеп-гимназиясында белгілі жазушы-публицист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Павлодар облысының Құрметті азаматы, білім ордасының түлегі Ахат Имантайұлы Жақсыбаев атындағы қазақ әдебиеті кабинеті ашылды.
«Сөз зергерінің рухани мұрасы» тақырыбында өткен салтанатты шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, қаламгердің зайыбы Қиғашқас Теміртасқызы Әубәкірова, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
– Қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті жазушы, аудармашы, журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ахат Жақсыбаевтың өзі білім алған мектебінде мемориалдық тақтаның ашылуы және қазақ әдебиеті пәнінің кабинеті ашылуы, яғни бұл қаламгер рухына көрсетілген зор құрмет деп білеміз, – деп атап өтті Айгүл Қайртасқызы.
Іс-шара барысында Ахат Жақсыбаевтың өмірі мен шығармашылық жолы, өңірдің әдеби-мәдени дамуына қосқан үлесі туралы айтылды. Қаламгердің есімін ұлықтау, оның мол әдеби мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – жаңа кабинеттің негізгі мақсаттарының бірі.
Қаламгердің зайыбы Қиғашқас Теміртасқызы оның білімге деген құштарлығы соншалық, университетте оқып жүрген кезінің өзінде сабақтан кейін Ұлттық кітапханаға барып, уақытын кітап оқуға арнайтын. Ол кезде кеңестік кезеңнің түрлі газет-журналдары, басылымдары көп болатын. Солардың барлығын қызығушылықпен оқып, білімін үнемі толықтырып отырған. Бұл әдеті өмірінің соңына дейін жалғасты. Алматыдағы Ұлттық кітапханаға барып, энциклопедиялар мен тарихи еңбектерді алып оқитын, – деп естелігімен бөлісті.
Салтанатты рәсімде мектеп оқушысы, жас ақын Олжас Әбдірахман қаламгерге арнаған өлеңін оқыды. Ал кабинеттің лентасын мектеп ардагері, ұстаз Гүлбағила Байкенова мен Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбаев қиды.
Жаңадан жасақталған кабинетте Ахат Жақсыбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар жинақталып, оқушылардың шығармаларын зерттеуіне, әдеби-танымдық және зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік жасалды. Бұл бастама мектеп оқушыларының кітап оқуға қызығушылығын арттырып, туған өлкенің белгілі тұлғаларының мұрасын кеңінен танытуға бағытталған.
Загрузка...


