Елордалық білім. Ұлт ұстазының мұрасы: зерттеуден – мектеп тәжірибесіне

Астанадағы «Әдіскер ұстаз» ғылыми-әдістемелік зертханасы Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасын заманауи білім беру үдерісімен сабақтастырып, ұстаздардың зерттеушілік әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын ұлықтау – оның есімін ардақтап, еңбектерін насихаттаумен ғана шектелмеуі керек.

Ұлт ұстазының бір ғасыр бұрын айтқан педагогикалық ойларын бүгінгі мектептің тынысымен сабақтастырып, мұғалімнің әдістемелік құралына, ал оқушының танымдық игілігіне айналдыру – мұраны жаңғыртудың ең нәтижелі жолы. Елордасындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей базасында жұмыс істейтін «Әдіскер ұстаз» ғылыми-әдістемелік зертханасы осы мақсатты көздейді.

Ахмет мұрасы – өткен мен бүгінді жалғайтын көпір. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалым, ағартушы, әдебиеттанушы ғана емес, ұлттық мектептің ғылыми-әдістемелік негізін қалыптастырған ірі педагог. Оның оқыту, баланы өмірге баулу, білімді тәжірибемен ұштастыру, ана тілінде сапалы білім беру, мұғалімнің әдістемелік шеберлігін жетілдіру туралы тұжырымдары арада бір ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Керісінше, білім беру жүйесі жаңарып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданыла бастаған қазіргі кезеңде Ұлт ұстазының «Бала білімді тәжірибе арқылы игеруі керек» деген идеясының мәні бұрынғыдан да айқындала түсуде. Осы сабақтастық осы аптаның жұма күні, яғни кеше Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейде өткен «Тіл мұрасы: ізденіс пен шығармашылық» танымдық-шығармашылық кездесуінің де негізгі арқауына айналды.

Қазақстан халқы тілдері күніне және Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылған басқосуға елордалық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагогтері, ғалымдар мен тіл мамандары қатысты. Кездесудің ерекшелігі – Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тарихи тұрғыдан танытумен шектелмей, оның ғылыми-педагогикалық идеяларын бүгінгі мектеп тәжірибесі тұрғысынан зерделеуінде.

«Мұра мектеп тәжірибесінде жалғасын тапқанда ғана өміршең». Кездесуге қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры, әдебиеттанушы, ахметтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлан Оралұлы Еркінбай мұндай кәсіби алаңдардың маңызын ерекше атап өтті. Ғалымның айтуынша, «Тіл мұрасы: ізденіс пен шығармашылық» кездесуі тағылымы мол, мазмұны терең басқосу болды.

Оның басты құндылығы – Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тарихи тұлғаның еңбегі ретінде ғана дәріптемей, Ұлт ұстазының идеяларын бүгінгі білім беру үдерісімен сабақтастыра қарастыруында. Әсіресе, елордалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні педагогтерінің басын қосып, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-әдістемелік мұрасы төңірегінде кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік жасалуы маңызды. Профессор кездесуде Ахмет Байтұрсынұлының «Баулу мектебі» тұжырымдамасына сүйене отырып, «Ұлт ұстазының ұстанымы: ұлттық білім моделінің негіздері» тақырыбында ой бөлісті.

Ахмет Байтұрсынұлы осыдан бір ғасыр бұрын мектептің міндетін дайын білімді бала санасына сіңірумен ғана байланыстырған жоқ. Ұлт ұстазы үшін мектеп баланы өмірге баулитын орта болуы керек еді. Яғни оқушы алған білімін іс жүзінде қолдана алатын, еңбекке бейім, ойлайтын, өздігінен әрекет ететін тұлға болып қалыптасуы қажет. Бұл ұстаным бүгінгі білім беру жүйесіндегі функционалдық сауаттылық, құзыреттілік, зерттеушілік және практикалық дағдыларды қалыптастыру міндеттерімен табиғи үндеседі.

– Осындай басқосу мұғалімге Ахмет мұрасын жаңаша танып қана қоймай, оны өзінің күнделікті педагогикалық тәжірибесімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ұлт ұстазының идеясы дәріптелумен шектелмей, мектеп тәжірибесінде жалғасын тапқанда ғана оның мұрасы шын мәнінде өміршең болмақ, – дейді Ұлан Еркінбай. Ғалым Астана қаласының Әдістемелік орталығы мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей ұжымының ұстаздарды ғылыми орта өкілдерімен жүздестіріп, кәсіби ой мен тәжірибені тоғыстырған осындай мазмұнды алаң ұйымдастыруын құптарлық бастама деп бағалады.

«Әдіскер ұстаз» қалай құрылды? Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұрасын қазіргі білім беру мазмұнымен сабақтастыру бір күндік іс-шара аясындағы жұмыс емес. Осы бағытта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей базасында бірнеше жылдан бері «Әдіскер ұстаз» ғылыми-әдістемелік зертханасы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Зертхана әдістемелік орталық басшысының (09.11.2023 ж, №129) бұйрығына сәйкес ашылып, арнайы жұмыс тобы құрылды. Зертхананың жетекшісі – Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері, педагогика ғылымдарының магистрі Жанар Сейтахметқызы Маман.

Жанар Сейтахметқызы, зертхананы құруға не түрткі болды? – Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғана емес, ұлттық мектептің ғылыми-әдістемелік негізін қалыптастырған ұлы педагог. Сондықтан біз үшін оның мұрасын таныту ғана емес, сол мұраның бүгінгі білім беру үдерісіндегі өміршеңдігін көрсету маңызды болды. Зертхананың негізгі мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық-ағартушылық және ғылыми еңбектерін зерттеп, әдістемелік мұрасын заманауи оқыту жүйесіне енгізу.

Сонымен бірге оның мұрасын оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың ғылыми-әдістемелік кешенін қалыптастырып, теория мен тәжірибені ұштастыруды көздедік. Басқаша айтқанда, біздің мақсатымыз – Ахмет мұрасын зерттеумен шектелмей, оны мектепте қолданылатын әдістемелік жүйеге айналдыру.   Зерттеу – зерделеу – тәжірибе – өнім. Зертхана жұмысы бес негізгі бағытқа құрылған.

Біріншісі – ғылыми-әдістемелік зерттеу жұмыстарын жүргізу. Екіншісі – «Ахметтану» курсының бағдарламасын тәжірибеде жүзеге асыру. Үшіншісі – жоғары оқу орындарымен, мұражайлармен және тіл білімі бағытындағы ғылыми-зерттеу орталықтарымен кәсіби байланыс орнату. Төртіншісі – «Ахмет мұрасы» бағытындағы зерттеу және экспедициялық жұмыстарды жинақтау. Бесіншісі – педагогтердің зерттеу нәтижелерінің негізінде әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтар әзірлеу. Осы бес бағыт зертхана қызметінің біртұтас жүйесін қалыптастырды.

– Біз «зерттеу – зерделеу – тәжірибеде сынақтан өткізу – әдістемелік өнім әзірлеу – тәжірибені тарату» тізбегі бойынша жұмыс істейміз. Өйткені мұғалімнің ізденісі нақты нәтижеге айналуы керек. Ал нәтиже басқа педагогке де, ең бастысы, балаға да қызмет етуі қажет, – дейді зертхана жетекшісі.

Ғалым мен ұстаз бір алаңда. «Әдіскер ұстаз» зертханасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – ғылыми ортамен тұрақты байланыс орнатуы. Зертхананың ғылыми жетекшілері қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Ботбайұлы Жұмағұл, осы университеттің «Қазақ тіл білімі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәли, Педагогикалық шеберлік орталығының тренері, педагогика ғылымдарының магистрі Ақерке Алданыш бар.

Ғалым мен мұғалім арасындағы осындай кәсіби ынтымақтастықтың мәні зор. Мектеп мұғалімі баламен күнделікті жұмыс істеу барысында оқытудағы нақты мәселелерді көреді. Ғалым сол тәжірибеге ғылыми тұрғыдан қарап, теориялық негізін айқындауға ықпал етеді. Екі тараптың тәжірибесі тоғысқанда ғана ғылыми негізделген, мектепке қажет сапалы әдістемелік өнім қалыптасады.

Жүзге жуық педагогті біріктірген зертхана. Екі жылдан астам уақытта «Әдіскер ұстаз» зертханасының айналасына жүзге жуық шығармашыл педагог топтасты. Бұл педагогтер Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбектерін зерттеумен ғана шектелген жоқ. Олар: «Ахмет мұрасын бүгінгі балаға қалай жеткіземіз?», «Ұлт ұстазының әдістемелік идеяларын қазіргі сабаққа қалай енгізуге болады?», «Оқушыны дайын ақпаратты жаттаушы емес, ізденуші тұлғаға қалай айналдырамыз?» деген сауалдарға жауап іздеді.

Осының нәтижесінде бастауыштан жоғары сыныптарға дейінгі білім алушыларға арналған «Ахметтану» бағытындағы бағдарламалар, оқу құралдары, жұмыс дәптерлері, мұғалімдерге арналған әдістемелік ұсынымдар, цифрлық ресурстар мен авторлық жобалар әзірленді. Соның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицей педагогтері әзірлеген 5–9-сыныптарға арналған «Ахметтану» курсының бағдарламасы. Бағдарлама қала көлемінде таратылды.

Курс барысында оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне, әдебиеттануға, әліпби мен оқу-ағарту ісіне қосқан үлесін зерделеп, оның мұрасын қазіргі білім және ұлттық тәрбие құндылықтарымен сабақтастыра меңгереді. Бірақ курстың басты ерекшелігі – оқушыға Ахмет Байтұрсынұлы туралы дайын деректерді жаттатуда емес. Оқушы шығарманы оқиды. Салыстырады. Талдайды. Сұрақ қояды. Дерек іздейді. Зерттейді. Өз қорытындысын жасайды. Демек, Ахметтану мұнда тек тұлғаны танытатын курс емес, баланың оқу, ойлау, зерттеу және іздену мәдениетін қалыптастыратын құралға айналады.

Инфографикадан 3D жобаға дейін. Зертхананың нақты нәтижесі педагогтердің авторлық өнімдерінен де көрінеді. №81 «Astana English School» халықаралық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұргүл Жеңісқызы Қасымханова 5-сыныпқа арналған «Ахметтану» оқу-әдістемелік кешенін әзірледі. Оқу құралы мен жұмыс дәптеріндегі мәтіндер және тапсырмалар Ахмет Байтұрсынұлының мысалдары, өлеңдері, мақалалары, әдебиет теориясына арналған еңбектері мен өміріне қатысты зерттеулер негізінде құрастырылған. Кешен қала көлемінде қолдануға ұсынылды.

Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының мұғалімі Заңғар Тілеуғазыұлы Кәрімханның «Ахмет Байтұрсынұлы. 40 инфографика» еңбегі күрделі ғылыми және тарихи ақпаратты визуалды форматта ұсынуымен ерекшеленеді. Қырық тақырыптық инфографика арқылы Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы, қоғамдық қызметі мен ғылыми мұрасы жүйеленген. Мұндай формат қазіргі оқушының ақпаратты визуалды қабылдау ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді.

Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің мұғалімі Еркеназ Амантаевна Досанова «Ахмет – ұлт ұстазы» танымдық үстел ойынын әзірледі. №91 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айман Ізбасарқызы Сүгірбекованың «Ахмет Байтұрсынұлы» электронды әдістемелік құралы республика көлемінде таратуға ұсынылды. Сонымен бірге зертхана мүшелері Ұлт ұстазының шығармаларын заманауи технологиялар арқылы танытуға бағытталған 3D форматындағы авторлық жұмыстар, ақпараттық-танымдық және зияткерлік платформалар, электронды ресурстар мен әдістемелік құралдар әзірледі.

Бір қарағанда, Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуір мен бүгінгі цифрлық мектептің арасы тым алшақ көрінуі мүмкін. Алайда зертхана тәжірибесі мазмұнның құндылығын сақтай отырып, оны жаңа форматта ұсынуға болатынын көрсетіп отыр. Бұл – дәстүр мен инновацияның сабақтастығы. Мұғалім дайын әдістемені қолданушы ғана ма? «Әдіскер ұстаз» зертханасының жұмысы тағы бір маңызды мәселеге назар аудартады. Ол – қазіргі мұғалімнің кәсіби рөлі. Мұғалім тек дайын оқу бағдарламасы мен әдістемелік құралды қолданушы болып қалмауы тиіс.

Ол өзінің тәжірибесін зерттей алатын, мәселені анықтайтын, оның шешімін іздейтін, нәтижесін саралайтын, авторлық әдістемелік өнім әзірлеп, тәжірибесін әріптестерімен бөлісе алатын кәсіби тұлға болуы қажет. –  «Әдіскер ұстаз» деген атаудың өзінде үлкен мән бар. Біз мұғалімдердің бойындағы шығармашылық және зерттеушілік әлеуетті ашып, олардың жеке тәжірибесін жүйелі әдістемелік өнім деңгейіне көтеруге жағдай жасауға ұмтыламыз. Мұғалім зерттеушіден авторға дейін өсуі керек, – дейді Жанар Маман.

Шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынұлының өзінің ұстаздық жолы да осы модельге жақын. Ол мұғалім болды. Оқыту тәжірибесін зерделеді. Қазақ баласына қандай білім қажет екенін саралады. Оқулық жазды. Әдістеме жасады. Тіл ғылымын жүйеледі. Ұлттық мектептің негізін қалыптастыруға күш салды. Демек, бүгінгі «әдіскер ұстаз» ұғымының тарихи тамыры да Ұлт ұстазы қалыптастырған педагогикалық дәстүрден бастау алады.

Бір кездесуден басталған жаңа міндеттер. «Тіл мұрасы: ізденіс пен шығармашылық» кездесуі зертхана үшін атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын шара ғана емес, алдағы міндеттерді айқындайтын кәсіби алаңға айналды. Ғалымдар мен тіл мамандарының елордалық педагогтермен бір ортада бас қосуы жаңа идеяларға жол ашты. Өйткені ғылым мектептен алшақ қалмауы керек. Мектеп тәжірибесі де ғылыми ізденістен тыс дамымауы тиіс.

Осы екі бағыт тоғысқанда ғана педагогикалық идея нақты нәтижеге айналады. Ал зертхана үшін алдағы міндет – екі жылдан астам уақытта жинақталған жұмыстарды жүйелеу, үздік әдістемелік өнімдерді ғылыми тұрғыдан жетілдіру, педагогтердің авторлық тәжірибесін кеңінен тарату және Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын қазіргі мектептің білім беру жүйесіне тереңірек енгізу.

Ахметті ұлықтаудың нәтижелі жолы қандай? Ұлт ұстазын ұлықтау дегеніміз – оның туған күнінде тағзым ету, шығармаларын насихаттау немесе есімін білім ордаларына беру ғана емес. Бұлардың барлығы маңызды. Бірақ мұраның өміршеңдігін айқындайтын ең басты өлшем – оның бүгінгі ұрпаққа қаншалықты қызмет етіп отырғаны. Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық ойлары бүгінгі сабаққа енсе, оның әдістемелік ұстанымдары мұғалімнің кәсіби ізденісіне бағыт берсе, еңбектері оқушыны ойлануға, зерттеуге, тілін құрметтеуге, ұлттық болмысын тануға жетелесе – Ұлт ұстазының мұрасы шын мәнінде жалғасын тапқаны.

Бір ғасыр бұрынғы мектеп пен бүгінгі мектептің технологиялық мүмкіндіктерін салыстыруға келмейді. Бүгінде оқушының қолында цифрлық платформа, интерактивті ресурс, жасанды интеллект, сан алуан ақпарат көзі бар. Бірақ білім берудің түпкі мұраты өзгерген жоқ. Ол – білімді ғана емес, білімін өмірде қолдана алатын; ойлайтын ғана емес, әрекет ететін; ұлттық тамырын танып, заман талабына бейімделе алатын тұлға қалыптастыру. Ахмет Байтұрсынұлының «Баулу мектебі» идеясының бүгінгі маңызы да осында.

Сондықтан Ахмет мұрасы – архивте сақталатын жәдігер емес. Ол – бүгінгі мектепке қажет тірі педагогикалық мұра. Оны зерттеу – ғылымның міндеті. Оны тәжірибеге енгізу – әдіскер мен мұғалімнің міндеті. Оны жаңа ұрпақтың игілігіне айналдыру – баршамызға ортақ жауапкершілік. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі мұғалімге әдістемелік бағдар, ұлттық білімге берік негіз, ал болашақ ұрпаққа бағыт көрсететін рухани мектеп.

Жанар Сейтахметқызы МАМАН,
Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы»
МКҚК әдіскері,
педагогика ғылымдарының
магистрі,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
«Әдіскер ұстаз»
ғылыми-әдістемелік
зертханасының жетекшісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий