Жас ұстаздар – ауыл мектебінің жаңа тынысы
Биыл Май ауданының мектептеріне 21 жас маман жұмысқа орналасты. Олардың қатарында қазақ тілі, математика, информатика, химия, ағылшын тілі, тарих, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері, тәрбиеші және инженер-программист бар.
Жас мамандардың бірі – Асан Меруерт Төлегенқызы. Марғұлан университетін үздік аяқтаған ол Көктөбе орта мектебіне конкурссыз қабылданып, ұстаздық жолын бастады.
Ал Қызылорда қаласынан Жалтыр орта мектебіне келген химия пәнінің мұғалімі Бектұрхан Назгүл 2023 жылы оқуын аяқтаған. Өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп, Май ауданына келген жас ұстаз жаңа ортасына риза.
«Өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмай, Май ауданына келдім. Қазір жұмысым ұнап жатыр. Ұжым да жақсы қарсы алды», – дейді Назгүл.
Малайсары орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Ахметжан Аида Бақытжанқызы үшін туған мектебіне ұстаз болып оралу – ерекше қуаныш.
«Өз мектебімде жұмыс істеген ұнайды. Барлық мұғалімдерді, оқушыларды танимын. Өзім білім алған мектепте еңбек ету мен үшін үлкен жауапкершілік», – дейді жас маман.
Жас мамандардың ауыл мектебіне келуі – білім саласы үшін маңызды қадам. Әсіресе цифрландыру, жаратылыстану ғылымдары мен шет тілдерін меңгеру сынды бағыттарға жас кадрлардың тартылуы мектептердің заманауи талаптарға сай дамуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі жас ұстаз – ертеңгі тәжірибелі маман. Олардың әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шәкірт жүрегіне жол табуға ұмтылса, аудан мектептерінің білім сапасы да арта түсері анық.
21 жас маманның Май ауданы мектептеріне келуі – білім саласына келген жаңа леп. Жастардың жігері мен аға буын ұстаздардың тәжірибесі тоғысқанда, шәкірттерге сапалы білім мен тағылымды тәрбие берудің мүмкіндігі де еселене түседі.
Загрузка...
