Батыс Қазақстан облысы – Бөрлі ауданы: Мектептердегі экологиялық мәдениеттің жарқын үлгісі

Жасыл технология – жас натуралистердің қанатын қатайтып, мектеп тәжірибе үлескілеріндегі тамшылатып суару әдісінің тиімділігін артыра бастады. Қазіргі заманғы экологиялық сын-қатерлер мен ресурстардың тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығын жүргізудің тиімді әдістерін мектеп қабырғасынан бастап үйрету – өмір талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде қолға алынған ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарымен толық үндесіп, өңіріміздегі табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісіне қомақты үлес қосуда.

Биылғы оқу жылында ауданымыздың мектептеріндегі оқу-тәжірибе үлескілерінде заманауи ресурстарды үнемдеуші технология – тамшылатып суару әдісіне көшу толықтай жолға қойылып, алғашқы сүбелі нәтижелерін бере бастады. Бұл бастама оқушылардың экологиялық санасын қалыптастырып қана қоймай, теориялық білімді өндіріспен ұштастырудың озық үлгісіне айналды.

Инновациялық әдістің тиімділігі: Тәжірибе не көрсетті? Дәстүрлі суару әдістері көп көлемде су шығынын талап етіп, топырақтың құнарлы қабатын шайып кететіні белгілі. Ал тамшылатып суару жүйесі өсімдіктің тамыр жүйесіне ылғал мен минералды заттарды тікелей, үлеспен жеткізу арқылы бірқатар маңызды артықшылықтарды дәлелдеді: Су ресурстарын қатаң үнемдеу: Ылғалдың буға ұшуы мен топырақ арқылы тереңге сіңіп кетуінің алды алынады.

Өнімділіктің екі есе артуы: Бүгінгі таңда ауданда он жеті оқу-тәжірибе үлескісі осы әдісті қолданып, дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда екі есе мол өнім алуға қол жеткізді. Орта есеппен үлескілерден 350-400 килограмм көлемінде көкөністер, 150-170 кг мөлшерінде жеміс-жидек жиналды. Көп өнім алған Ақсай қаласының №3 ЖОББМ 45 кг, Ақсай қаласының №5 мектеп 47 кг, Ақсай қаласының №6 МЛ 56 кг (оның ішінде 20 кг картоп), Ақсай қаласының №4 мектеп 30 кг көкөністер, Қарағанды МББК 30-35 дана асқабақтан өнім алып отыр. Жеміс-жидектерден Ақсай қаласының №5 мектеп 20-25 кг мөлшерінде алма, №3 мектеп 16 кг жеміс жинаған.

Агротехникалық тиімділік: Су тек өсімдік маңына ғана берілгендіктен, қатар аралығындағы арамшөптердің өсуі күрт азайды. Эрозияның алдын алу: Топырақтың физикалық құрылымы бұзылмай, эрозиялық процестерге төтеп береді. Еңбек шығынын оңтайландыру: Физикалық күш пен уақыт шығыны қысқарып, жұмыс процесі автоматтандырылды. Мектеп жанындағы оқу-тәжірибе үлескілерінде биология, география және химия пәні мұғалімдерінің жетекшілігімен 5–8-және 9–10-сынып оқушыларының жазғы сарамандық жұмыстары ұйымдастырылды.

Бұл үдеріс оқушылар үшін нағыз ғылыми-зерттеу алаңына айналды. Биология пәні арқылы оқушылар өсімдіктің даму кезеңдерін, фотосинтез процесін және тамыр жүйесінің ерекшеліктерін бақылады. География пәні топырақ құрамы, жергілікті климаттық жағдайлар мен су балансын зерттеуге мүмкіндік берді. Химия пәні топырақ қышқылдығын (pH) анықтау және минералды тыңайту мөлшерін есептеу барысында тәжірибелік тұрғыдан қолданыс тапты.

Ауданда бұл бастаманы жоғары деңгейде жүзеге асырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген білім ошақтарының қатарында Ақсай қаласының №3, №4, №5, №6, №7, №8 мектептері мен ауылдық мектептерден Бөрлі, Приурал, Қарағанды, Қарасу, Облав, Пугачев, Успен мектептері бар. Үлескілерде қияр, помидор, қызылша, бұрыш, қарбыз, асқабақ сияқты дақылдардың түрлері егіліп, бүгінде мол өнім алынуда. Тәжірибе үлескілерінен жиналған экологиялық таза өнімдер тек оқу процесімен шектеліп қалмайды.

Олардың негізгі бөлігі мектеп асханаларына өткізіліп, оқушылардың сапалы әрі дәруменді тамақтануына жұмсалуда. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық ретінде таратылып, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, қайырымдылыққа және қоғамға пайдалы болуға тәрбиелеудің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

Қорыта айтқанда, мектеп қабырғасындағы тамшылатып суару әдісі – бұл жай ғана агротехникалық тәсіл емес, бұл – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін көтеретін, ресурстарды үнемді пайдалануға үйрететін және ғылыми ойлау қабілетін дамытатын маңызды қадам.

        

Гүлжанат САҒЫНҒАЛИЕВА,
Бөрлі аудандық білім бөлімінің әдіскері,
Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий