Жаңа мектептерден жасанды интеллектке дейін

Қазақстанда ерте жастан білім беруден бастап, кәсіптік даярлау, ғылым, цифрлық құзыреттілікті дамыту және еңбек нарығына шығуға дейінгі үдерістерді қамтитын адам капиталының жаңа моделі қалыптасып келеді. Соңғы жылдары елімізде 1,1 мың жаңа мектеп пайдалануға берілді, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 13,7 пайызға дейін артты. Ал жоғары оқу орындарында 724 мыңнан астам шәкірт білім алуда. Сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіліп, университеттердің өндіріспен байланысы күшейтіліп, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін жағдай жасалып отыр, – деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Үкімет бұл бағыттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жүзеге асыруда. Президент білім беру, ғылым мен кәсіби құзыреттілікті дамытуды және азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мүмкіндіктер жасауды елімізді одан әрі дамытудың маңызды шарттары ретінде белгіледі. Жаңа Конституцияда адам капиталын дамыту, білім беру, ғылым және инновация мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары ретінде де айқындалған.

Соңғы бес жылда 1,1 мың жаңа мектеп салынды. Бүгінде Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы 6,1 млн жас азамат тұрады. Бұл – ел халқының жиырма сегіз пайыздан астамы. Соңғы бес жылда халық саны бір миллионға жуық өсіп, биылғы жылдың басында 20,5 миллион адамға жетті. Халық санының өсуі білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамытуды талап етеді. Соңғы бес жылда елімізде бір миллионнан астам оқушы орнына негізделген 1,1 мың жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Оқу жоспарлары жаңартылып, бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері жетілдірілуде. Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізілу жұмыстары жүргізілуде. Еліміздегі оқушылардың әлеуеті жоғары екені олардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардағы нәтижелерінен көрініп келеді. 2026 жылдың басынан бері екі мың жетпіс үш оқушы 204 алтын, 356 күміс және 507 қола медаль жеңіп алды. Бұл мемлекеттің міндеті тек білім беру инфрақұрылымын құрумен шектелмей, өскелең ұрпақтың әлеуетін ашуға жағдай жасауды көздейтінін көрсетеді.

ТжКБ ұйымдарындағы білім алушылар саны 13,7 пайызға өсті. Кадр даярлау жүйесінде техникалық және кәсіптік білім беру маңызды орын алады. Соңғы бес жылда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 13,7 пайызға өсіп, 2025 жылы 562 мың адамды құрады. Білім беру мазмұны жаңартылып, колледждердің кәсіпорындармен және экономиканың нақты секторымен байланысы нығайтылып келеді. Бес жүзге жуық білім беру бағдарламасы әзірленіп, өзектендірілді. ТжКБ ұйымдарының оқу-өндірістік қызметінің мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Заманауи экономикада маманнан диплом ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіби дағдылар, практикалық тәжірибе және заманауи технологиялармен жұмыс істеу машығы талап етіледі. Сондықтан кадрларды даярлау жүйесін одан әрі дамыту кәсіпорындар мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне тікелей байланысты.

2026-2027 оқу жылына тоқсан мыңға жуық білім гранты бөлінді. Сонымен қатар жоғары білім алу мүмкіндіктері де кеңеюде. Соңғы бес жылда жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы студенттер саны он алты пайызға өсіп, былтыр 724,1 мың адамды құрады. 2026-2027 оқу жылына 90 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді: олардың жетпіс бес мыңнан астамы – бакалавриатқа, он бір мыңнан астамы – магистратураға және үш мыңнан астамы – докторантураға берілді. Шәкіртақы мөлшері де айтарлықтай өсті, мәселен, бакалавриатта екі есе, магистратура мен докторантурада – 1,75 есе.

Білім алу үшін қосымша мүмкіндіктерді «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі тудырып отыр. Бүгінде екі жүз жиырма жеті мыңнан астам салым ашылды. Студенттік инфрақұрылым да дамып келеді. Ыңғайлы білім беру ортасын құруға ерекше назар аударылуда. 2018 жылдан 2025 жылға дейін жетпіс екі мың бір жүз жиырма бес орындық 281 жатақхана пайдалануға берілді. Нәтижесінде төсек-орын тапшылығы шамамен он алты есеге, яғни 82,5 мыңнан бес мың бір жүз жетпіс алтыға дейін қысқарды.

Жоғары білім беру саласында кадрлар даярлау күшейтілуде. Жыл сайын он мыңға жуық студент «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компанияларында дуальды оқытудан және өндірістік практикадан өтеді. Сондай-ақ, Қор компанияларында жүз оқытушы өндірістік тағылымдамадан өтті. Он жоғары оқу орнында пилоттық режимде «Индустриялық PhD» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Екі жыл ішінде оған 210 грант бөлінді. Бағдарлама университеттердің, ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға және зерттеулерді экономиканың нақты міндеттерін шешуге пайдалануға бағытталған.

Жетіс жүз мыңнан астам студент жасанды интеллект саласында базалық білім алды. Цифрлық құзыреттілікті қалыптастыру адам капиталын дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналуда. AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласындағы базалық білімді растайтын сертификаттар алды. Бағдарламаға бір жүз алты жоғары оқу орны қатысады. Төрт жүз қырық екі жасанды интеллект агент әзірленіп, қолданысқа енгізілді, жұмысқа университет командаларының 980 қатысушысы тартылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Қазақ ЖИ зерттеу университеті – QAIRU жұмысын бастайды. Алты жүзге жуық білім алушыны, оның ішінде төрт жүз студентті бакалавриатқа қабылдау жоспарлануда, оның үш жүз сегізі мемлекеттік грант иегерлері, сондай-ақ магистратура бағдарламалары бойынша бір жүз адам оқымақ. Студенттердің заманауи халықаралық білім беру ресурстарына қолжетімділігі артып келеді. Тоқсан бес қазақстандық жоғары оқу орны Coursera жобасына қатысады, ондағы студенттер 260 мыңнан астам сертификат алды.

Coursera, Huawei Technologies Kazakhstan және Binance Kazakhstan компанияларымен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылды. Қазақстанның жоғары оқу орындарына ChatGPT Edu платформасын енгізу бойынша OpenAI, Freedom Holding Corp. және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Осылайша, жасанды интеллект біртіндеп жеке цифрлық құрал болудан қалып, заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу ортасының ажырамас бөлігіне айналып келеді.

QS World University Rankings әлемдік рейтингіне жиырма жоғары оқу орны енді. Сонымен қатар Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің халықаралық құрамдасын күшейтіп келеді. Бүгінде елімізде он екі елдің жетекші шетелдік университеттерінің 33 филиалы жұмыс істейді. Қазақстанның шетелдік студенттер үшін тартымдылығы артып келеді. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында отыз жеті мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. Халықаралық ынтымақтастық қазақстандық университеттердің жаһандық рейтингтердегі позицияларын нығайта түсуде.

QS World University Rankings – 2026 рейтингіне Қазақстанның жиырма жоғары оқу орны енді бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Times Higher Education – 2026 рейтингінде Қазақстанның бес жоғары оқу орны ұсынылды. Халықаралық байланыстарды кеңейту Қазақстанға шетелдік студенттерді, зерттеушілер мен мамандарды тартуға және отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ғылыми әзірлемелердің елімізге әкелген кірісі 142 миллиард теңге. Ғылыми сектор экономиканың дайын шешімдерінің қайнар көзіне айналып келеді. Ғылыми әзірлемелердің үштен бірінен астамы коммерцияландыру кезеңіне өтті. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің ел дамуына қосқан жиынтық үлесі бір жүз қырық екі миллиард теңгеге бағаланады. Ғылыми бастамаларды жеке қаржыландыру көлемі 28,2 миллиард теңгеге жетті.

Университеттерде энергетика, медицина, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қаржы секторы үшін жасанды интеллект негізінде қолданбалы шешімдер әзірлейтін командалар құрылып жатыр. Әзірлемелердің бір бөлігі коммерциялық нарыққа шығып, экспорттық әлеуетке ие болуда. Жаңа қолдау тетіктері «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда бекітілді. Ғылым мен технологияларды дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың капиталдық салымдарының бір пайызыбағытталады. Қазақстанда алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» құрылды.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тоқсан пайызы арнайы қолдаумен қамтылған. Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала бар. Олардың тоқсан пайызы арнайы қолдаумен қамтылған, бір жүз алпыс тоғыз мыңнан астам бала инклюзивті білім беру және тәрбие жағдайында оқып, тәрбиеленуде. Білім беру ұйымдарында тікелей көмек беру үшін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесі кеңейтілуде.

Онда отыз бес мыңнан астам маман жұмыс істейді. Олардың қатарында арнайы педагогтер, психологтер, әлеуметтік педагогтер, ассистенттер және кәсіптік бағдар берушілер бар. Сонымен қатар бес жүз отыз тоғыз арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған бір мыңнан астам кабинет жұмыс істейді. Өткен оқу жылынан бастап жеке көмекші лауазымы енгізілді. Мұндай қолдауды қозғалуында қиындықтары бар екі жүз елуден астам бала алды.

Фото: primeminister.kz

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий