Балалардың денсаулығы мен құнарлы тамақтануына басымдық берілуде

Мұнайлы өлкедегі білім беру саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және демеушілердің қолдауы аясында өңірде он төрт жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. «Келешек мектептері» жобасы бойынша он үш ғимарат салынса, бір ағарту орны демеушілік қаражат есебінен ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Сонымен қатар қолданыстағы білім беру ұйымдарына екі қосымша нысан бой көтерді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі жариялған ресми ақпаратқа жүгінсек жаңа білім беру нысандарының іске қосылуы үш ауысымда білім беретін мектептер санын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде олардың саны оннан үшке дейін азайды. Биылғы оқу жылында өңірдегі үш мектепте ғана 698 оқушы үшінші ауысымда білім алады. Оқушылар санының жыл сайын артуына байланысты алдағы төрт жылда өңірдегі оқушылар саны 194 мыңнан екі жүз он сегіз мыңға дейін өсетіндігі болжануда.

Осыған орай жалпы сыйымдылығы тоғыз мың төрт жүз шәкіртті қабылдауға қабілетті тағы жеті мектеп салу жоспарда бар. Мұнайлы ауданында әрқайсысы екі мың төрт жүз балаға арналған екі мектептің құрылысына арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасын тауып, биылғы сегіз айда 1912 орынға арналған жиырма төрт жаңа балабақша ашылды. Бұдан бөлек жұмыс істеп тұрған алты мектепке дейінгі ұйымда қосымша бір жүз алпыс бір орын құрылған.

Жыл соңына дейін тағы үш жүз елу орын ашу қажеттілігі көзделгенін білдік. Биыл жергілікті мектепті 10 мың 45 түлек тәмамдаса, оның үш жүз он жетісі «Алтын белгі» төсбелгіні иеленген. Алты жүз жетіс үш жас түлек білім беру ұйымдарын үздік аттестатпен аяқтады. Білім сапасы көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. Биылғы бірыңғай ұлттық тестілеуге мектептер мен колледждердің тоғыз мыңнан астам бітіруші білімгер қатысқан. Облыс бойынша орташа нәтиже 69,03 балды құрап, былтырғымен салыстырғанда жоғары көрсеткішке жетіпті.

Нәтижесінде бұл аймақ республикалық рейтингтегі позициясын жақсартып, соңғы екі жылда он тоғызыншы орыннан он үшінші қатарға көтерілді. Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы наурыз айында өңірде Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Жаңа құрылым кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг және суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды үйлестіреді. Бұл балаларға қатысты мәселелерді ерте анықтап, олардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушыларға заманауи білім алу үшін қолайлы жағдай жасау, білім сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту өңірді ілгері дамытудың әлеуметтік саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Тамыз айының соңында ұйымдастырылған жергілікті білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі облыстық тамыз кеңесіне жиналған маңғыстаулық педагогтер «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбындағы көрмедегі STEAM білім беру, жасанды интеллект негізіндегі шешімдер, жобалық оқыту, робототехника және бағдарламалау, стартаптар мен цифрлық білім беру ресурстарына негізделген заманауи жобалармен танысты.

Басқосудың пленарлық отырысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, жаңа оқу жылына арналған басым міндеттер талқыланды. Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім беру саласын дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екеніне тоқталды. Рас осы өңірде ағарту жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі демографиялық өсім білім беру инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді талап етеді. Жемісті жетістіктер жүйелі жұмыс пен педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі.

– Сонымен қатар республикалық деңгейде алғашқылардың бірі болып шұбатты оқушылардың тамақтану рационына енгіздік. Бұл – балалардың денсаулығын нығайтумен қатар, жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға және ұлттық тағам мәдениетін дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді сапалы орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені жас ұрпақты біліммен қаруландырып, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың кілті – ұстаздардың қолында, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Дарынды оқушылар республикалық және халықаралық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жыл ішінде бес жүз қырық тоғыз оқушы білім жарыстарына қатысып, 271 медаль иеленді. Оның ішінде қырық төрт алтын мен тоқсан екі күміс және бір жүз отыз төрт қола медаль бар. ҰБТ нәтижесінде облыс бойынша 3554 түлек мемлекеттік білім грантына ие болды. Бұл былтырғыдан екі жүз алпыс бес грантқа артық. Бір мың тоғыз жүз тоқсан бес жас түлек нысаналы грантпен қамтылды. Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Аймақтағы білім басқармасы таратқан мәлімет бойынша өңірдегі білім беру ұйымдары заманауи қауіпсіздік құралдарымен және жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтылған. 1–4-сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жаңа оқу жылында білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге, оқушыларды PISA, TIMSS және PIRLS халықаралық зерттеулеріне жүйелі дайындауға, сондай-ақ AI, инжиниринг, 3D-модельдеу және робототехника бағыттарындағы тегін қосымша білім беру үйірмелерін екі есеге арттыруға басымдық беріледі.

Тамыз кеңесі барысында білім беру саласының үздік өкілдеріне «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. «Орта білім беретін үздік ұйым» марапатына «Білім-инновация» лицей-интернаты, ал «Техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі білім беретін үздік ұйым» марапатына Нұрлыхан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі ие болды.

Жаңаөзен қаласындағы жиырма бес мектептің оқушыларына түйе сүтінен дайындалатын дәстүрлі сусын – шұбат беріле бастады. Бұл – ұлттық сусынды мектеп оқушыларының тамақтану рационына жүйелі түрде енгізуге бағытталған республика аумағындағы алғашқы жоба. Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен жүзеге асып отыр. «Нар-Бота» шұбат құю цехының салтанатты ашылу рәсіміне аймақ басшысы мен қала ақсақалдары, кәсіпкерлер және қоғам өкілдері қатысқан болатын.

Мектеп оқушыларын шұбатпен қамтамасыз ету бастамасын облыс әкімі көтергенін айрықша атап айтқанымыз абзал. Жоба, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті өзге де пайдалы заттар бар.

– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың денсаулығы мен құнарлы тамақтануы басты басымдықтардың бірі болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасы мәселесіне және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Шұбатты мектеп ас мәзіріне енгізу бастамамыз – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар бұл – отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамыту, жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастыру. Табиғи әрі сапалы жергілікті өнімдердің балаларымызға қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Нұрдәулет Игілікұлы.

Жалпы аумағы үш жүз шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, өнімді құю және сақтау процестері жолға қойылған. Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтары үшін де жаңа мүмкіндік ашып, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға жол береді. «Жаңаөзен сүт зауытында» биылғы қаңтар айының ортасында құрғақ түйе сүтін өндіретін цех іске қосылған болатын.

Шұбат өндіру және құюға арналған жаңа цехтың ашылуы кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғасы болды. Салтанатты шараға жиналған құрметті қонақтар өндіріс барысымен танысып, жаңа құрал-жабдықтардың жұмысын көрді. Міне осылайша бұл өңір елімізде алғашқылардың бірі болып маңызды қадам жасап, ұлттық сусынды мектеп тағамтану жүйесіне енгізіп отыр.

Өткен аптадан бастап бұл шағын шаһарда орналасқан барлық білім беру ұйымдарындағы жергілікті ұл-қыздар осы аумақта өндірілген табиғи шұбатпен қамтамасыз етіле бастағанын білдік. Бұл бірегей және бағалы бастама балалардың денсаулығына қамқорлық жасаумен қатар, отандық өндірістіің көкжиегін кеңейту арқылы халыққа қажетті ет және сүт өнімдерінің үлесін арттыру мақсатындағы түйе шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ ұлттық тағам дәстүрін дәріптеуге бағытталғандығымен ерекшеленеді.

Өмірсерік РАХАНОВ,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий