Ұлт болашағына салынған инвестиция
Жаңаарқа ауданының Манадыр ауылында «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» заң аясында мемлекетке қайтарылған қаражаттың 1,2 миллиард теңгені құрайтын қомақты қаржы есебінен салынған сексен орындық жаңа мектеп ел игілігі үшін пайдаланға берілді. Заманауи ғимаратта шәкірттердің сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай қарастырылған.
Ағарту ошағында он сегіз оқу және робототехника кабинеті, спорт залы, сондай-ақ баскетбол және футбол алаңдары бар. Мектептің ашылу салтанатына өңір басшысы Есет Байкен, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов қатысып, жергілікті ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына және Үкіметтің қолдауына сәйкес, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен құрылған арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен өңірлерде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар бой көтеруде. Біздің аймаққа осы қор арқылы жиырма миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, он жетіден астам нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның он екісін биыл жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.
Жезқазған қаласын дамыту мәселелері бойынша кезекті көшпелі жиын аясында өңір басшысы облыс орталығын дамытудың басым бағыттарын айқындап, денсаулық сақтау, білім беру, жол инфрақұрылымы және абаттандыру салаларындағы өзекті мәселелерді жедел шешу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Және екі мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын қайта тексеріп, белгіленген жұмыс кестесінен кешігуге жол берген мердігер ұйымдарға қатаң ескерту жасады.
«Құндылыққа негізделген білім: сапа, сабақтастық және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында ұйымдастырылған ұлытаулық педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесінде аймақ басшысы білім беру саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқанын айрықша атап айтып, өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығына тоқталды. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ресм ақпарат бойынша жалпы саны сексен алты мектепте 41 мың 671 оқушы бар.
– Аймақ үшін маңызды оқиғалардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен «Ұлытау» техникалық университетінің ашылуы. Сонымен қатар оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында биыл Жезқазған қаласында бір мың білімгерге арналған BINOM мектебінің, сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған әрқайсысы 400 орынға есептелген, интернаттары мен жатақханалары бар «Білім-инновация» лицейлерінің құрылысы басталады. Білім беру инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Сәтбаев қаласында, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында ескі мектептерге белгіленген кезеңдерге сәйкес жаңғырт жасалады, – деді Есет Берікұлы.
Басқосу барысында пән мұғалімдері ағарту саласындағы жаңа бастамалар мен оң өзгерістер, пилоттық жобалар, сондай-ақ білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мүмкіндіктері туралы баяндамалар жасады. Жиында педагогтердің еңбегіне ерекше назар аударылып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие ісіне елеулі үлес қосқан тәлімгерлерге «Еңбек ардагері» және «Ыбырай Алтынсарин» медальдары, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ «Қосымша білім берудің үздігі» Құрмет дипломын құрайтын мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.
Республикалық деңгейдегі жыл сайынғы тамыз кеңесі – жаңа оқу жылындағы білім беру саласының басым бағыттарын айқындап, өзекті мәселелерді талқылауға және озық тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік беретін маңызды кәсіби алаң. Биылғы басқосуда Ұлытау ауданындағы №1 тірек мектебінің ұстазы Мырзабекова Жанна ұлағатты ұстаз еңбегіне берілген зор құрметтің белгісі ретінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін алды.
Жанна Қонысбекқызының бұл мәртебелі марапаты білім беру саласындағы еселі еңбегіне, шәкірт тәрбиесіне қосқан үлесіне және педагогикалық кәсібіне деген адалдығына көрсетілген жоғары баға деуге толық негіз бар. Парасатты педагогтың ерен еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Республикалық кеңес барысында білім беру сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, білім мазмұнын трансформациялау, тәрбие жұмысын жаңғырту, педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу мәселелері зерделенген еді.
– «Халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары негізіндегі «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» және «Адал азамат» бағдарламаларын ілгерілету» тақырыбындағы республикалық семинар шеңберінде ұстаздардың тамыз конференциясындағы пленарлық отырысқа қатыстым. Еліміздің білім беру саласы үшін айрықша маңызға ие бұл алаңда адами капиталды дамыту, білім сапасын арттыру, педагогтің кәсіби әлеуетін күшейту және білім беру жүйесінің жаңа міндеттері кеңінен талқыланды, – дейді облыстағы әдістемелік орталықтың Джакипова Гульсана.
– Мен үшін ерекше маңызды болған тұстардың бірі – білім сапасын арттыру мен педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз етудегі облыстық әдістемелік орталықтар қызметінің күн тәртібінде сарапқа салынуы Бүгінде әдістемелік орталықтар тек әдістемелік қолдау көрсететін құрылым ғана емес, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, озық тәжірибелерді таратуға, мектептердегі білім сапасын жүйелі сүйемелдеуге ықпал ететін маңызды кәсіби алаңға айналып келеді.
Гульсана Амантаевнаның айтуынша «Келешек мектептері» жобасы аясындағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен әдіскерлерге арналған бұл алаң үш күн бойы тәжірибе алмасу, кәсіби диалог және жаңа идеялардың орталығына айналмақ. Алғашқы күннің өзі мазмұнды баяндамаларға, өзекті мәселелер мен тың көзқарастарға толы болған. Бейіндік ведомства жетекшісінің баяндамасы мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және әдістемелік орталықтардың әдіскерлерімен өткен тікелей кездесуі үлкен маңызға ие болды.
– Бұл мемлекет деңгейінде тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлініп отырғанының айқын көрінісі деп есептеймін. «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын күнделікті мектеп өміріне енгізіп, оны нақты нәтижеге бағыттайтын негізгі күш – тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар. Сондықтан бүгінгі кездесулер мен көтерілген мәселелер ертеңгі ұрпақ тәрбиесінің сапасына тікелей әсер етеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Binom school директоры Әблезов Марс Сапарұлы сөйлеген сөзінде Маргарет Мидтің: «Саналы және жауапкершілігі жоғары азаматтардың шағын тобы әлемді өзгертуге қабілетті екеніне ешқашан күмәнданбау керек. Шын мәнінде әлемге өзгеріс әкелген жалғыз күш осы топтар», – деген сөзін келтірді, – деді ол.
– Бұл оймен толық келісемін. Өйткені болашақ ұрпақтың тәрбиелік бағдарын өзгерту үшін көпшілік емес, ортақ құндылыққа сенетін, жауапкершілікті сезінетін аз ғана топтың өзі жеткілікті. Кезекті семинар алаңында жиналған педагогтер мен әдіскерлер дәл сондай өзгерістің қозғаушы күші бола алады деп сенемін. Тәрбие – бұл тек мектептің емес, мемлекеттің болашағын қалыптастыратын стратегиялық міндет. Сондықтан әрбір кәсіби пікірталас, әрбір тәжірибе алмасу және әрбір жаңа бастама еліміздің ертеңіне салынған инвестиция деп білемін, – деп қорытындылаған Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасындағы жазбасының соңын Джакипова Гульсана.
Шырақ әл-ШАБАНИ,
Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы



