Еңбек пен тәрбиені ту еткен отбасы
Павлодар облысы Тереңкөл ауданының Қоржынкөл ауылында тұратын Ризабек пен Әлия Омаровтардың отбасы – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп келе жатқан өнегелі шаңырақ. Бес баланы тәрбиелеп отырған отбасының береке-бірлігі мен еңбекке деген құрметі көпке үлгі.
Отағасы Ризабек Омаров ауылда мал шаруашылығын дамытып, адал еңбегімен ауыл экономикасына өз үлесін қосып келеді. Ал Әлия Омарова – 16 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Мектептегі педагогикалық қызметімен қатар, ол шығармашылықпен айналысып, түрлі бұйымдар жасап, төл туындыларын аудандық және облыстық байқауларда таныстырып жүр. Еңбегі еленіп, «Аманат» партиясының, аудан және облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ата-анасының өнегесін бойына сіңірген Омаровтардың балалары да білім мен өнерге жақын. Үлкен қыздары Нағима мен Разия Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған «Жас Дарын» мектебінде білім алып, олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға белсенді қатысады. Нағима қалалық конкурстардың жүлдегері атанса, Разия да оқуында жақсы нәтижелерімен көзге түсіп жүр. Ұлдары Уәлихан үстел теннисімен шұғылданса, кенже қыздары Дария мен Кәусар мектеп өміріне белсене араласып, түрлі тәрбиелік шараларға қатысады. Отбасындағы жақсы дәстүрдің бірі – жаз мезгілінде Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, саяхаттау.
Омаровтар бұл арқылы балаларын туған жерді тануға, ел тарихы мен табиғатын қадірлеуге тәрбиелейді. Отбасының ауызбіршілігі мен белсенділігі аудандық «Мерейлі отбасы» байқауында да көрініс тапқан. Омаровтар әулеті 2020 және 2023 жылдары аталған байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Байқау барысында балалары өнерлерін көрсетіп, ал Әлия Омарова өзінің шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастырған.
Еңбек пен өнерді, білім мен ұлттық тәрбиені бір арнаға тоғыстырған Омаровтар отбасы – ауылдағы берекелі шаңырақтың жарқын үлгісі. Олардың өмір салты мен отбасылық құндылықтары жас ұрпақты еңбекқорлыққа, білімге, өнерге және туған елін құрметтеуге үндейді.
Загрузка...


