Әкеден балаға жеткен өнер аманаты
Домбыраның қос ішегінен төгілген күй мен әуелеген ән – ұлттың рухын ұрпаққа жеткізетін қасиетті өнер. Осы өнерді жүрегіне серік етіп, шәкірттеріне дәріптеп жүрген жандардың бірі – Павлодар облысы Павлодар ауданы Заря жалпы білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі Инабат Ховдабай.
Инабат Сарсенбайқызын өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезінен басталған. Әсем ән мен домбыраның қоңыр үні оның отбасында әрдайым ерекше орын алған. Өйткені ол – өнерді ұрпаққа аманат еткен Садығазиндер әулетінің перзенті. Әкесі Сәрсенбай Нұхұлы музыка пәнінің мұғалімі болса, анасы Балапаш Ахмедияқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Екеуі де Баянауыл ауданының Егіндібұлақ ауылындағы мектепте еңбек етіп, ұстаздық пен өнерді қатар алып жүрген жандар.
Сәрсенбай ағайдың бастамасымен 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай отбасылық «Ақкөгершін» ансамблі құрылды. Бұл ансамбльдің тарихы Инабаттың балалық шағымен де тығыз байланысты. Ол небәрі он жасында сахнаға шығып, Ахмет Жұбановтың әніне, Нығмет Баймұхамедовтың сөзіне жазылған «Ақ көгершін» әнін орындаған. Жас өнерпаздың өнеріне сүйсінген ұстаздар ата-анасына отбасылық ансамбль құруды ұсынған. Осылайша шаңырақтың өнер ұжымы «Ақкөгершін» деген атауға ие болды.
Бүгінде сол өнер жолын жалғастырған Инабат Ховдабай музыка пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттерін ұлттық өнерге баулып келеді.
Өнерлі әулеттің дәстүрі Инабаттың өз отбасында да жалғасын тапқан. Жолдасы Ховдабай Жандос – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бірі – музыка өнерін, бірі – сөз өнерін дәріптеген бұл отбасы білім мен шығармашылықты қатар алып келеді. Балалары да ата-анасының өнерге деген сүйіспеншілігін бойына сіңіріп, домбыра тартып, ән айтып өсіп келеді.
Садығазиндер әулетінде өнермен бірге ұстаздық дәстүр де берік қалыптасқан. Отбасындағы сегіз баланың барлығы білім мен өнер жолын таңдаған. Төрт ұлдың үшеуі мұғалім болса, біреуі Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрда актер болып еңбек етеді. Төрт қыздың үшеуі музыка пәнінің мұғалімі. Ал тағы бір қызы технология саласын меңгеріп, бүгінде жеке ательесін жүргізіп, ұлттық киімдер мен құрақ көрпе, жастықтар тігіп, қолөнерді дамытып жүр.
Әулеттің өнер шаңырағы – «Ақкөгершін» ансамблі де өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Қазір оның құрамында Сәрсенбай ағайдан басқа отбасы мүшелерінің барлығы өнер көрсетеді. Ең қуаныштысы – ансамбль қатары немере-жиен, шөберелермен толығып келеді. Осылайша әкенің көзі тірісінде бастаған өнер жолы бүгінгі ұрпақтың қолында жалғасын тауып отыр.
Инабат Ховдабай үшін өнер – әкеден қалған аманат, ал сол аманатты шәкірттеріне жеткізу – ұстаздық парыз. «Ақкөгершіннің» қанаты астында тоғысқан әулет өнері осылайша ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Загрузка...

