Шығармашылыққа қанат қаққан жанұя
Павлодар облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтоғай ауданындағы Камзиндер отбасы – өнер мен білімді, спорт пен шығармашылықты бір шаңырақта тоғыстырып отырған өнегелі жанұя.
Отбасы – баланың бойындағы қабілетті танып, талабын ұштап, үлкен өмірге бағыт беретін алғашқы орта. Ал ата-ананың өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен еңбегі балаға үлгі болғанда, шаңырақтағы тәрбие мен шығармашылықтың үйлесімі ерекше нәтижесін береді. Камзиндер отбасының өмір жолы – осының айқын көрінісі.
Отағасы Руслан Камзин – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал жұбайы Сәуле Камзина Ақтоғай балалар өнер мектебінде қосымша білім беру педагогы болып еңбек етеді. Мәдени шаралардың белсенді қатысушысы ретінде Сәуле Ғайниденқызы аудандық деңгейдегі түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп, әсем әні мен ерекше дауысымен көрерменнің ықыласына бөленіп келеді.
Өнерді отбасының ортақ құндылығына айналдырған Камзиндер 2025 жылы «Ақтоғай ауданының өнерлі жанұясы» байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Бұл жетістік отбасы мүшелерінің шығармашылыққа деген ынтасы мен бір-біріне деген қолдауының нәтижесі.
Ата-анасының өнерге жақындығы балаларының қызығушылығына да әсер еткен. Рамазан мен Раяна Ақтоғай балалар өнер мектебінде вокал, домбыра және театр бағыттары бойынша білім алып, бірнеше өнер саласын қатар меңгеріп жүр. Жас өнерпаздардың әр жетістігі – отбасындағы қолдау мен жүйелі еңбектің жемісі.
Рамазанның қоржынында облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулардың жүлделері бар. Ол «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының облыстық көрме-байқауында III орын иеленді. Ал «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» балалар киносы фестивалінің облыстық және республикалық кезеңдерінде I орынға қол жеткізді.
Жас өнерпаз бейнематериалдар жасауға да қызығушылық танытып келеді. «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумындағы «Жас мобилограф» бейнероликтер мен бейнесюжеттер байқауының облыстық және республикалық кезеңдерінде де I орын алды.
Раяна да шаңырақта спорт пен өнер, ұстаздық пен шығармашылық қатар өрілген. Ата-ананың кәсіби еңбегі мен өнерге деген ықыласы балаларының талабын шыңдап, жаңа қырларын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Камзиндер отбасының басты құндылығы – балаларының жетістігін қолдап қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын күнделікті өмір салтына айналдыруында. Осындай отбасындағы өзара қолдау мен бірлік жас ұрпақтың бойына еңбекқорлық, ізденіс, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастырады.
Өнерді өміріне өрнек еткен Камзиндер отбасы – отбасы құндылығы мен шығармашылықтың жарасымды үйлесімін көрсетіп отырған өнегелі шаңырақ. Өнерлі ата-анадан тәлім алған талантты ұрпақтың алар асуы әлі алда.
Загрузка...
