«Отбасы бізден басталады!» — отбасы құндылықтарын дәріптеген тағылымды шара

Павлодар облысының Аққулы ауданында Отбасы апталығының ашылуына орай «Отбасы бізден басталады!» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Шараға аудан мектептеріндегі «Аналар мектебі» клубтарының мүшелері қатысып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған мазмұнды жұмыстар жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты – отбасының қоғамдағы маңызын насихаттау, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен байланысты нығайту, жас ұрпаққа үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, мейірімділік пен сыйластықтың мәнін түсіндіру.

«Аналар мектебінің» мүшелері шара барысында оқушылармен еркін пікір алмасып, отбасының адам өміріндегі орны туралы тағылымды әңгімелер өрбітті. Аналар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бала тәрбиесінде мейірім мен талаптың, түсіністік пен сенімнің маңызына тоқталды.

Шара барысында қатысушыларға қызықты тапсырмалар ұсынылып, тәрбиелік мәні зор жұмыстар ұйымдастырылды. Жылы лебіздер айтылып, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі, қамқорлығы мен қолдауының маңызы кеңінен насихатталды.

Отбасы – баланың алғашқы тәрбие мектебі. Бала ең алдымен отбасынан жылулықты, мейірімділікті, жауапкершілікті, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты үйренеді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ананың үлгісі мен отбасындағы жағымды ахуалдың орны ерекше.

«Аналар мектебі» клубтарының осындай бастамалары – ұрпақ тәрбиесіне аналарды белсенді тартудың, отбасылық құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға жеткізудің маңызды тетігі. Ана – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесін қалыптастыратын тұлға. Аналардың өнегелі сөзі мен өмірлік тәжірибесі жас ұрпақ үшін әрдайым құнды.

Отбасы апталығы аясындағы бұл шара қатысушыларға отбасының қадірін тағы бір мәрте сезіндіріп, татулық пен өзара сыйластықтың адам өміріндегі маңызын ұғындырды.

Отбасы берік болса – қоғам да берік.

Берекелі отбасы – бақытты балалықтың бастауы!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий