Отбасы мен мамандықты тоғыстырған ұстаздар
Отбасы күніне орай Павлодар қаласындағы №18 жалпы орта мектепте еңбек етіп жүрген жас педагогтер – Резниковтар отбасының өнегелі жолы назар аудартады.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Резников Александр Игоревич пен Резникова Камила Кенжебаевна бір шаңырақ астында ғана емес, бір білім ордасында да қызмет етіп келеді. Оларды ұстаздыққа деген сүйіспеншілік, кәсіби ізденіс және ортақ мақсат біріктіреді.
Камила Кенжебаевна – шығармашыл, ізденімпаз әрі бастамашыл жас педагог. Оның кәсіби жолында бірқатар жетістіктер бар. Ол «Менің педагогикалық инновацияларым» облыстық байқауының қалалық кезеңінде жүлдегер атанып, «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасының және «Педагогикалық дуэт – 2024» облыстық байқауының қалалық кезеңдеріне қатысты.
Ал Александр Игоревичпен бірге педагогикалық тәжірибесін жетілдіріп, заманауи білім беру бағыттарын меңгеруге басымдық береді. Ерлі-зайыптылардың кәсіби ізденістері «Сабақты жобалаудың әдістемелік негіздері: мақсат қою және жоспарлау ерекшеліктері», «Білім беру және жасанды интеллект: жетістікке жету жолындағы серіктестік» тақырыптары бойынша тәжірибені жинақтау жұмыстарынан көрініс тапқан.
Резниковтар отбасының мектеп өміріне қосып жүрген үлесі сабақ берумен ғана шектелмейді. Олар оқушылардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және азаматтық ұстанымын қалыптастыруға атсалысып келеді.
Ұстаздардың еңбегі шәкірттерінің жетістіктерімен де сабақтас. Мектеп командалары «Үздік мектеп парламенті», «Jasyl cross – 2025», ECO QUEST «ECO стиліндегі өмір», «Құқықтық лабиринт», «Салауатты мектеп», «Стоп-буллинг» сынды жобалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болған.
Әрбір жетістіктің артында тынымсыз еңбек, шығармашылық ізденіс пен шәкіртке деген жанашырлық жатыр. Ал отбасының басты құндылығы – өзара қолдау, ортақ мақсат, бір-біріне деген құрмет және сүйікті мамандыққа адалдық.
Резниковтар отбасы – отбасы құндылықтары мен ұстаздық мұратты қатар алып, бір-біріне тірек әрі шабыт бола білген жарасымды педагогикалық жұп.
Загрузка...