Ұлт ұясы – шаңырақ: отбасы құндылығы мен білім сабақтастығы
Павлодар облысының Ақтоғай ауданында Отбасы күніне орай «Ұлт ұясы – шаңырақ» атты ұлттық-танымдық шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында отбасы құндылықтары, ұлттық тәрбие, үлкенге құрмет, кішіге ізет және ұрпақтар сабақтастығы кеңінен насихатталды. Қатысушыларға ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған тағылымды кездесулер мен танымдық алаңдар ұсынылды.
Шара аясында «Отбасылық мұра» подкасты ұйымдастырылып, ұлттық өнер мен дәстүрге қатысты мазмұнды әңгімелер өрбіді. Сонымен қатар қонақтар бүркітшілік, ұршық иіру, қамшы жасау, ұлттық ойындар және қолөнер бағыттары бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.
Іс-шараға облыстық «Мерейлі отбасы – 2026» байқауының жеңімпаздары – Кенжебаевтар әулеті және ұстаздар династиясының өкілі Салтанат Сыздықова қатысып, отбасы тәрбиесі мен кәсіби сабақтастықтың маңызын атап өтті.
Мазмұнды басқосу барысында отбасы тәрбиесі мен білім берудің өзара сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңірудің маңызы кеңінен айтылды.
Осындай тағылымды шаралар – отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Загрузка...
